Әріптес туралы әңгіме

“Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім” – дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Ұстаз – адам бағдарын жасаушы, әр шәкірттің жүрегіне нұрын себетін аяулы тұлға боп саналады. Сондай аяулы ұстаздардың бірі – Сейдахметова Гүлжазира Иманғазықызы. Ол «Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Щучинск қаласының № 2 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ биология пәнінің мұғалімі,  25 жылғы еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші.

Білім-ғылым қуған жастарға үйретуден шаршамайтын, ол үшін алтын уақытын аямайтын, шәкірттерінің әрбір жетістігіне марқайып отыратын ұстаз өзі де талмай еңбек етіп, шәкірттерінен де соны талап етеді. Педагог әр сабақта оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытады, табиғатты сезінуге және сүюге үйретеді. Жүздеген оқушыларға сапалы білім беру үшін қанша махаббат, күш, мейірімділік және қажырлы еңбек қажет болды.

Мұғалімнің негізгі міндеті – әр оқушыға сәттілік жағдайын жасау арқылы, оқушылардың өзін-өзі ашуға көмектесу. «Мен үшін оқушыларымның сабақта сұрақтарға қорықпай жауап беретіндігі және өз сұрақтарын қоя білетіндігі маңызды» – дейді Гүлжазира Иманғазықызы. Оның оқушылары жобалық және зерттеу жұмыстарымен айналысып, аудандық, облыстық олимпиадалар мен конкурстарда жүлделі орындарға ие болуда.

Біздің әріптесіміздің жоғары кәсібилігі, оның талапшылдығы мен табандылығы, қойылған мақсаттарға қол жеткізу қабілеті әрқашан жас педагогтерге үлгі болып келді. Облыстың әр түрлі мектептерінен келген биология пәнінің мұғалімдері өздерінің әріптестері өткізген семинарлар мен шеберлік сағаттарға қатысып, оның қызықты және мазмұнды ұйымдастырылған сабақтарын әрдайым айтып отырады. Гүлжазира Иманғазықызы оқытқан түлектер сүйікті мұғалімдері жайлы ерекше жылулықпен және қуанышпен еске алады.

Ал, мұғалім жеткен жетістіктерінде тоқтап қалмай, одан әрі даму үстінде. Гүлжазира Иманғазықызы өзінің педагогикалық тәжірибесін республика деңгейінде қорытып, авторлық жұмысының жоғары практикалық маңыздылығы жөнінде тамаша пікірлер алды. Гүлжазира Иманғазықызы әрдайым оқушылармен, ата-аналармен және әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста. Оның сабырлылығы, ақыл-ойы оқушылар мен әріптестер арасында зор құрметке ие.

Гүлжазира Иманғазықызы шығармашылық ойларға, қызықты идеяларға толы және өз ісіне, шәкірттеріне деген махаббаты шексіз.  Ол педагогикалық және әдістемелік шеберлікті жақсы меңгерген, балалардың психологиясын түсінетін тамаша мұғалім. Құрметті әріптес! Сізге кәсібилігіңіз, белсенді өмірлік ұстанымыңыз, даналығыңыз, мейірімділігіңіз, шыдамдылығыңыз үшін алғысымды білдіремін. Сізге сүйікті мұғалім, тәлімгер, бақытты әйел болып қалуды, белсенді өмірлік ұстанымды сақтауды және ілгеріге шығармашылықпен қадам жасауды тілеймін.

Слушаш Тельмайевна КОЖАХМЕТОВА, 
Ақмола облысы білім басқармасының облыстық
оқу-кабинетінің бөлім басшысы, Көкшетау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий