Ұлт ұстазын ұлықтайды ұрпағы

Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман, қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының  ұлы ақыны, түркітанушы, публицист, әдебиет зерттеуші және қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы ғалым, аудармашы, Алаш Орда үкіметінің мүшесі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өскелең ұрпаққа ұшан-теңіз мұра қалдырған тұлға. 

Ұлтымыздың ұлы ұстазы, қоғам қайраткері, қазақ елінің рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы­ның туғанына биыл 150 жыл толуына орай еліміздің түпкір- түпкірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Aхмет Байтұрсынұлының есімі барша қауымға таныс болғанымен, оның өмірі, ағартушылық жолы туралы кей деректерде  болмауы мүмкін.

Ақмола облысы білім басқармасының облыстық оқу-әдістемелік кабинетімен қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту, ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Дәуірдің жарық жұлдызы» облыстық эссе байқауы ұйымдастырылды.

Аталған байқау арқылы ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік туды. Байқауға аудандық және қалалық білім бөлімдерінен 15 жұмыс ұсынылды және қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған мұғалімдер  анықталды. Жүлделі орындарға ие болған мұғалімдер – Жақсы ауданы бойынша білім бөлімі Кировское ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Молдыбаева Гүлмира Сайлауқызы, Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Зелёный бор ауылының мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Акатова Айжан Аманжолқызы, Біржан сал ауданы бойынша білім бөлімі Мамай ауылының негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хойчбай Ермұрат өз жұмыстарында Ахмет Байтұрсынұлын – біртуар ұлы тұлға ғана емес, сонымен қатар кемел ойшыл ғалым, кенен дарынды жазушы, терең білімді тарихшы, түркітанушы, ұлтын ойлаған ұлы алыптардың ұлысы екенін атап өтті.

Себебі Ахмет қалдырған мұралар бүгінгі күнгі еліміздің рухани құндылығын қалыптастыруда. Қазақ халқының басына күн туған кезеңде ақын өз өмірін қазақтың ұлттық мүддесін қорғауға арнады. Қара халықты қанап, қанын масадай сорған патша үкіметінің озбырлығын шығармасында әшкерелеп, өз басын қатерге тікті. Тіпті Ресей өкіметі тарапынан қудаланып, тақыр, құнарсыз жерге жер аударылды. Ұлтының намысын қорғаймын деп жазықтан-жазықсыз айыпталып, жапан далада ату жазасына кесілді.

Оның: «Менің мақсат-мұратым – қазақ халқының материалдық жағдайын жақсарту, мүмкін болғанынша мәдениетін көтеру. Мен осы мақсатты қамтамасыз ететін үкіметті қолдауға әрқашан әзірмін», – деген отты сөзі талай қазаққа  үміт отын лаулатты. Ахмет Байтұрсынұлы туған халқының тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңде  бар ғұмырын алапат арпалыспен өткерген ұлт ұстазының ауыр азабы бүгінгі таңда ешкімге жұмбақ емес. Талауға түскен тулақтай тоз-тоз болған жұртының қамы үшін Ахаң, шіркін, басын қайда апарып соқпады.

Алайда ол кезде еркін отырып, көсіле шауып халыққа қызмет ету қияметтің қияметі еді. Орыс патшалығы тұсында жер аударылып, бірнеше мәрте түрмеге қамалған Ахметтің қорлығы  Кеңес үкіметі орнаған заманда екі еселенбесе кеміген жоқ. Соған қарамастан айдауда жүріп те алаш жұртына мойымай қызмет етті. Ақыры Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына кетті. Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде: «Заманға, жағдайға қарап отыратын уақыт жоқ.

Иығыңдағы жүктен жетер жеріңе жетіп барып қана құтыласың. Оның басқа жолы жоқ. Бір адам болсын, бір әріптің шаруасы болсын, тірнектеп істей беруіміз керек»- деген екен. Ия, Ахметтің осындай тірнектеп істеген бір зор дүниесі ол «Қазақ» газетінің Орынбор қаласында басылып шығып тұруы еді. Бұл кезде қазақтың шын, тарихи  «қазақ» деген аты бұрмаланып, «қырғыз» дегенге телініп жүрген кезі ғой… Міне  осындай әділетсіздікке наразы  Ахмет аға «Түрік баласы» деп қол қойған автордың мақаласында «Қазақ- қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында ешбір ілік жоқ.

Түрікмен мен башқұрт қандай басқа болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа – басқа ел»- деп тайға таңба басқандай, қазақтың өз алдына дербес жұрт екені айқын да ашық айтады. Осылай қозғалған қоғамдық пікір үдей түсіп, Қызылорда қаласында  өткен Кеңестер  съезінде А. Байтұрсынұлы халқымызға өзінің қазақ деген атын қайтару жөнінде ұсыныс енгізді және бұл ұсыныс бір ауыздан қабылданды. Бұл кез келгеннің қолынан келмейтін үлкен ерлік.  

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдыз. Ол бойындағы барлық білімін, өнерін халқына арнаған және халқы үшін  құрбан болған алып тұлға! Қазақ халқының «сүт бетіндегі қаймағы» – Ахаң мен Әлихан, Міржақып үшеулеп аумалы-төкпелі заманда қазаққа пайдалы ақыл-кеңес айтып, қоғамды дұрыс жолға бағыттауға тырысты. Олардың өз заманындағы еркіндік, елдік жолындағы күресі – бодандық бұғауын бұзуға ұмтылған,  азаттықтың ақ таңын аңсаған асыл жүректердің соғысы!

Сол тұста шыққан «Қазақ» газетінде де Ахаңның үлесі бар. Ұлттың ұлы ғалымы Ахметті  қазақтың тілі мен әдебиеті ғылымының атасы десек артық емес. Қазақ тілінің қыры мен сырын ұқтырып, әдебиет теориясының  да «жілігін шаққан» Ахаң емес деп кім айта алады?! Тіл мен әдебиет ғылымының  Ахаң салған дара жолы бұл күнде  сай-салалы сара жолға айналды! Ыбырай Алтынсариннің ізімен ерген Ахмет жазған «Әліпбимен»  оқып хат таныған қазақ баласының қатарынан талай ғалым мен ғұлама өніп-өсуде. Өзінің қасиетті көкірегінен туған жырларымен қоса, орыс халқының классиктерінен аударған аударма мысалдарының тілі жеңіл, мағынасы терең!

Әр мысалын оқып, «шынымен солай еді-ау» деген ойға батасыз. Қорыта айтқанда, Ұлы тұлғаның  ұрпақ үшін жасаған ұлы ісі, мол мұрасы қазақтың жүрегінің түкпіріне мәңгілікке орнап қала береді. Ұлт ұстазының  ақындығы, оқу – ағарту саласына қосқан ерен  еңбегі, аудармашылығы, ғылыми- зерттеу еңбектері  өз алдына теңдесі жоқ бір дүние, әлі күнге маңызы мен мәні жойылмаған мол қазына десек қателеспесіміз анық. Ахмет Байтұрсынұлы  халқының рухани көсемі, дәуірдің жарық жұлдызы боп мәңгі жарқырай  бермек!…

Жулдыз Жумабековна АБИЛКАИРОВА,
Ақмола облысы білім басқармасының

облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің  әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий