Заманауи педагог даярлау – басты міндет

Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық тәрбиесімен, рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты. Ұлттық кодтың өзегін сақтай отырып, болашаққа қадам басуымыз қажет. Білім – рухани жаңғырудың басты алғышарты. Өйткені, ой жүйесі терең, алыстан пайымдап, тереңнен тамырланған дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп береді деген ауқымды ұғымды білдіреді.

Ғасырға жуық тарихы бар заманауи  педагог маман даярлайтын Қазақстанның көне оқу орындарының бірі – бүгінгі күні мемлекеттік – жеке меншік серіктестік негізінде жұмыс істейтін Астана халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі өз бастауын 1928 жылдан алған. Тәуелсіздік алғаннан бергі ауқымды өзгерістер  кезеңі білім беру жүйесін жаңартып, оның құрылымын, мазмұнын жетілдіруге, мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке сапалы маман дайындауға ерекше талап қоюда.

Педагогикалық ұжым осы бағытта еліміздегі білім саласындағы жаңа бастамаларды, тың идеяларды  жүзеге асыруда аянбай еңбек етуде. Осы уақыт ішінде өзі ұшырған түлектерінің кәсіптік білім деңгейі мен шеберлігінің, шығармашылық қабілетінің нәтижесін көріп отырған педагогикалық ұжым мұның жарқын мысалы. «Ұлағат – ұстаздан» дейді халқымыз, ұрпақ тәрбиесінде ұстаздар қауымының атқарар қызметі де, қоғамдағы алатын орны да ерекше.

Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. Педагогикалық колледждің оқу-тәрбие жүйесі жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген жүйе ретінде қайта қаралып, түбегейлі жаңғыруда.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім, сондықтан да білім әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Болашақ маман болатын бүгінгі студенттің білімінің сапалы болуы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру  стандарты мен  оқу бағдарламаларының, оқу әдебиетінің, материалдық-техникалық базаның, педагог кадрлардың  кәсіби біліктілігі мен тәрбие берудің сапасына және ғылыми-зерттеу жұмыстарына тәуелді.

Атап айтқанда, колледжіміз «Бастауыш білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандықтары бойынша арнайы ресурстық орталықтар ашылып, студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруде сапалы қызмет атқаруда. Еңбек нарығының сұранысына жауап беру үшін оқу орны әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыс орнатқан. Бүгінгі таңда 162 студент алпыс бір білім беру мекемесінде дуалды оқыту жүйесімен мамандықты меңгеруде.

Сондай-ақ, студенттеріміз елордамыздағы  жалпы білім беретін 84 мектепте, қырық екі мектепке дейінгі ұйымда, «Нұр орда» халықаралық мектебінде және «Binom School» мектеп-лицейлерінде өндірістік тәжірибеден өтіп, өздерінің педагогикалық машықтарын шыңдауда. Динамика мен өзгерістерге толы бүгінгі күні әр педагогтің негізгі мақсаты – өз кәсіби деңгейін үнемі дамытып отыру.

Ал бұл жұмыстың ең тиімді, әрі қолжетімді түрі – сабақты зерттеу (Lesson Study) әдісі. Педагогтердің оқыту стилі мен әдістерін өзгерту үшін олардың санасында елеулі серпіліс қажет. Өз тәжірибеміз көрсеткендей, мұны барынша тиімді, әрі тез іске асыруға мүмкіндік беретін тәсілдердің ішінде Сабақты зерттеу (Lesson Study) ерекше орын алады. Оқытушының дайын білімді таратушы ретінде қалыптасқан бұрынғы сипаты өзгеріп, оның аудиториядағы оқыту тәжірибесіне, өз мамандығына шынайы беріліп қызмет етуіне оң ықпал ететін ойлау мен тұжырымдауды қалыптастыру жұмыстары – саны жыл сайын артып келе жатқан фокус топтар арқылы жүріп жатыр.

Олардың кәсіби әрекеттері «Бірлесу, ақылдасу, қолдау» ұғымдары  аясында жүзеге асырылады. Астана халықаралық университетіндегі педагогикалық колледж түлектерінің жаңа сипаты  рухы мықты, жаңалыққа жаны құмар, өз тәжірибесіне сүйене отырып, өзінің сабақ беру тәжірибесін зерделейтін «зерттеуші мұғалім» ретінде қалыптасады деген тұжырым жасауға болады. Қазақстандық мектептердегі заман талабына сай педагогтің жаңашыл сипаты осындай.

Біздің қол жеткізген нәтижелеріміз педагогикалық еңбектің табиғаты мен философиясын тереңірек ұғынуға, сондай-ақ оқытушылардың  кәсіби даму тәсілдерін игеруге ұмтылатынын айқындауда. 

Саттар ЖАНСЕРІК,
Астана халықаралық университетіндегі
педагогикалық колледж директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий