Өзін-өзі тану үрдісінде жеке тұлғаны креативті, шығармашылық қабілетін дамыту жолдары

«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр  ұялата алады»,-дейді ұлы педагог Ахмет Байтұрсынұлы. Егеменді еліміздің болашағы – жас жеткіншектердің білім дәрежесінің тереңдігімен өлшенеді. Қазіргі заманғы білім беру – әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Мемлекетті нығайту, көркейту үшін өмірге жаңаша көзқарастағы, білімді, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі туындады. Сондықтан, қандай халықтың даму стратегиясын алып қараса, онда өскелең жас ұрпақты елін сүйетін отаншыл, саналы, тәрбиелі етіп шығару – басты бағдарларының бірі.

Тәуелсіз мемлекетіміздің білім саласындағы көптеген  білім жаңалықтары мен білім беру реформаларын жүзеге асыруда жаңа үлгіде әлемдік білім беру жетістігіне жедел енуді мақсат етеміз.Білімді, бәсекелік қабілетті, шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру мақсатында білім берудің нақты жүйесі мен түрлі үлгілері енгізілген. Ақпараттандыру, жаһандану жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруде оқушыларды шығармашылық қабілетке, шығармашылық рефлексияға шығармашылық өзін-өзі дамытуға шығармашылық дербестікке, креативтілікке қойылып жатқан  талаптарға сәйкес келу мәселесі әлдеқашан алға қойылған.

Білім берудің негізгі міндеті: жеке тұлғаның дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыру жағдайын қамтамасыз ету. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, сол қоғамдағы жеке адамның  креативтілік потенциалына байланысты. Олай болса, егеменді еліміз Қазақстанда дарынды баланы дамыту мен анықтаудың қажеттілігі бар деген сөз. Осыған орай, қоғамның жаңа талап-тілектері мен әлеуметтік сұранысын қамтамасыз ету мақсатында креативтілік тұрғыда ойлаушы, тәуелсіз жеке тұлғаны дербес шешім қабылдауға бейімді етіп тәрбиелеу – бүгінгі күнде аса маңызды.

Өзін-өзі танудың білім беру процесі, ең алдымен жеке тұлғаға бағытталған мынадай міндеттерді орындайды: оқушылардың рухани-адамгершілік, интеллектуалдық-танымдық, психологиялық, шығармашылық, іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әрекетін, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін, эстетикалық, экологиялық, этикалық, дене мәдениетін тағы басқаларын қалыптастыру. Қазіргі кезеңдегі білімді адам, яғни өмірлік іс-әрекеттерге дайындалған адам – белсенді, шығармашылық ой санасы қалыптасқан, өзін-өзі дамытатын, интеллектуалдық тұрғыда өзін-өзі  жетілдіретін адамның қалыптасуы.

Ендеше, осы бағыттан алғанда да адам өзін тани отырып,  өзіндік танымды және жалпы өзін жан-жақты жетілдіруді іске асырады. Өзін-өзі танудың бір тармағы-жеке тұлғаның өздігінен дамуын тану, өзі туралы білім алуға бағытталған шығармашылық іс-әрекетін тану, сол тану нәтижесінде  жан-жақты жетілген, өзін үнемі дамытатын, креативті, шығармашыл жеке тұлға болып қалыптасу. «Шығармашылық қабілеттер» немесе креативтілік деген не? Латын тілінен аударғанда креативтілік «ойлап табу», «жасап шығару» дегенді білдіреді.

Шығармашылық ( “шығару”, “ойлап табу”) – жаңаны жасау процесі, креативтілік – адамның ішкі ресурсы, әлеуеті.  Краетивтілік ұғымы – адамның шапшаң, тез, нақты ойлау, жоғары қызығушылықтарға негізделген бай қиял және мәселені тез түсіну қабілетінен айқындалады. Креативтіліктің негізгі шартының бірі – адамның өзін-өзі ұстауы мен өзіне деген сенімділігі. Кревтивтілік – ойлау операцияларының сапасымен, шығармашылық кезеңдеріне қажетті білімді меңгеру деңгейімен ерекшеленеді.

Креативтілік – тұлғаның өзін-өзі дамытудағы маңызды фактор. Шығармашылық көзі – танымдық қызығушылық, интеллектуалдық қабілет,білім, саналы ойлау,тұлғалық мінездеме, мотив және қоршаған орта. Креативті оқыту технологиясы бойынша ізденушілік, зерттеушілік, эвристикалық әдістермен жұмыс жасалады, қиялдауға итермелейді, қысылмай өз ойын айтуға мүмкіндік береді. Аталған әдіс-тәсілдерді іс жүзінде іске асыру мақсатында бастауыш сыныптарда өзін-өзі тану сабағында және өзін-өзі тану пәнін кіріктіре отырып өткізілген әдебиет, математика, жаратылыстану тағы басқа да пәндер сабақтарында  «Болжау әдісі», «Аяқталмаған сөйлем», «Доп лақтыру жаттығуы», «Қабырғадағы роль»  әдісі тәрізді креативтік әдіс-тәсілдер қолдандым және бұл оқушылардың қызығушылығын туғызды.

Кіріктірілген тапсырмалар оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттырады. Есептердің шартарын ұғына отырып, оқушылар математика ғылымының күнделікті адам өмірімен қаншалықты тығыз байланыста екенін түсінеді. Қазіргі дәуір – білімділер дәуірі. Білім алға қарыштап, тек білімді адамның ғана жасампаздық еңбекке жете алатындығын, білім арқылы қарышты  асуларды бағындыруға болатындығына көз жеткен кезең деп санауға болады.

Соған орай қазіргі дәуір адамдарында білімді саналылықпен меңгеру, білімді қажет етуі нәтижесінде білім алуға, оқуға деген шығармашылық қызығушылықтарының дамуы, оның өзінің жеке тұлғалық дамуы деп түсіну қажет. Бұл – әр адамның өзін-өзі жасампаздықпен құра алуы, қоғамдық талаптар тұрғысынан өзіне сыни баға бере алуы, айналаны өзгертуге қатыса алуы. Білім арқылы адамның интеллектуалдық рухани күші артып, жеке тұлғасы қалыптасады.

Шығармашылық қызығушылық әлуметтік дамуы жаңашылдық қажеттілігін сезіну арқылы, оған деген өзінің сенімдерін қалыптастыру арқылы көрінеді де, өз білімін, танымын кеңейтуге негіз болады. Шығармашылық қызығушылық – тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруы мүмкіндігін таныта алуы. Бүгінгі Қазақстанға қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін белсенді, шығармашыл жеке тұлға қажет. 

Жеке тұлғаның шығармашылық қызығушылығы – бұл ішкі процесс, адамның орта әсеріне белгілі біржауап беру тәсілі, өзіндік қарама-қайшылықтар әсерінен және қоршаған ортаға, әлеуметтік қатынастардың өзінің қарым-қатынастарын есепке алу негізінде өзін саналы түрде жетілдіруге ұмтылысы. Шығармашылық қызығушылықтың жетекші функцияларына талаптанушылық, танымдық, реттеушілік, рефлексиялық, белсенді өзара қарым- қатынас тағы басқалары жатқызылады.

Олар өзін-өзі дамытудың бағыттылығы мен артуын тұлғалық компоненттердің деңгейін және олардың сабақтастығын айқындайды, адамға өзін жетілдіруге орай дербес әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мен өз тәжірибемде шығармашылық процестің үш сатысында жұмыстар жүргізіп отырдым. Бірінші сатысында шығармашылық ой талдауға, жаңаны, өзгеше тың дүниені сезе білуге, танымдық қызығушылықты арттыруға  арналған жұмыстар жүргіздім.

Мысалы: эссе жазу, ертегі, жұмбақ құрастыру, бір кейіпкердің сезімін, күз көрінісін, көктем иісін салу, тағы сол сияқты. Екінші сатысы- интуиция, шығармашылық қиял, әдемілікті сезіне білу, сөз ұшқырлығына байланысты тапсырмалар орындаттым: сұхбат алу, қойылымға қатысу, болған оқиғадан кейінгі болатын оқиғаны болжап жазу. Әңгіменің басын ойлап табу немесе соңын жалғастыру, ғажайып әңгімелер мен жағдаяттар ойлап табу тағы сол сияқты. Үшінші сатысы өзіндік сын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізу үшін дәлелдеме дәйектемелер ұсына білу, оның формаларын табуға байланысты тапсырмалар орындаттым.

Осы орайда шығармашылыққа баулудың, проблемаларды шешудің, ойлау процесінің жылдамдығын, бір бірімен байланыс орнатуын, өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыруды өз тәжірибемде қолданып жүрмін. Шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру – субъект – субъектілік бағдардың шығармашылық әрекетінің ерекше түрі, ол бір жағынан  «өзіндік процестердің өзін-өзі тану, өзін-өзі айқындау, өзін-өзі басқару, өзін-өзі таныту» қарқынын күшейту мен тиімділігін арттыруға, екінші жағынан педагог олардың шешімін табу барысында  субъектілік бағыт ұстанатындай, тұрақты түрде күрделеніп отыратын  проблемалық шығармашылық міндеттердегі қарама-қайшылықтарды шешуге бағытталады.

Шығармашылық тұлғаның сапалық қасиеттері. Білімі: қоршаған әлемді түсінуі, құбылыстардың мәнін білуге ұмтылуы, оқу, көру, есту, тану арқылы алған білімдер жүйесі. Креативтілік сапалары – ойлау белсенділігі, шығармашылық шабыт, қиял, болжай білу, ой тереңдігі, өзекті мәселені табу, шығармашылық қызығушылығы. Тұлғаның өзін-өзі шығармашылық бағытта ұйымдастыру сапалары – тапсырманың мақсаты мен мәнін түсіну, өз ісін ұйымдастыра алу, қайраттылық пен жігерлілік, ниет пен сенімнің болуы.

Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, «Өзін-өзі тану» сабақтарында оқушы шығармашылығын дамыту қажетті міндеттің бірі. Ол сабақтағы «шығармашылық жұмыс», «ойын», «жаттығу», «жағдаяттар кезінде ойлану», тағы басқа тәсілдер арқылы орындалады. Оқыту ойын әдісі ретінде екі түрде қарастырылады: дидактикалық және автодидактикалық ойындар. Бірінші жағдайда жүргізуші рөлі оқытушыда, өйткені, балалардың сабаққа қызығушылығын көтеру үшін әртүрлі ойын тәсілдерін қолданып, ойын жағдайын жасайды және жарыс элементтерін енгізеді.

Ойын әрекетінің әртүрлі компоненттерін сұрақтармен, нұсқаулармен, түсіндірулермен, көрсетулермен сәйкес қолданады. Дидактикалық ойындар балалардың креативтілік қабілеті мен қарапайым математикалық түсініктерді, ана тілін, қоршаған орта және айналамен таныстыру, сенсорлық мәдениетті дамытуды оқытуда қолданылады. Мұнда жетекші бір мезгілде оқытушы және қатысушы болып табылады. Ол үйретеді және оқытады, ал балалар ойнай отырып үйренеді.

Егер сабақта балалардың білімі кеңейіп тереңдетілетін болса, ал дидактикалық ойындарда  (ойын-сабақтарда, дидактикалық ойындардың өзінде) балаларға жұмбақ, сөйлемдер, сұрақтар түрінде ұсынылады. Бұл ойындар баланы жеке тұлға етіп жан-жақты тәрбиелеудің құралдары болып табылады. Дидактикалық ойындардың мазмұны балаларда қоғамдық өмір құбылыстарымен, қоршаған орта заттарымен дұрыс қарым-қатынасты қалыптастырады. Отан, әскер, мамандықтар, еңбек әрекеті туралы білімдерін жүйелейді және тереңдетеді.

Сабақ барысында оқушының шығармашылық іс-әрекет нәтижелері оның жеке тұлғасының қалыптасуына, танымдық бағдарының қалыптасуына, оқу-білімге деген саналы көзқарас пен өз өмірін, өмірлік жағдайларды шешудегі белсенділігінің артуына ықпал етеді.

«Шығармашылық жұмыс» тәсілдері арқылы: сабақ барысында ертегі, әңгіме құрау, өлең шығару, сөзжұмбақ құрастыру, өсиет әңгіме жазу, хат жолдау, құттықтау сөз арнау сынды тағы басқа да тапсырмалардың өзі оқушы шығармашылығын дамытуға және эвристикалық белсенділіктерін арттыруға негіз болады. Ал жоба құру, оны қорғау, жағдаяттар кезінде ойлану, өмірлік жағдаяттарды шеше білу, дұрыс шешім қабылдау, ішінара зерттеу жүргізу арқылы оқушыларда мәселені әр қырынан қарап, шешуге және оны шешудің түрлі нұсқаларын ұсына алу дағдылыры қалыптасады. 

«Өзін-өзі тану» сабақтарында шығармашылық жұмыстарды ұйымдастырып, жүргізудің маңызы: оқушылар шығармашылық іс-әрекетті құндылық тұрғысынан танитын болады; жаңалыққа деген қызығушылығы артады; өзекті мәселенің шешуін табуға құлшынысы пайда болады; шығармашылық істі өз қалауы бойынша орындап,талпыныс, құлшыныс артады; өз бетімен ізденушілік болады; теориялық білімді практикалық біліммен ұштастыру және оны жаңа өмір талабына сай қолдану құлшынысы пайда болады; рефлексиялық бағалау: шығармашылық іс-әрекетке талдау жасай білуі артады.

Және жауапкершілік сезім, өзара достастық, өз істеген ісіне баға беру, өз қабілетін таныту жүзеге асады; өзін әр қырынан танитын болады және өзін-өзі мақсатты, жүйелі түрде жетілдіру іске асады. Осы тұрғыдан алғанда «Өзін-өзі тану» сабағы – оқушының шығармашылығын оятуға, дамытып  арттыруға негіз болатын, ықпал ететін шығармашыл сабақ болуы тиіс. Әр мұғалім өз сабағында оқушы шығармашылығын дамыту арқылы ғана оның өзін-өзі әр қырынан тануына мүмкіндік жасайтынын есінде ұстауы шарт. Тек шығармашылық қана тұлғаның өзін-өзі дамытуы мен жетілдіруінің, сол арқылы өзін-өзі тануының басты шарттарының бірі.

Бекзат Киргизбаевна ЕСИМОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО оқу-сауықтыру
кешенінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий