Президенттің биылғы Жолдауы халықтың ойымен үндескендігімен де ерекше маңызға ие

Жұбанов университетінің басшылығы тұтас жиылып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын мұқият тыңдадық. Өйткені, бұл Жолдауда тұтас қазақ халқының үкілеген үміті мен қымбат сенімі бар. Бүгінгі Жолдау бәріміздің көңілімізге үлкен сенім ұялатты! Бүгін еліміз үшін бірнеше маңызды шешімдер қабылданды. Жыл басынан бері қазақстандықтар еліміздің жаңаруы мен жаңғыруын, жаңа серпін алуын қалаған еді. Міне, бүгін әр азаматтың ішіндегі ақ тілегінің ақтарылған күні болды.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы өңірлерді дамытудан бастап азаматтардың құқығын сақтауға дейінгі сан түрлі саланы қамтыды, сондай-ақ Жолдау еліміздің тарихи құндылықтары мен қазіргі заманның күрделі дәстүрлерін үндестіре отырып қабылданған шешімдерге толы болды. Кезекті жолдау – елімізді дамытудың демократиялық негіздерін ашық айқындап берген тарихи оқиға болды.
Бұл – Халықтың ойымен үндескен Жолдау болды. Бүгінгі Жолдаудың бір ерекшелігі бүкіл салаларды қамтыды. Тіпті өңірлерді, облыстар мен шағын қалаларды дамыту сияқты ел дамуындағы аса маңызды мәселелердің бәрі қозғалды. Президент бұл проблемаларға айрықша көңіл бөліп отыр. Елді дамытуға атсалысуына халықтың мүдделі екенін көрсетті. Әсіресе елдің тарихымен байланысқан атауларды үш облысқа беруі халықтың қолдауына ұласып отыр.
Бүкіл қазақстандықтар үшін Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының жаңадан ашылуы, Қапшағай қаласына болашақта Д.Қонаев есімінің берілуі өте қуанышты, халықтың көптен күткен, елдің еңсесін көтеретін, жаңа белестерге бастайтын бастамалар екені шындық. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде Жолдаудың арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейтінін, ауқымы кең, мазмұны да бөлек екендігін айтты. «Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деді Президент.
Мемлекет басшысының: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», дегені әр азаматтың ұлт дамуы жолына тамшыдай үлес қосуға шақырып отыр. Жоғарыда айтылған жаңалықтар биылғы Жолдаудағы қадау-қадау бастамалардың бір бөлігі ғана.
Алда атқарылатын шаруалардың одан да көп екендігін Президент ашық айтты. Айтылған сөздер бүкіл қазақстандықтың жүрегіне жылу сыйлап, көңілін қуанышқа бөлеп, төбесін көкке жеткізді деп ойлаймын. Ендеше, елдің ертеңіне алаңдаған ел Президентінің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап және оның орындалуында біз де бірлесе атсалысайық ! Жаңа Қазақстанға нық қадаммен аяқ басайық!
 
Мұханбетқалиев Есбол Есенбайұлы,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің Басқарма мүшесі,
Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары
жөніндегі проректор, философия
ғылымдарының кандидаты, доцент

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий