Жаңашылдыққа толы жолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кешегі  «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауы еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасына арналды. Президент биылғы қаңтар оқиғасына баға беріп, «Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық», дей келе жазықсыз қаза болғандардың отбасыларына тағы да көңіл айтты. 

Жолдауда он нақты мәселе айтылды, олар Президенттің өкілеттілігі, Парламент палаталарының және Мәслихаттардың рөлі, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, сайлауды ұйымдастыру үдерісіне жаңашылдықтар енгізу, сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғамдастық жүйесін күшейту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысты жою жөніндегі кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге арналды.

Елімізде әлеуметтік-экономикалық орын алған өзгерістер, демографиялық ахуалдың жақсаруы және халықтың талап-тілегіне жауап беру мақсатында Президент Семей аймағында Абай облысын, Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын, Алматы агломерациясына қатысты жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу және Алматы облыстарын құруды ұсынды. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек дей келе, Мемлекет басшысы «халықтың Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру ұсынысына қосыламын», – деді.

Бұл өзгерістер экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім екенін айта келе, «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз»,  – деді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың соңында «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда.

Сондықтан, баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін» деп, Қазақстан халқына сенім артты. Баршамыз игі іске жұмыла кірісуміз керек!

Мира БАЛТЫМОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің ғалым хатшысы
,
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты,
«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий