Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып


Ұстаз – ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының қарсаңында өткен шара – ақылмен түйсініп, талғам-танымымен танылатын асыл жандар, ардагер ұстаздарға арналды.


Бөрлі аудандық білім беру мекемелерінің кәсіподақ комитетінің қолдауымен, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары А.Ж.Көшкінбаевтың қатысуымен шәкірт үшін берерін аямаған, бойына жиған бар тәжірибесін мектеп өміріне арнаған ұлағатты ұғым иелері – қазіргі уақытта еңбек демалысындағы педагогтермен «Мерейлі жасқа толған ардагер ұстаздарымызбен Наурыздағы жүздесу» атты шара ұйымдастырылды.
Бөрлі ауданы мектептерінің ардагер ұстаздарына арнап аудан әкімінің орынбасары А.Көшкінбаев, білім беру бөлімінің басшысы А.Тржанова және Бөрлі ауданының ардагер ұстаздар кеңесінің төрайымы Р.К.Ахметова құттықтау сөзін сөйлеп, ардагерлерге арнайы дайындалған сыйлықтарды табыстады.


Кездесу барысында қонақтарымыз өздерінің ұстаздық еңбек жолдары туралы естелік әңгімелерін айтты. “Жас және орта буын мұғалімдер игілікті істеріңізді құрмет тұтып, жолдарыңызды жалғайды деп сенеміз” — деген сөзімен білім бөлімінің басшысы А.Тржанова кездесуді тәмамдап, қонақтарға гүл шоқтары табыс етілді.

Анаргүл КУШЕРБАЕВА,
Бөрлі ауданындағы білім беру
бөлімінің баспасөз хатшысы,
Батыс Қазақстан облысы