Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану ерекшеліктері, сабақтағы рефлексия
Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті.
Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – осы ұстаз берген білім. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісінде.
Ал жаңа формация мұғалімінің ең басты талабы оның адами-рухани құндылығы. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», – демекші ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Ал жас тұлғаға білім беріп, тәрбиелейтін, дамытатын, әрине – ұстаздар қауымы.
Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы Акмурзаева Карлыгаш Медербековна мен әдіскер Смагулова Алия Белгибаевнаның бастамаларымен аудандық гуманитарлық және эстетикалық бағыттағы педагог – зерттеушілердің арнайы тәжірибе алмасуын іске асыру мақсатында жоспар жасалынған. Осы жоспарға сәйкес мектеп директоры Ляззат Бекбосынқызының ұйымдастыруымен біздің білім ордасында «Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану ерекшеліктері, сабақтағы рефлексия» тақырыбында аудандық онлайн семинар өтті.
Семинарға аудан мектептерінен және өз мектебімізден 82 мұғалім қатысты. Педагог-зерттеушілердің ізденімпаздық қабілетін айқындайтын, семинар алты бағытта жұмыс жасады: “Қазақ тілі» тобы; «Тарих» тобы; «Орыс тілі» тобы; «Көркем еңбек»; «Музыка»; Пікірлер мен ұсыныстар. Өз тәжірибелерін ортаға салған педагог – зерттеуші ұстаздар: Байқожаева Т.М., Шүкірова Д.Б., Егеубаева Г.Ұ., Баймолданова А.Е., Макашева Б.Ж., Қожабекова М. А., Айнабекова С.Ш., Шакирова Т.Д., Айткалиева А.Қ., Курманова К.С., Исамбаева Ж. Д. семинарда «Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану ерекшеліктері, сабақтағы рефлексия» тақырыбындағы ойларымен бөлісті.
Әр педагог жаңа форматтағы жаңашыл мұғалім екендігін таныта білді. Әр істерінен ұйымдастырушы, бағыт беруші, сабаққа қойылған мақсат-міндеттер мен күтілетін нәтиженің орындалуын қадағалаушы екендіктері байқалды. Шеберлік сабағына қатысқан әріптестер берген кері байланыстарында әр ұстазда пәндік білім жүйесінің дұрыстығы бөліскен тәжірибелеріндегі іскерлігі мен дағдысынан, оқушыларды өмірге дағдыландыру құзырлығын айқындау бағытындағы әдіс-тәсілдерінен көрінгендігін атап өтті.
Себебі, мұғалім дұрыс бағыттай білгендіктен, оқушылар ізденіп, білімді өз бетімен меңгеріп, тақырыптың мақсатына өздері жете білуге ынталанатындығы байқалды. Шеберлік сабақты өткізудегі мақсат бойынша педагог – зерттеушілер рефлексияның маңызына ерекше тоқталды. Оқушы да, мұғалімде дұрыс рефлексия жасауға дағдыланса, онда өзінің ішкі дүниесін жан-жақты қарастырып, яғни өзін өзі зерттейді. Өзіне «сырт көзбен» қарап, сыни тұрғыда баға береді. Осыдан кейін ойлана отырып, өз әрекеттеріне өзгерістер енгізуге ұмтылып, кемшіліктерді болдырмаудың жолдарын қарастырады, дұрыс жоспарлауға тырысады.
Сондай – ақ, өзіне сыни сұрақтар қоюға дағдыланады, өз сынынан шынайы, адал шешім шығаруға тырысады. Сондықтан, оқушыларды әр сабақта рефлексия жасауға үйрету керек. Өйткені бала рефлексия жасап, өз әрекеттерін түсіндіріп, оларға талдау жасап, бағалай алса, онда оның берілген оқу әрекеттерін орындаумен қатар, өзінің дамуына көп әсер ете бастайды. Аталған ұстаздар өз пәндері бойынша сабақ барысында жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, өтілген сабақ барысы бойынша кері байланыс, рефлексия жасаудың жолдарын көрсете білді.
Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Жаңа ғасырдың ұстазы жан-жақты интелектуалы дамыған, тұла бойы әдістер қоймасы болуы шарт.
Айжан Есиркеповна ЕСЖАНОВА,
А. Қарсақбаев атындағы №41 жалпы
білім беретін мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Алматы қаласының Алатау ауданы