Кітапты кімдер оқиды?
Кітап оқу. Бұл туралы қаншама айтылып келеді. Кітаптың құдіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бала кезіңнен атаң мен әжеңнен естіген ертегілер мен аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, ұстаздардан үйренген Мұқағалидің поэзиясы мен Абайдың қара сөздері қазақты қазақ ететін осы ғой. Өмір бойы адамға тамаша ләззат беретін құдіретті күш – ол кітапта ғана бар. Балалық – адамның ең бір сүйікті шағы ғана емес, балалық шақ – болашақ өміріңнің бастауы. Айналаңдағы адамдарға, өзің өскен ортаның табиғаты мен халқының мәдениетіне, дәстүріне деген көзқарас туған еліңнің әдебиетін білуден басталады.

Қазақ бола тұрып Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы», Ілияс Есенберлиннің «Алтын ордасы», Әзілхан Нұршайықовтың «Маххабат, қызық мол жылдар», Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа» сияқты кітаптарды оқымау мүмкін бе? Әдебиеттің көмегімен рухани байлыққа, өнерге, білімге, мәдениетке жақындай түсеміз. Кітап оқу арқылы адамның сөздік қоры көбейіп, ойлау қабілеті артып, өз пікірін еркін жеткізіп, логикалық ойлауды дамыта алады.
Жақсы кітап адамның жан дүниесін байытады, есте сақтау қабілетін арттырады, баланы ақылды етеді. Кітаптар арқылы әлемді танып, өзімізді жұртқа, әлемге танытамыз. Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз. Кітап кімге керек? Кітап ең алдымен сусаған адамына, мұқтаж адамына, оқитын адамына керек. Кітап – табыс көзі емес, рухани игілік, ақыл-ой даналығы, мәдени қазына, шын мәніндегі білім бұлағы деп ұғатын, қадірін білетін ойлы, парасатты адамдарға керек.
Мектеп қабырғасынан бастап, ұстаздар мен ата-аналардың, кітапханашының көздейтін ортақ мүддесі –парасатты, жасампаз жаңа адамды тәрбиелеу. Ал кітапсыз – тәрбие тұл. Ендеше бұл – ең алдымен, жас буынды нені оқуға, қалай оқуға және не үшін оқуға тәрбиелеу деген сөз. Кітапты кімдер оқымайды? Мәдениеті төмен, армандай алмайтын, биік мақсат қоя алмайтын, ойлары саяз ішіп-жеу, киім кию, күнде той тойлаудан қолы босамайтын, материалдық деңгейден аса алмай жүрген адамдар.
Жалған өмірде өздерін құдайдан да артық санайтын, ақшам болса барлығын сатып аламын, бәрі маған бағынады деп олайтындар. Ақшаға әдемілікті, әсемдікті, ақылды, даналықты әдептілік пен мәдениетті сатып алуға болмайтынын біледі ме екен? Жарты әлемді жаулап алған Александр Македонский мәңгілік дүниеге атанарында: «Менің қолымды ашып көміңдер, артымда қалғандар менің о дүниеге ештеңе алып кетпегенімді көрсін», – деп өсиет айтқан екен, бірақ содан бері қаншама жылдар өтсе де адамзат тойымсыздығын қояр емес.
Бұл өмірде бәрінің өткінші екенін ұмытып кеткендей. Мәңгілік адамзаттың артында қалдырған өшпес мұрасы, мәдениеті, әдеби құндылығы. Кітап оқымайтындар мәңгілік туралы ойланбай, күнделікті күйбең өмірмен, әйтеуір күнім өтсе болды деп, өсек айтудан, біреуді күндеуден, біреуді жек көруден қолы босамайтын адамдар. Кейбіреулер менің кітап оқуға уақытым жоқ дейді, ештеңе істемейтін адамның ештеңеге уақыты болмайды. Уақытыңды дұрыс жоспарлай білу де өнер ғой. Мен кім болам? Мен қалай өмір сүрем? Артымда қандай із қалдырамын? Таңдау өз еркімізде.
Айткүл Қалиқызы ЕСЕНТАЕВА,
Жамбыл атындағы №5 мектеп
гимназияның кітапхана меңгерушісі,
Жамбыл облысының Тараз қаласы