Оқып, жеңіске жеткендер…
Кітап туралы сөз қозғағанда біреулер ермек үшін оқыса, біреулер адам өміріңдегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы барын түсінеді. Сондықтан кітап құмарлық адамзаттың баға жетпес құндылығы. Кітап оқымай өмірдің мәнін терең түсіну, білім алу мүмкін емес шығар. «Мәдениеттің мәйегі – кітап», – деген екен қазақтың қайсар қаламгері Шерхан Мұртаза.
Бүгінгі таңда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда елімізде басталған «|Оқуға құштар-мектеп» жобасы біздің білім ордасында да қызу қолға алынды. Кітапханамыз «Абай» атындағы электронды мобилді кітапхана деп аталып, қолжетімсіз кітаптардың тізімі QR-кодпен жасалынған арнаулы стендте ілінді. Бір ғажабы кітапханамызда «Коворкинг» деп аталатын кітап оқу – ойын алаңы да ашылып, ішінде демалып қазақ киноларын көруге де мүмкіндіктері жасалды.
Кітапхана меңгерушісі Аманжолова Гүлнәр Шакизақызы мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арай Байысханқызының жетекшілігімен жуырда «Оқы да, жеңіске жет!» тақырыбындағы сайыс ұйымдастырылды. «Оқуға құштар мектеп» жобасын дамытуда оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруды дамытуға,оқушыларды ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, туған жеріне, еліне деген патриоттық сезімін ояту мақсатындағы бұл мәдени шараның шарттары бар болатын
Бастауыш сыныптарда Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері мен ертегі оқудан, орта буында балалар жазушысы атанған Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» кітабынан, жоғары сыныпта Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы және ұстаздар арасында Оралхан Бөкейдің «Атаукере» романы бойынша кітаптарын оқу берілді. Бірінші орынмен биология пәнінің мұғалімі Несібелі Маратқызы марапатталса, екінші орынды Морбекова Бақытгүл Әміртайқызы (орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі) иеленген болатын.
Үшінші орынның жүлдесі Боранбаева Әсел Сайынқызы (математика пәні мұғалімі) мен Рамазанова Назерке Рамазанқызы (қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі) табысталып, үздіктерге арнаулы диплом мен ақшалай сыйлықтар берілді.
Мәдина САЙЛАУБАЕВА,
Қайым Мұхамедханов атындағы
№90 гимназияның 9 сынып оқушысы,
Нұр-Сұлтан қаласы