Олқылықтардың орнын толтырып, кемшіліктерді түзету үшін ашық пікірталас алаңының пайдасы зор

Наурыз айының 15-і күні елордасындағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында еліміздің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы» тақырыбындағы съезд ұйымдастырылып, бұл басқосуға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ қатысқан еді. 

Алқалы жиынның басты мақсаты – білікті кадрлардың басын қоса отырып, бастауыш білім беру мазмұнын және оқытудың өзекті мәселелерін талқылау, білім беру сапасын арттырудың жолдарын айқындауды көздейді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері,  білім басқармаларының жауапты мамандары, білім беру ұйымдарының әдіскерлері мен педагогтері, жоғары оқу орындарының, педагогикалық колледждердің оқытушылары, біліктілікті арттыру институттарының мамандары осы шараған шақырылып, пайымды пікірлері мен ойларын ортаға салды.

Съезд жұмысы негізінен (секция жұмыстары, фасилитация және пленарлық отырысы) үш бөлімді құрады. Панельдік секциялар жұмысы келесі тақырыптар бойынша ұйымдастырылды: бастауыш білім беру мазмұнын жетілдіру; бастауыш  білім берудің әдістемелік жүйесі: білім алушылардың оқу жетістігін бағалау; бастауыш сынып мұғалімдерінің әлеуетін арттыру. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сайра Нағашыбайқызы Жиенбаева.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті. филология ғылымдарының кандидаты, Гульжан Зейновна Шашкина; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті филология ғылымдарының кандидаты Сауле Бекмухамедовна Бектемирова; Павлодар қаласындағы Б.Ахметов атындағы Жоғары педагогикалық колледжінің бастауыш оқыту пәндерінің оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі Гүлмира Айтжановна Мешітбаева.

Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Салтанат Куатовна Абильдина; Білім беруді жаңғырту орталығы басшысының орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Сындар Мұратқызы Дауешева; Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті «Әлеуметтік және жалпы ерекшелік педагогикасы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор   Айсулу Алкешовна Шаяхметова осы секциялар құрамындағы педагогтардың ұсыныстарын тыңдап, ортақ шешім қабылдануын ұтымды үйлестіре білді.

«Бастауыш білім беру мазмұнын жетілдіру» секциясына қытысу құрметіне ие болған мен “Бастауыш сыныптағы «Математика» пәнінің оқу бағдарламасының мазмұны мен көлемі” тақырыбында баяндама жасап, бастауыш математика бағдарламасы мен оқулықтарында сақталған мәселелер туралы талдадым. Жалпы айтқанда бұл басқосуда бастауыш мұғалімдерінің көңілінде жүрген біраз мәселелер қозғалды.

Ұлағатты ұстаздардың пікірін тыңдап, ой-пікірімізді ортаға салу үшін жағдай жасаған Білім және ғылым министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына үлкен рахмет. Қазіргі кезде бізге көпшіліктің үнін ескеретін ашық қоғам керек. Бірнеше жылға бағытталған білім бағдарламаларын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік бермей жедел түрде асығыс қабылдануы сынға жиі ұшырайтыны мәлім.

Сондықтан бұрын орын алған олқылықтардың орнын толтырып, кемшіліктерді түзету үшін және жаңа заман талабына сай басым бағыттарды қайта қарау арқылы жаңаша жетілдіру аясында бұл ашық алаңның пайдасы көп және белгілі бір уақыттың қажеттілігін де жақсы түсінеміз. Бұл ретте республикамыздың он облысында 18 бөлімше ашып, отыз мыңнан астем білімгерді қарымы мен қабілетін жетілдіру арқылы талай отандық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ретінде тәрбиелеген жеке меншік оқу орындары арасында көш бастаған біздің ұйымшыл ұжымның да айтар аз емес әрине.

Мәуіт РЫСБЕК,
«Zerdeli» ақыл-ой дамыту орталығының
жетекшісі, математика пәні бойынша
мұғалім және математика ғылымдарының
магистрі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий