Жаңашыл ұстаз, ізденімпаз тәрбиеші туралы бір үзік сыр

Жаңа заманға лайық жаңа білім, жаңа тәрбие беру – өмір талабы. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен тығыз байланысты, мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отырғандықтан тәрбиешілерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бала – біздің болашағымыз. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі.

Ол – үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Ал тәрбиеші жаңа заман баласын қалыптастырып,  дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіндіктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызады. Жас та болса, жанып тұрған шығармашыл тәрбиешілердің бірі – менің әріптесім, Лаура  Меңдібаева біздің мектепке дейінгі тәрбие орталығында қызметі атқарғанына биыл сегіз жыл.

«Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдылық құзыреттілігін экологиялық тәрбие арқылы қалыптастыру» тақырыбын тереңдете зерттеген ол облыстық «Бәрін білгім келеді» интеллектуалдық дамыту зертханасы бағытындағы  «Жас ғалымдар» эксперименттік алаңында жұмыс жүргізуде. Лаура Болатқызы – жаңашыл, қабілетті, ізденімпаз педагог. Өзінің мақсаттылығымен, еңбек сүйгіштігімен, балаларға деген сүйіспеншілігінің арқасында жақсы деген нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Ұйымдастыру қабілеті жоғары, әр істің қыр-сырын таба білетін тәрбиеші. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, тәрбиеші педагогтар арасында кеңес, семинар өткізеді. Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеп оқытуда ашық ұйымдастырылған оқу қызметтері мен түрлі шаралары үлкен ізденіспен, әзірлікпен, қазіргі заманға сай технологияларды пайдаланып, баланың жүрегіне әсер ететіндей етіп өткізіледі.

Ол өз іс-әрекеттерінің нәтижелерін тек талдап қана қоймай, алғыр ойларымен бөлісіп, өз шығармашылық деңгейін жүйелі түрде толықтыру үшін кәсіби, шығармашылық байқауларға белсене қатысып отырады. Оның ғылыми-әдістемелік материалдар жариялымдары республикалық, облыстық баспа беттеріне шығып тұрады. Сонымен қатар, аудан көлемінде педагогтерге арналған «Балаларды математикалық дидактикалық ойындар арқылы дамыту» атты әдістемелік жинағы таратылды.

2020 жылы облыстық аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2022 жылы мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне «Қашықтан ұйымдастырылатын ойындар барысындағы 4К моделінің тиімділігі» тақырыбындағы онлайн семинарда тәжірибе бөлісіп, сертификат иеленді. Сондай-ақ, 2021 жылы «Оқу жоспарының вариативтік бөлігіне арналған үздік авторлық бағдарлама» атты аудандық байқауына қатысып, «Авторлық зерттеу бағдарламасы» аталымы бойынша дипломмен марапатталды.

Биыл аудандық бөбекжай тәрбиешілері арасында ұйымдастырылған «Бала бағбаны» байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленді. Жалпы әрбір адам тәрбиеші болу үшін – өзі тәрбие көрген, сол тәрбиені өзі ұғынғаны жөн. Ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген кейіпкеріміз әріптестерінің арасында зор құрметке ие. Жаңашыл, шығармашыл, ізденімпаз жанның әлі де талай жетістіктерге жететіні сөзсіз.

Сания Шалабаевна АМАНШИЕВА,
№8 «Өркен» бөбекжайының әдіскері,
Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі
ауданының 
Ақсай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий