А. Байтұрсынұлы – 150: Ұлт ұстазының жолымен

Биыл – Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, әдебиеттанушы ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Саналы ғұмырын ағарту саласына сарп еткен ұлы тұлғаның қазіргі білім беру жүйесінің қалыптасып дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Мұны білім беру саласының мамандары ғана емес, еңкейген қарттан мектеп табалдырығын енді аттаған оқушы балаға дейін біледі.

Ұлт ұстазының есімін ұлықтау – қашанда ізгілікті іс екені сөзсіз. Мұны жас ұрпақ та жақсы түсінетіні қуантпай қоймайды. Ахмет Байтұрсынұлын ұлықтаудың жақсы үлгісін Семейлік жастар көрсетуде. Ұлт ұстазының мерейтойы қарсаңында, Семей қаласында, Алаш қозғалысының лидері, мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан есімімен аталған университет қабырғасында «Ұлт ұстазының жолымен» атты Республикалық жастар форумы өтті. Форумды Университеттің өзін өзі басқару ұйымының белсенді жастары ұйымдастырды.

Шараның мақсаты – білім мен ғылым салаларындағы жобаларды, кәсіпкерлік, әлеуметтік және азаматтық бастамаларды жүзеге асырушы, прогрессивті жастарының басын біріктіру, жастар жобаларын алға жылжытудың жолдарын талқылау, жастарға диалог алаңын ұсыну. Форумға Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан, Тараз, Өскемен, Семей қалаларынан келген жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарының студенттері – өзін өзі басқару ұйымдарының жетекшілері, пікірсайысшылар және жастар бірлестіктерінің белсенді мүшелері қатысты.

Форум жұмысына жалпы саны 150 делегат ат салысты.  Республикалық іс-шара университет ректоры, профессор, саяси ғылымдар докторы Шырын Кұрманбаеваның құттықтау сөзімен басталып, «Everest CUP» республикалық пікірсайысшылар турнирінің ойындарымен, түрлі бағыттағы оқыту тренингтерімен және пікір алмасу алқаларыман жалғасын тапты. Форум делегаттары жастардың білім мен ғылым салаларындағы ізденістері, кәсіпкерлік бастамалары, азаматтық және әлеуметтік жобалары туралы диалог алаңдарында бас қосып, қызу талқылаулар жүргізді.

Форумға спикер ретінде шақырылған мамандар жиынға жиналған жастарға «Әлеуметтік жобалау», «Мобилиография», «Тайм-менеджмент»,  «Стартап бастау» сынды тақырыптарда оқыту тренингтерін жүргізсе, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған пікірсайысшылар екі күн бойы дебат ойындарының көркін қыздырды. Пікірсайыс ойындары британдық парламенттік дебат форматында ұйымдастырылды. Білімді жастар бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын талқылап, өз ойлары мен тұщымды пікірлерін ортаға салды.

Турнир қарарлары келесі тақырыптарды қамтыды: Қазақстан азаматтарының саяси белсенділігі мен қоғамдық жауапкершілігі; еліміздің сыртқы саясаты және батыс елдерімен қарым-қатынасы; Еуразия аумағындағы геосаяси ахуал; букмекерлік кеңселердің зияны мен жастарға әсері, әлеуметтік әлсіз топтар мен отбасыларды қолдау тәсілдері, спортшылар мен жас таланттарды дайындау методикалары, эоғары білім беру саласын дамыту жолдары, Мамандық алу не кәсіп игеру – заман талабы мен уақыт еншісі, және тағы да басқа өзекті тақырыптар талқыланды.

Финалдық раунд қарары үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен міндеттеріне арналды. Финалдық кездесуге жолдама алған жастар қорытынды қарарды талқылау кезінде өздерінің оқ бойы үздік шыққандарын толық дәлелдей білді. Сондай-ақ турнирдің үздік спикерін анықтау мақсатында Линкольн-Дуглас форматында жекелей спикерлік ойындар да өткізілді. Формат ерекшелігіне сәйкес, пікірсайыстар кезінде құндылықты қарарлар талқыланды. Финалдық ойында Ақтөбе мен елордамыз Нұр-Сұлтан қалаларының пікірсайысшылары бақ сынасты.

Ойын көркін кіргізген финалистер Әлихан Бөкейхан айтқан өмірлік нақыл – «Ұлтқа қызмет ету, білімнен емес мінезден» екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Республикалық пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Оратор» дебат клубының «501 легион» фракциясының ойыншылары Шыңғыс Теңсізбек пен Аслан Төрехан  жеңіске жетіп, 250 мың теңге көлеміндегі жүлдені иеленді.

Екінші орынды және 150 мың теңге көлеміндегі жүлдені Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің «Парасат» дебат клубының мүшелері – Дәулет Нүркен және Айдана Жарылқасын иеленсе, үшінші орын және 100 мың теңге көлеміндегі жүлде Сәкен Сейфулин атындағы Аграрлық университеттің «Аманат» дебат клубының «Әлихан Бөкейхан» фракциясы мүшелері Лаура Жолдасбек пен Нұрбибі Қабдылға бұйырды.

«Үздік талпыныс» номинациясын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «The Rumbling» фракциясың мүшелері Қырықбай Ғалымжан мен Таңатқызы Шуақ иеленді. «Үздік Спикер» номинациясында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Дәулет Нүркен марапатталды. «Үздік төреші» номинациясын Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің «Парасат» дебат клубының ойыншысы Балабек Аяулым  иеленді.

Форум жұмысынан тыс уақытта, Қазақстанның түкпір түкпірінен келген жастар Семей қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, тағылымы мол рухани құндылықтармен сусындады. Қорытынды кеште университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов қатысушы қонақтарға алғысын білдіріп, пікірсайыс турнирінің жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды табыстады.

Форумның жабылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласып, дарынды жастар өз өнерлерін ортаға салды. Шара соңында, форумға жиналған жастар – өз кезінде Ахмет Байтұрсынұлы көрсеткен сара жол – білім жолы қашанда да өзекті екенін, білім мен ғылым – бүгінгі ел жастарын жетістікке жетелейтін жалғыз әлеуметтік лифт деген пікірді форум қорытындысы ретінде түйіндеді.

“Alikhan Bokeikhan University” медиа қызметі,
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий