Баланың мектепке психологиялық дайындығы туралы

Атақты балалар психологы Леонид Абрамович Венгер:  «Мектепке дайын болу-бұл оқу, жазу және санауды білу дегенді ғана білдірмейді. Мектепке дайын болу-осының  бәрін білуге дайын болу», – деген екен. Баланың мектепке дайындығы дегеніміз- бұл кешенді, көп жақты және бала өмірінің түгел аумағын қамтитын үрдіс.  Мектепте оқуға психологиялық дайындық- оқыту үрдісі барысында сыныптасымен, мұғаліммен қарым-қатынас жасап, оқу бағдарламасын меңгеру үшін психологиялық қажетті деңгей.

Мектепке психологиялық дайындық-бұл бүкіл мектепке дейінгі өмір. Сондықтан да, мектепке баланы жүйелі түрде дайындай отырып сіз болашақ бірінші сынып оқушысына тыныш және қуанышты  жаңа әлемге кіруге көмектесе аласыз. Мектепке психологиялық дайындық балаларда өздігінен емес, біртіндеп қалыптасады : ойын арқылы, еңбек арқылы, достарымен қарым-қатынас арқылы, тікелей білім беру арқылы.

Баланың мектепке психологиялық дайындығының төмендегідей ең маңызды үш сипаттамасы бар: оқуға деген ықылас; өз мінез-құлқын басқару қабілеті; өзінің интеллектуалды процестерін басқару мүмкіндігі. Баланы мектепке жақсы  дайындау және мектепте оңай бейімделу факторлары: физикалық денсаулық. Дамыған интеллект. Сыныптастарымен және ересектермен қарым-қатынас жасай білу. Берілген тапсырманы, жұмысты жүйелі жасау қабілеті. Санау және оқу мүмкіндігі. Ұқыптылық және тәртіптілік.

Жақсы есте сақтау және назар аудару. Бастама, ерік-жігер және өз бетінше әрекет ету қабілеті. Мектепке психологиялық дайындықтың құрылымы келесідей: физиологиялық; зияткерлік; әлеуметтік; эмоционалды. Физиологиялық  дайындық -күн тәртібін қатаң сақтау, денсаулық жағдайының қалыпты дамуы тағы басқа. Зияткерлік дайындық -зейін қоюға қабілеттілік, логикалық байланыстар құра білу, есте сақтау қабілетін дамыту, ұсақ қол  моторикасы, білуге, жаңалыққа құштарлық және тағы да басқа.

Мектепке зияткерлік дайындық балада белгілі бір дағдыларды қалыптастыруды да қамтиды. Мысалы, оқу тапсырмасын бөлектеу мүмкіндігі. Бұл баладан заттардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарының себептерін, олардың жаңа қасиеттерін таңдануды және іздеуді талап етеді. Әлеуметтік дайындық-басқа  балалармен,  мұғаліммен  қарым – қатынас  жасай  алатын  сапалардың  болуы, мінездің  жаңа  сапалық  деңгейге  көтерілуі, әрекетке  іштей  талдау  жасау. 

Эмоционалды дайындық – оқуға ынталандыру, зейін қою қабілеті, эмоцияларды басқару, қызығушылығының  қалыптасуына қарай  өзінің  мінез – құлқын, танымдық  іс-әрекетін басқара  алуы, оқуға  деген  құлшынысының  пайда  болуы  және эмоциялық  жай – күйінің   көтеріңкі деңгейде болуы. Зейін, ес, ойлау, қиял, ұсақ қол моторикасын  дамытумен қатар, баланың бойында  әлеуметтік дағдыны қалыптастыру да  маңызды 

Мектеп – бұл ең алдымен әлеуметтену жүйесі. Және ол арнайы тәртіптік  жүйеге негізделген.  Сабақ-өзіндік ережелері мен заңдылықтары бар оқытуды ұйымдастыру формасының бір түрі. Тіпті ең мейірімді оқу ортасында бала «болмайды» деген сөзді білмесе, сәтті оқи алмайды. Ол басқалардың шектеулерін қабылдай білуі керек және өзін шектей білуі керек. Егер ол жақсы оқыса, бірақ  аяқ киімінің бауын байлай алмайтын, портфельді  дұрыс жинай алмайтын болса, ол да мектепке үйренуін қиындатады.

Мектепке дайын болу үшін баламен қандай жұмыс  істеу керек? Ең алдымен, оның денсаулығына қамқорлық жасау керек. Жүзу, серуендеу, велосипед-бұл болашақ мектеп өміріне сәтті кіруге ықпал ететін іс-шаралар. Баланың ерікті қасиеттерін дамыту маңызды. Ол үшін балаға кез-келген бастаған істі аяғына дейін аяқтауды үйрету керек. Дамудың ең маңызды тәсілі (сөйлеуге, зейін аударуға, қарым – қатынасқа, есте сақтауға, қиялға және тағы басқаларға қатысты) – балаға кітап оқу. Балаларға күніне кемінде жарты сағат ертегілерді оқу (немесе айту) керек.

Пайдалы сабақтар жүргізу керек. Олар бала қиялын, өзіндік тапқырлық: сурет салу, мүсіндеу, құрастыру сияқты дағдыларын қалыптастыруға уқпал етеді. Ата-аналарға баланың дайындық деңгейін өз бетінше анықтауға көмектесетін  критерийлерге тоқтала кетейін. Төмендегі әр критерийдің сұрақтарына жауап бере отырып балаңыздың  мектепке қаншалықты дайын екенін  анықтауыңызға болады. Танымның дамуын бағалау: Балада негізгі түсініктері бар ма: оң-сол, үлкен-кіші және тағы басқа?

Бала жіктеудің қарапайым принциптерін түсінуге қабілетті ме, мысалы: Бала жадында ұстап, кем дегенде үш нұсқауды орындай ала ма? Бала алфавиттің көптеген әріптерін атай ала ма? Бала тілінің дамуын бағалау. Бала айналасындағы негізгі заттарды атай және белгілей ала ма? Балаға ересектердің сұрақтарына жауап беру оңай ма? Бала әртүрлі заттардың не үшін қызмет ететінін түсіндіре ала ма: шаңсорғыш, тоңазытқыш, үстел және тағы басқа?

Бала қандай да бір заттардың қайда орналасқанын түсіндіре ала ма: үстелде, орындықта, еденде, қабырғада және тағы басқа? Бала  белгілі бір оқиғаны әңгімелеп айта ала ма? Бала сөздерді анық айта ма? Бала жалпы әңгімеге қатыса ала ма, қандай да бір рөлді ойнай ала ма? Эмоционалды даму деңгейін бағалау: Бала көбінесе көңілді  жүреді ме? (үйде және достарының арасында). Балада көп нәрсені істей алатын адам ретінде өзіндік бейнесі қалыптасты ма? Бала өз бетінше жұмыс істей алады ма, басқа балалармен тапсырмаларды орындауда бәсекелесе алады ма?

Қарым-қатынас жасай білуін бағалау: Балаңыз басқа балалардың ойынына қосылып, олармен  жақсы араласып кете ме? Балалармен ойнау барысында ұйымшыл ма? Достарына жиі ренжиді ме? Өзге адамдарды бөлмей тыңдай алады ма? Физикалық дамуды бағалау.: Бала жақсы ести ме? Жақсы көреді ме? Біраз уақыт тыныш отыра ала ма? Баланың моторикасы  дамыған ба, мысалы, ол доп ойнап, секіре, төмен түсіп, баспалдаққа көтеріле алады ма? Бала көңілді және ынталы көрінеді ме?

Төмендегідей көрнекі айырмашылықтарға да аса мән берген абзал: Бала ұқсас және ұқсас емес нысандарды анықтай ала ма? Мысалы, басқаларға ұқсамайтын суретті табыңыз? Бала әріптер мен қысқа сөздерді ажырата ала ма, мысалы б-п, көл-шөл? Егер балаға алдымен үш суретті көрсетіп, содан кейін біреуін алып тастаса,  жоқ суретті  байқай алады ма? Бала өз есімін және күнделікті өмірде кездесетін заттардың кем дегенде алты-сегіз атауын біле ме? Есту қабілетінің  деңгейі: Бала әртүрлі дыбыстардан басталатын сөздерді ажырата ала ма? Мысалы: доп-көп. Бала ересек адам айтқан  бірнеше сөз немесе санды қайталай алады ма?

Бала негізгі ой мен әрекеттер тізбегін сақтай отырып, әңгімені қайталай ала ма? Кітаптарға деген көзқарасты бағалау. Баланың өздігінен кітаптарды көруге, оқуға деген  қызығушылығы болады ма? Сіз оған дауыстап оқығанда  мұқият және  қызығып тыңдайды ма? Бала кітапта түсінбеген сөздер туралы, ол қандай мағынаны білдіреді деген сияқты сұрақтар қояды ма? Жалпы және психологиялық  дайындық. Сіздің балаңыз: нені қалайтынын саусақпен  көрсетіп емес, сөзбен түсіндіре ала ма? оқып берген  ертегі, болмаса әңгімелердің мағынасын  түсінеді ме? өз есімін нақты атайды ма?

Мекен-жайы және телефон нөмірін есте сақтай алады ма? қарындашпен  сурет мсалып, қаламмен жазу жаза алады ма? бояулармен, ермексазбен, түрлі-түсті қарындаштармен, фломастермен жұмыс істей алады ма? өткір ұштары бар қайшылармен  біркелкі және зақымдап алмай кесе алады ма? нұсқауларды тыңдау арқылы тапсырманы  орындай алады ма? біреу онымен сөйлескенде мұқият тыңдайды ма? Берілген тапсырманы орындау үшін кем дегенде он минутқа назар аударады ма?

Оны қоршаған заттар туралы көбірек  білгісі келіп, қызығушылық танытады ма? Басқа балалармен тез тіл табыса алады ма? Психологиялық тұрғыда мектепке дайын бала. Танымдық себептерге байланысты мектепке баруға деген құлшыныс (оқу ға деген қызығушылық); Жүріс-тұрісі мен іс-әрекетін, эмоцисын өзі басқара алады; Ұлкендермен, кішілермен, кұрдастарымен қарым-ұатынасқа дайын; Ойлау қабілеті жоғары, белгілі бір білімге те, негізгі заңдылықтарды түсінеді.

Психологиялық тұрғыда мектепке дайын емес бала: Оқу мәселесі  жөнінде үлкендермен, сыныптастарымен сөйлесіп кетуі қиын; Тапсырмаларды орындауда қалыс қалып қояды; Сабақта зейіні тұрақсыз, жиі алаңдап отыр; Сыныппен бірге бірдей тапсырманы орындауға кірісіп кетпейді, қинала; Жауап беруге, тақтаға шығуға ықыласы жоқ. Бәрінен бұрын, оқудың бірінші жылында бала қолдауды қажет етеді. Ол сыныптастарымен және мұғалімдерімен қарым-қатынасын қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге біреу онымен дос болғысы келетінін, ал біреу дос болғысы келмейтінін  түсінеді.

Дәл осы уақытта балада  өзіне деген өзіндік көзқарасын дамытады. Егер сіз одан сабырлы және сенімді адамның өсуін қаласаңыз, оны мадақтаңыз. Қолдаңыз, дәптердегі нашар баға мен дәптердің кірлегені  үшін ұрмаңыз, қатты сөкпеңіз.  Қайта жігерлендіріңіз. Балалардың мектепке дайындық деңгейін  анықтауға мүмкіндік беретін психологиялық әдістемелер: «Керн – Йерасек тесті»зияткерлік даму деңгейін анықтауға, ұсақ қол моторикасының дамуына көру және қолмен жұмыс істеу координациясына, нұсқаулыққа сай тапсырманы орындауға баулуға негізделген.

«Мотивациалық дайындық» А.Л. Венгер –  баланың ішкі жай-күйін анықтау диагностикасы. «Кезектестірілген суреттер» – сөздік-логикалық ойлау қабілетінің диагностикасы. «Графикалық диктант»-ұсақ қол моторикасының дамуына, тор көзбен жұмыс істеу дағдысын дамытуға, нұсқаулықты ести отырып орындауға негізделген. “Бендер тесті» – көру және моторикалық координацияны зерттеу. «Розенцвейг тесті» – жеке ерекшеліктері мен сапалық қасиеттерін зерттеу (қарым-қатынас қабілетін анықтауға арналған тест).

«Баспалдақ» – баланың өзін-өзі бағалау деңгейін зерттеу. Мектепке дайындық мақсатында мен қосымша жүргізетін жаңа технологияға негізделген ойындар мен әдістемелер: «Сиқырлы сегіздік» ойыны – сандармен жұмыс жасауға негізделген; «Таңғажайып таңбалар» – баланың логикасын, қиялын дамытуға негізделген, нұсқаулыққа сүйене отырып түрлі фигураларды құрастыруға арналған. «Игровизор»- математикалық есептерді шешудің тиімді жолдарын үйренуге және дәптермен дұрыс жұмыс жасауға үйретеді;

«Құм терапиясы» – баланың ойлауын, қиялын, кеңістікте бағдарлануын, қиялын, қабылдауын, ұсақ қол моторикасын дамытуға ықпал етеді. «Баумен жұмыс»- әріптерді білуге, өз бетінше сөздер құрастыруға негізделген. Ұсақ қол моторикасы, зейіні, ойлау қабілетінің дамуына әсер етеді; «Сиқырлы шаршы» әдістемесі, «Түстерді жасырамыз» ойыны – түстерді, геометриялық фигураларды дұрыс білуге үйретеді. Сондай-ақ, есте сақтау қабілетінің, қиялының, қол моторикасының дамуына оң әсерін тигізеді. балабақшада Зайцев әдістемесі бойынша мектепке даярлық топтарында оқу.

Осы тұста ата-ана тарапынан жіберілетін қателіктер: 1-қателік- ата-ананың «Мектепте барлық нәрсені үйретуге тиіс,баланың миын ашытудың қажеті жоқ» деген көзқарасы. Ия, әрине үйренеді бірақ қандай қиындықпен. Өйткені қалған құрбыларының деңгейінен төмен болса баланың өзіндік бағасы да төмен болады. Қарапайым әріптерді тануы, сандарды тануы, қарындашты ұстай білуі деген дағдылары болмаса балаға  құрбыларын қуып жетуіне  тер төгуі керек болады.

2- қателік- ата-ананың «Мектепке дайындауда біздің қолымыздан ештеңе келмейді, ол тек педагогтардың ғана қолынан келеді»- деген көзқарасы.  Негізінде үй жағдайында өз анасының баламен түрлі ойын жаттығуларын жасауы көп көмегін тигізеді.  Тек қандай әрекет жасау керек екендігі туралы аздап ақылдасып, соған уақыт табылса болғаны. 3-қателік-  соңғы уақытқа дейін жүріп аз ғана қалғанда баланы жұлқылап, күндіз түні демалыссыз үйрете бастау әрекеті.

4-қателік – өз баласының қабілетін ескермеуі. Баланың қабілетімен санаспай жүктемелер қойып,талап етуі.  Тым жоғарғы талаптар қою. 5-қателік- мектеппен қорқытып үркіту арқылы тәрбиелеу. Ата-аналарға кеңес: баланың оқушы болуға ұмтылысын қолдаңыз; баланың қателік жасауға құқы бар; бірінші сынып оқушысымен бірге күн тәртібін жасаңыз, оны орындауын қадағалаңыз; оқу машықтарын меңгерудің бастапқы кезеңінде байқалатын кемшіліктерді елеусіз қалдырмаңыз. Балада, мысалы, тіл кемістігін байқасаңыз, оқудың бірінші жылында-ақ  қолға алыңыз.

Бірінші сынып оқушысының жұмысында міндетті түрде мадақтауға  болатын нәрсені іздеңіз. Есіңізде болсын, мадақтау мен эмоциялы  қолдау («керемет», «сен өте жақсы орындадың») адамның ақыл-ой жетістігін көтереді; егер сізді баланың жүріс-тұрысында, оқу істерінде бір нәрселер алаңдататын болса, мұғаліммен немесе  мектеп психологінен ақыл-кеңес сұрауға ұялмаңыз. Мектепке келгеннен кейін балаңыздың өмірінде сізден гөрі беделді адам пайда болады. Бұл-мұғалім. Бірінші сынып оқушысының өз мұғалімі туралы пікірін сыйлаңыз; оқу оңай емес, жауапкершілікті еңбек. Мектепке келу бала өмірін өзгертеді, бірақ оны ойыннан бөлмеу қажет. Ойын жаттығуына керекті уақыт қалуы керек.

Айнур Бакбергеновна КАПАНОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» бала
бақшасының
педагог-психологы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий