Балалар жылы – 2022: Білімді ұрпақ – ел болашағы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл – Балалар жылы» деп жариялады. Бұл дегеніміз биылғы жылы жас буынның тәрбиесі мен біліміне баса мән берліледі деген сөз. «Балалар – мемлекетіміздің болашағының кепілі. Сол себепті келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін», – деді ҚР Президенті.

Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың елеулі тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Кез келген халық ұрпақ тәрбиесін – ұлттың тағдыры, болашағы деп біледі. – Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді.
Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді. Балалар жылы жарияланғаннан бері біздің жергілікті кітапхана ұжымының мамандары бірқатар шараларды өткізуді қолға алып отыр.
Мектептің оқу залында балаларға арналған кітап көрмелерін безендіріп, жас оқырмандарына балалар әдебиеттерін насихаттаудың түрлі жолдарын ұсынудамыз. Балалар жылына орай ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында –«Кітап -сарқылмас байлық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды және «Кітапты ашыңыз, кереметті көресіз!» виртуалды көрме ұйымдастырылды тағы басқа іс-шаралар жоспарда тұр.
«2022 – Балалар жылына» байланысты «Менің сүйікті кітаптарым» атты балаларға арналған кітап көрмесі ашылады. Іс-шара барысында балалар кітапханасының жас оқырмандары өздерінің өлең жолдарын оқиды. Балаларға арналған бұл кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады: балаларға арналған классик жазушылардың кітаптары; балалардың ауыз әдебиетіне байланысты, қазақ ертегілері, қазақ ауыз әдебиеті, батырлар жырлары және тағы да басқалар.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Баланы кітап оқуға баулудың жолдары» атты ақыл-кеңес беретін видеоролик дайындалып, ата-аналарға жолданды. Сонымен қатар биыл “Бір ел – бір кітап ” республикалық акциясы аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын оқуға толықжүз пайыз қолдау көрсетілді.
Осыған орай, алаш арысының шығармаларын жинақтап оқушыларға оқытуымыз керек және баспасөз беттеріне шыққан тың деректерді жинап, насихаттау біздің басты міндетіміз болғандықтан түрлі іс-шаралар дайындап жатырмыз. «Кітап – ғылым, тілсіз мұғалім» екенін ұмытпаған абзал. «Балалар жылында» аталған кітапхана өз оқырмандарын асыға күтеді.
Райгүл БАЙМАТОВА,
Абай атындағы мамандандырылған
қазақ мектеп – гимназиясының кітапхана
меңгерушісі, Солтүстік Қазақстан облысы,
Петропавл қаласы