Облыстық олимпиада: 93 атыраулық оқушы жолдама алды

Атырауда републикалық пәндік олимпиаданың үшінші яғни, облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Жалпы білім беретін 16 пән бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жабылу салтанаты APEC PetroTechnic жоғары колледжінде ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы аймақтағы білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Бір аптаға созылған білім бәйгесінде оқушылар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бақтарын сынаған болатын. Іс-шараға қатысқан облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Байғанинқызы пәндік олимпиаданың дарынды жеткіншектерді тәрбиелеуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдетуге ықпалы зор екенін, бұл білім бәсекесінің олардың келешегіне жол ашатын үлкен мүмкіндік екенін айтты.

Олимпиадаға қатысушы Әлихан Кереев пәндік тапсырмалардың қызықты болғандығын, сұрақтарға жауап берген сайын қатысушының білімге деген ынтасы арта түсетінін айтып, мұндай білім сайыстарының өзі секілді оқушылар үшін аса маңызды екендігін жеткізді. Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 650 оқушы бақ сынады, оның 286-сы жаратылыстану-математикалық бағыттағы, 364-і қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерге қатысқан.

Білім бәсекесінің нәтижесінде 45 оқушы І орын, 76 оқушы ІІ орын алса, 114 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Белсенді қатысқан жүзден астам оқушыға арнайы Алғыс хат та берілді. Жалпы, пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне 93 оқушы жолдама алып отыр. Еске салайық, жалпы пәндік олимпиада мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық болып төрт кезеңнен тұрады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий