Білім бәйгесі: оралдық оқушылардың командасы бірінші орында

Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Орал қаласы командасы көш басындағы орнын сақтап қалды. Қала мектептерінен облыстық кезеңге жолдамамен қатысқан 77 оқушының 53-і жүлдегер атанып, сегізі алғыс хатқа ие болды, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының орталығындағы жергілікті білім бөлімінің баспасөз қызметі.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі 24-30 наурыз аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 8 пән және жаратылыстану-математика бағытындағы 6 пән бойынша өтті. Оған жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерден 540 оқушы қатысқан. Олардың 77-сі – Орал қаласы мектептерінің оқушылары.

Өңір оқушыларының білім деңгейі сыналған додада қала мектептерінен 9 оқушы – бірінші, 24 оқушы – екінші, 20 оқушы – үшінші орынға ие болса, 8 оқушы – алғыс хатқа ие болды. Нәтижесінде командалық рейтинг бойынша І орынды Орал қаласының құрама командасы, ІІ орынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-лицей-интернаты, ІІІ орынды дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты иеленіп, кубок және дипломмен марапатталды.

Орал қаласының командасы өткен жылы да көш басында болғанын атап өту керек. Былтыр 9-11 сыныптардан олимпиаданың облыстық кезеңіне 86 оқушы қатысып, 48-і жүлделі орындарды қанжығалады. Сондай-ақ 5-6 сынып оқушылары арасындағы олимпиада бойынша өткен жылы облыстық кезеңге 12 оқушы қатысып, 10-ы жүлдегер атанса, республикалық кезеңге жолданған төрт оқушы да жүлделі орындарды иеленді.

Биыл 5-6 сыныптар арасындағы оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңіне 16 оқушы жолданып, барлығы да жүлдегерлер қатарынан табылды, ал республикалық кезеңіне қатысқан жеті оқушының алтауы жүлдегер атанды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий