Жандар Асан: Сапа, ашықтық, жеделдік қағидаттарына басты назар аудардым

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті еліміздегі мұғалім мамандарын даярлайтын іргелі жоғары оқу орындарының бірі. 80 жылға жуық тарихы бар іргелі жоғары оқу орнының медиа және коммуникация салаларын төрт жарым жылға жуық басқарған белгілі журналист, медиа-менеджер Жандар Асан өз өтініші бойынша жұмыстан босады. Еліміздегі бірнеше ЖОО-ның медиа саласына жетекшілік жасаған ол осы уақыт аралығында қандай істерімен есте қалды. Жандар Асанның Facebook желісіндегі жазбасын оқырман назарына ұсынамыз.

“Осы аптада Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіндегі жұмысымды аяқтадым. Альма-Матердегі төрт жарым жылға жуық медиа және коммуникация салаларындағы басшылық қызметімізде қаншама оң өзгерістер мен жаңашылдықтарды қолға алып, іске асыра білдік ойлаймыз. Әрине, жүзеге аспаған бірқатар жоспарларымды ойлағанда Университеттегі қызметімді тәмамдау туралы шешімім оңай тимегені анық.

Бұл жазбамда Қоғамға және өзіме осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктер мен жұмыстарым туралы есеп берсем деймін. 1. 80 жылдық тарихы бар Университеттің қоғамдағы имиджін үздіксіз қалыптастыру үшін кәсіби баспасөз қызметі қайта құрылды және оның нақты бағыт-бағдары айқындалды. 2. «Сапа. Ашықтық. Жеделдік» қағидаттарына негізделген Университеттің медиа саласының жұмыс бағыты отандық бірқатар жоғары оқу орындарына тәжірибе ретінде енгізілді.

Бұл – біздің қызметіміздің тиімділігін айқындаған қадам болды. 3. «Қыздар Университеті» газетіне толыққанды ребрендинг жасалды: дизайны жетілдірілді, көлемі D2 форматқа өзгерді. 20 жылға жуық тарихы бар университет басылымы республикаға тарайтын газетке айналды. Білім және ғылым саласындағы сараптамалық материалдарға басымдық берілді. Газеттің тұңғыш рет бейне нұсқасы шықты.

Басылымға түбегейлі өзгерістер енгізу барысында оның дизайнын өзгертіп қана қоймай, газеттің мазмұнына, бағытына, қаузалатын мәселелердің ауқымына да жаңашылдық енгіздік. 4. Университет қызметін жан-жақты насихаттау үшін интернет телеарнасы ашылды. Бұл бастама Университеттің ақпараттық саясат жүйесін оңтайландыру мен жаңғырту бағытында жүзеге асырылды. 5. Университет пен БАҚ арасындағы өзара ықпалдастық артты.

6. Университет БАҚ-тағы белсенділігі, әлеуметтік желідегі көрсеткіштері мен ондағы контент сапасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы 2020, 2021, 2022 жылдардағы рейтингтерде әрдайым алғашқы орындарда болды. Рейтингті жүргізудегі басты мақсат – еліміздегі білім және ғылым саласында жасалып жатқан жұмыстарды жан-жақты ақпараттандыру, оқу орнының қоғамдағы имиджін көтеру.

7. Бірқатар жетекші республикалық бұқаралық ақпарат құралы мен Университет арасында циклды медиа жобалар жүзеге асты. Жобалардың басты міндеті оқу орнының білікті ғалымдары мен жетістікке жеткен білім алушыларын қоғамға таныту, олардың жетістіктерін жан-жақты насихаттау болды. Жобалардың барлығы тегін іске асты. 8. Осы уақыт аралығында Университет қызметі туралы 82 брифинг өткізілді, жергілікті және республикалық газет, сайт және журналдарда 14 397 мақала мен сұхбат жарияланды. Сондай-ақ телеарналар мен радиоларда 486 бағдарлама мен телесюжет жарық көрді.

9. Осы жылдары Университеттің ресми сайтына бірнеше дүркін ребрендинг жасалды. Оқу орнының бет-бейнесі саналатын интернет-ресурсты жаңалау барысында дизайндық ерекшелігі мен оның ақпараттық контентінің сапасына басты назар аудардық. 10. Университеттің әлеуметтік желідегі белсенділігі артты. Facebook, Instagram, Telegram, Twitter, Vkontakte, YouTube желілерінде ресми парақшалары ашылды. Аталған желілерде қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде күнделікті ақпарат тарату қолға алынды.

11. Қазақстандық «TV Media Digital» компаниясының сараптамасының қорытындысы бойынша Университеттің ресми парақшалары тартымдылығы мен сауатты әрі сапалы контенті тұрғысынан үздік деп танылды (қазақстандық ЖОО арасында). 12. Ақпарат тарату жүйесі жетілдірілді. PR іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары жүйеленді. Форс-мажор жағдайларда тиімді әрі жедел шешім қабылдау тетіктері іске қосылды.

13. Осы уақытқа дейін 24 медиа жоба сәтті жүзеге асты. Интернет жобалардың мақсаты – Университеттің төл тарихынан кеңінен ақпарат беру, қарашаңырақ оқу орны түлектерінің азаматтық келбетін, олардың атқарған қызметтері мен игілікті істерін жастар арасында насихаттау. Сондай-ақ ғалымдарымыз бен ұстаздарымыздың еңбегін, жетістікке жеткен студенттерді Қоғамға кеңінен таныту. Бұл бастамамыз өз жемісін берді деп сеніммен айта аламыз. Бұған нақты дәлел Университетке таңдау жасайтын талапкерлер қатарының жыл сайын артуы, кәсіби ортада беделінің мойындалуы.

14. Ерекше астын сызып айтатыным – Университеттің медиа және қоғаммен байланыс саласы осы уақыт аралығында өзінің тиімді құрылым екендігін жан-жақты дәлелдеді деп пайымдаймыз. Өз қызметімде жүргізіліп жатқан ұжымдық жұмысты жан-жақты көрсете алдым деп ойлаймын. Қоғамға жақындап, халықтың Университетке деген сенімін одан әрмен арттырғанымызға сенімдімін. Үлкен қолдауы үшін БАҚ-тағы әріптестеріме зор алғыс білдіремін!

Университеттегі және БАҚ-та қызмет атқаратын әріптестерімнің есінде 24/7 қолжетімді болған және нәтижеге жұмыс істеген маман ретінде қалатыныма үміттімін. Осы жаңашылдықтар мен оң өзгерістерді жүзеге асыруға атсалысқан және бізге қолдау көрсеткен барша жандарға шексіз ризашылығымды білдіргім келеді” – делінген жазбада. Жазбаның сілтемесі: https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=4788543584606802&id=100003536233634

Айта кетейік, Жандар Асан 1990 жылғы 12 мамырда қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген.  “Түркібасы” қазақ-түрік лицейін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриатын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасын үздік бітірген. Бірнеше республикалық телеарналар мен газетте тілші, редактор, продюсер, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ Тараз мемлекеттік университеті Ақпараттық-имиджік орталығының басшысы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Коммуникация және маркетинг департаментінің директоры лауазымдарында еңбек еткен. Бірнеше деректі фильмнің авторы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий