Ұлт ұстазына құрмет

2022 жыл Қазақстан халқы  үшін  ерекше жылға айналды. Біріншіден еліміз халықты екі жылдай  сергелдеңге салған індеттен құтылып,  қалыпты тұрмыс өміріне көшуде. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған  өз  үндеуі мен Жолдауында аса маңызды шешімдер қабылдап, жаңа Қазақстанды құруға белсене кірісті.

Екіншіден Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл  балаларды   қолдау  жылы деп жарияланды. ҚР  Президенті  балаларға ерекше көңіл бөліп,  олардың құқықтарын қорғап,  дарынды балаларды қолдауымыз керек деп атап өтті. 2021 жылғы  21 қарашада  ЮНЕСКО-ның 41-ші бас конференциясының арнайы қаралымымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы енді.

Жалпы, Қостанай – Торғай өңірі дарынды тұлғаларды дүниеге келтірген кеиелі мекен. Небір дарынды тұлғалар елінің жарқын болашағы  үшін қызмет етті, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Алаштың  азаматы  Ахмет Байтұрсынұлымен қатар, Міржақып Дулатов, Сырбай Мәуленов, Әнуар Боранбаев, Мәриям Хакімжанова, Ғафу Қайырбеков, Манаш Қозыбаев, Кәмшат Дөненбаева және басқа да тұлғаларды атап өтуге болады.  

Жоғарыда есімдері аталған тұлғалар мен өзге де қайраткерлердің ерен еңбегін, шығармашылығын бағалау, насихаттау, келер ұрпаққа мұра қып табыстау – кешенді бағдарламаларды, жоспарлы іс-шараларды талап етер уақыттың еншісінде екені анық. Ал Алаштың азаматы Ахмет Байтұрсынұлының 150  жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде тойлауы – елдігіміздің белгісі, рухани кемелденуіміздің жарқын көрінісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын білім  кеңістігінде кең көлемде атап өту мақсатымен Қостанай қаласының білім бөлімі ағымдағы жылы кешенді іс-шаралар жоспарын  әзірледі. Қалалық жоспарға енген   болашағы зор іс-шараның бірі № 28 мектеп-гимназиясы ұсынған Қостанай облысындағы мемлекеттік тілде білім беретін мектептердегі жасөспірімдер арасында «Бала барысы» облыстық турнирін өткізу еді.

Себебі,  күрес – қазақ халқының  ұлттық  спорты, төл өнері.  Кең даланы мекендеген бабаларымыз өз ұрпағын  күрес өнеріне бала жастан баулып, жаттықтырып  шыңдаған.  Осының нәтижесінде қазақ күресінің  тарихында  есімдері  аңызға айналған тұлғалар қалыптасты. Балуан шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов,  Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаровтай даңқты спортшы болу әр баланың  арманы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылғанына бес жыл толуына орай қоғам қайраткері, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту  мақсатымен  2022 жылдың  28 наурызы күні  Қостанай қаласы білім бөлімінің қолдауымен «Қостанай  қаласы білім  бөлімінің  № 28 мектеп-гимназиясы» КММ базасында 2008-2010 жж. туған жасөспірімдер арасында  қазақ күресінен «Бала барысы»  облыстық турнирі  облыстық  деңгейде республика бойынша бірінші боп атап өтілді.

Сайыста Қостанай, Арқалық, Рудный, Лисаковск қаларымен қатар Қостанай, Меңдіқара, Алтынсарин, Әулиекөл, Федоров аудандарынан отыздан астам балуандар күш сынасты. Спорт  залда құрылған екі киіз үй, балуандар белдесетін кілем, әуелеген қазақи сазды әуендер,  ұлттық нақышпен оюланған шапан киген жасөспірім балуандардың белдесу алдындағы ширыққан дайындықтары, қыз-бозбаланың назды күлкілері жиналған жұртшылықтың көңіліңе қанат бітіріп, шаттық сезімге бөледі…

«Бала барысы» облыстық турнирін Қостанай қаласы білім бөлімінің басшысы Уразбаева Гүлсім Әділханқызы ашық деп жариялады. Білім бөлімінің басшысы өз сөзінде  іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, балуандарға жеңіс, төрешілерге әділ-төрелік жасауды тіледі. Келесі сөз кезегін алған  Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Ұлттық спорт түрлерінен балалар –жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қабажаев Айбат Ахатұлы спорттың адам ағзасына тигізер пайдасына кеңінен тоқталып, бұқаралық спортты, оның ішінде қазақша күресті өңірлерде  дамыту керектігін атап өтті.

Сонымен көптен күткен жеребе тарту рәсімі де өткізіліп, балуандардың қарсылас жұптары да белгіленді. Боз кілемде жан алысып, жан берген санаулы минуттар… Бапкерлер мен көрермендердің өз балуанына қолдау көрсетіп, атой салған сәттері… Күрес әдісін жетік меңгерген балуанның қарсыласын тамаша әдіспен қос жауырынын жерге тигізіп жеңіске жетіп марқайған кезі мен қапыда кеткен балуанның  жанарынан жас тамып, өкініштен өзегі өртенген сәтін көру – көрермендерге асқан шабыт, тамаша көңіл күй сыйлады!.

Сайыс болған соң бір палуанның жеңіске жетіп, екіншісінің жеңіліске ұшырайтыны айдан анық ақиқат.  Белдесу қорытындысы бойынша спорт төрешілері Дарменбаев С. М., Балаканов Д. Г және спорт шебері Біржекенов Н турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықтады. Чемпиондық белбеу, 1 орын кубогы және велосипед  Қостанай   ауданы  Н. Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының палуаны Ерлан Айдосқа (жаттықтырушысы Жабагин Рысбек) бұйырды.

Екінші орынның   кубогын  және планшет Әулиекөл ауданы  Сиянов орта мектебінің палуаны Ахметбеков Абылдың (жаттықтырушысы Аманбаев Нұржан) еншілеген болатын. Үшінші орынның  кубогын  және смарт сағатты Заречный орта мектебінің жас спортшысы Саржанов  Мереке (жаттықтырушысы Мұхамбетқали Дәулет) жеңіп алды.

«Бала барысы» облыстық турнирінің демеушілері:  Қостанай облыстық АҚ «Алфа Банк» филиалының директоры  Ахметова Әлия Болатқызына, № 28 МГ ата-анасы Абдуов Дәуренбек Орманбекұлына, Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қабажаев Айбат Ахатұлына, Қостанай облысы қазақ күресі федерациясының президенті міндетін атқарушы Қасымханов Жұмахан Нұрханұлына, жеке кәсіпкер Дәркенбай Санайұлына, жеке кәсіпкер Брахметов Тоқтар Досанұлына алғысымызды білдіреміз.

Сонымен қатар, турнирдің барлық қатысушыларына вымпелдер, жейделер және ұлттық  тағам – бауырсақтар табысталды. Барлық палуандарды лайықты марапаттарымен  құттықтаймыз! Олардың алдағы уақытта да  сәтті өнер көрсетіп, жаңа жеңістерге жетуін  тілейміз! Осындай игілікті іс-шараны өткізуге бастама көтерген  Қостанай қаласы білім бөлімінің  «Қостанай  қаласы білім  бөлімінің  № 28 мектеп-гимназиясы» КММ еңбегін атап өткен абзал.

Ұжым мүшелері екі ай бой тынымсыз еңбек етіп, аталмыш іс-шараны Қостанай қаласы білім бөлімінің қолдауымен  «Бала барысы» облыстық турнирін республикада бірінші болып өткізіп, бастама көтерді. Болашақта бұл іс-шара дәстүрлі түрде өтетін турнирге айналады деген сенімдеміз. Себебі, халықтың, оның  ішінде  жасөспірімдердің ұлттық спортқа деген қызығушылығы бар болса, меценаттар тарапынан да қолдау бар.

Жалпы, қорыта айтқанда  бұқаралық спортты дамыту мақсатында еліміз бойынша маңызды шаруалар атқарылуда. Атап айтар болсақ, спорт сарайлары мен жүзу бассейндерінің, футбол стандиондарының ашылуы айқын дәлел. Болашақта жас балуандарымыздың «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде, әлемдік додаларда  топ жарып, Айбек Нұғымаров, Бейбіт Ыстыбаев  сынды   балуандарымыздың  даңқты  күрес  жолын  жалғастырары  анық.

Ұмсын Сүлейменқызы БЕКТҰРҒАНОВА,
Ермек Асқарұлы ИМАНҚҰЛОВ,
Қостанай қалалық білім бөліміндегі
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын
іске асыру бөлімінің әдіскерлері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий