Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік еңбегі мен азаматтық бейнесі
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұспа-тұс келеді.

1913–1918 жылдары өзінің ең жақын сенімді достары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру-жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады.
Тұтас буынның төл басы болған Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды.
Сондай-ақ ол қазақ тіліне А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ф. Вольтер мен С.Я. Надсонның өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар оның тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылары. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі.
Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Ахмет Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист.
Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Ол қазақ тілі білімін ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның іргетасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды. Оның ұлылығы ұлт үшін ұлық істерді бастауымен, алғаш қазақ әліпбиін жасап, қазақ сөз өнерінің теориясын туғызғанымен, тіл ғылымының маңызын терең түсініп, бағалап, тілдік терминдерді ұлттық санаға лайықтап жасауымен байланысты.
Міне, осымен тарихымызда, А.Байтұрсыновтың қазақ халқына, қазақ тіліне үйлестіріп қайта сұрыптап жасаған, өзінің алфавиті мен бірге халқының сауат ашып, қара тануына зор еңбегін сіңіріп қана қоймай осы жолда бар ғұмырын сарп етті десек артық болмас.
Мадина Назаровна ТАЛТАКОВА,
Дружба жалпы білім беретін мектебінің
директоры, Қостанай қаласы