Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас

Жамбыл облыстық білім басқармасының бастамасымен «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» тақырыбында тарих пәнінің мұғалімдеріне арналған облыстық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – мектептегі тарихи білім берудің өзекті мәселелерін талқылау және білім алушылардың тарихи білімін дамыту жолдарын айқындау, осы мәселелерді шешуге жоғары білікті педагогтар мен ғалымдарды тартуды көздейді, – деп хабарлайды осы өңірдегі салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Облыстық дөңгелек үстелге жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары, аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, тарих пәнінің мұғалімдері, барлығы жүзге жуық педагог қызметкер қатысты. Облыстық дөңгелек үстел барысында тарихи білім беру сапасын қамтамасыз етудегі мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдары, заманауи тарихи білімнің өзектілігін талқылау бойынша облыстың «Үздік педагог» атағына ие болған педагог-шеберлердің диалог алаңын құру, мектептегі тарихи білім беруді дамыту болашағы, тарих пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру мәселелері сөз етілді.
Қазіргі кездегі инновациялық технологиялар, үлгілі авторлық бағдарламалар, озық тәжірибелер талқыланып, өзара тәжірибе алмасты. Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Бегілдаева Мираш Саданқызы үздік жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.

«Үздік педагог» республикалық конкурсында облысымыздың екі педагогі жеңімпаз атанды. Олар – облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімдері Өтегенова Гүлшат Ізбасарқызы, Жанғасиева Жанар Орынбасарқызы.
«Үздік авторлық бағдарламалар» республикалық байқауында Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Хожа-Ахмедов Асылбек Асенбекұлы, «Дарынды балаға – талантты ұстаз» атты республикалық педагогикалық олимпиадасында Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Лаубай Тоғжан Құралбайқызы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, облысымыздың мерейін арттырды.

Іс-шара барысында 2022 жылғы наурыз айының үші күні Петропавл қаласында өткен тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысқан облысымыздың делегаттары ой бөлісті. Меркі ауданындағы №5 Ақарал мектеп-гимназиясының мұғалімі ҚАСЫМОВ Ғани Сәрсембайұлының баяндамасын оқырмандардың газарына ұсынамыз:
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен 2022 жылдың 3 наурыз күні Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» тақырыбында тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өтті.

Съездің мақсаты – «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша білім мазмұнын жаңарту, пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, тарих пәнін оқытудың өзекті мәселелерін шешу және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын айқындау болды. Іс-шараға Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Бейсембаев Ғани Бектайұлы, жоғары оқу орындарының ғалымдары, әдіскерлер және өңірлерден келген 300-ден астам тарих пәні мұғалімдері қатысты.
Съезге Жамбыл облысынан делегат ретінде 13 тарих пәні мұғалімдері қатысты. Съезд барысында орта мектепте тарихты оқыту мазмұны: МЖМББС, үлгілік оқу жоспарлары, үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар және оқу әдістемелік кешендер, білім алушылардың оқу жетістігін бағалау, мектеп оқушыларының тарих пәні бойынша ғылыми-жобалық зерттеулері, республикада тарих пәні мұғалімдерін дайындау, кәсіби біліктілігін көтеру, аттестаттау, Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында тарих пәнін оқытудың тұжырымдамалық негіздері мәселелері талқыланды.

Қаралатын қарарлар: мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында тарихи білім беруге қойылатын талаптар; үлгілік оқу жоспарларындатарихты оқытуға бөлінген сағат сандары; үлгілік оқу бағдарламаларындағы тарихи білім беру мазмұны; оқу пәні бойынша 5-11 сыныптарға арналған оқулықтардың, оқу – әдістемелік кешендердің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық тасымалдау құралдары туралы болды.
Әр өңірден өз пікірлерімен бөліскісі келген әріптестер бұл қарарларға жекелей тоқталды. Атап айтар болсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББ Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Зухра Шегенова «Жалпы білім беретін мектептерде тарихты оқытудың мәселелері» тақырыбында өз жұмысын қорғай отырып, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында тарихи білім беруге қойылатын талаптар, үлгілік оқу жоспарларында тарихты оқытуға бөлінген сағат сандары, үлгілік оқу бағдарламаларындағы тарихи білім беру мазмұны аясындағы мәселелер қаралды.

Сондай – ақ, тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалай дамытуға болатындығына тоқталды. Пәндік білімдер, пәнаралық білімдер, эпистемологиялық білімдер, процедурлық білімдердің мән- маңызына тоқталып, тарихи ойлау дағдылары функционалды сауаттылықтың дамуына әкелетінін атап өтті. Нәтижесінде :«Егер біз жастарда азаматтық сезім мен патриотизмді тәрбиелегіміз келсе, онда оларды өздігінен ойлауға және дағдылануға үйретуіміз қажет».
«Тарих – бұл мифтерді тудырмайтын, керісінше оларды жоятын ғылым, сондықтан оны мектептерде нақты осы позицияда оқыту керек», – деген оқушының сыни ойлауын дамытудағы пікірімен бөлісті. Республикалық ғылыми практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» қоғамдық гуманитарлық бағыттағы оқулықтары мен ОӘК-лерін сараптау бөлімінің жетекші сарапшысы Қалиев Кайрат Амангельдинович оқу пәні бойынша 5-11 сыныптарға арналғаноқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық тасымалдау құралдары туралы өз ойымен бөлісті.

Павлодар облысы Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған гимназиясы Альдекенова Анар Толыбайқызы тарих пәні мұғалімі және Нұр-Сұлтан қаласы М. Дулатов атындағы №68 гимназиясының тарих пәні мұғалімі Сабанбаева Жанар Мұхаметбайқызы үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының ерекшеліктерін талқыға салды. Өз баяндамаларында үлгілік жоспардың қайта қараудан өтуін, оқу бағдарламасында баланың жас ерекшелігін ескеру керектігі және қайта қарау ұсынылды.
Сонымен қатар, оқу бағдарламасы негізінде ұзақ мерзімдегі жоспардағы 1 сағатқа берілген тақырыптарға оқу мақсаттары 4-5 тен берілетіні, оны игеруге, тақырыпты толық түсінуге кедергі келтіретіні анық. Жалпы бұл съезде облыс атынан қатысқан педагогтер секция жұмыстарына белсене қатысып, пәнді оқыту бойынша өздерінің ұсыныстарымен бөлісті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов съезде көтерілген мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдап, тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Солтүстіктің төрінде өткен бұл съезд түрлі идеяларды тоғыстырды, тереңде жатқан ойларды толқытты. Көптен көкейімізде жүрген мәселелер тап басылып айтылып, оң шешімін тапқан съезд болды. Съезде шығарылған шешімдерге қысқаша тоқталатын болсақ: тарих оқулықтарын дайындау үшін ортақ бір база жасақталатын болды; 5-сыныпқа тарихтың әліппесі — «Тарихтан қысқаша әңгімелер» қайта оралады; 6-сыныпта «Ежелгі заман тарихы» оқытылады; 7-8 сыныптарда «Орта ғасырлар тарихы» бөлініп оқытылатын болды; 9-сыныпта «Жаңа заман тарихы» оқытылады; 10-11 сыныпта «Қазіргі заман тарихы» бөлініп оқытылады; Қазақстан тарихынан әр кезең бойынша бөлек олимпиадалық сайыстар өткізіледі.
Мысалы: Сақ кезеңі, Қазақ хандығының құрылуы кезеңі тағы да басқа олимпиадасы ұйымдастырылу мүмкін; енді мектеп таңдаған бағыт бойынша тарихтың сағат саны қысқармайды. Мектеп гуманитарлық бағытта болсын немесе жаратылыстану бағытында жұмысы істесе де Қазақстан тарихы аптасына 2 рет, дүниежүзі тарихы аптасын 1 реттен көбеймесе, азаймайды; тарихты оқытқанда даталар мен адам аттарына басымдық берілмейтін болды. Басымдық тарихи процестерге, логикаға, қоғамның даму үдерістеріне беріледі; Міне, съезде қозғалған мәселелер оң шешімін табатынына сенімді болып қайттық.

Әрине, «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым», – болса, біз, ұстаздар қауымы, болашақ ұрпақтың білімді болып, қабілеттерін арттыруда аянбай еңбек етуіміз керек. Құрметті, әріптестер! «болашақтың баспалдағынан сүрінбей, сағым сынбай, қаймықпай кедергілерге қарсы тұрып, жігерім мұқалмай, ұстаздық жолдың тар жолынан тайғақ кешіп, берік ниет, бекем үмітпен келешекке кемел ұрпақ үшін қадам басамын. Көз майымды тауысып, білім әлемімен тереңінен тағы танысып, санамдағы игі білімді шәкірт санасы мен түйсігіне жеткізуге әзірмін» дейтін мұғалімдеріміз көп болсын. Білімді ұстаз – заманның басты көркі.
