Тұрақты даму ғылыми – зерттеу орталығы ашылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Ғылым саласы қызметкерлері мерекесі және Университеттің 30 жылдығы аясында оффлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Орталықтың ашылу рәсіміне университет ректоры Ж. Темірбекова, ректор өкілі Женгиз Томар, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моника Иверсон, Солтүстік Македонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сали Лимани, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі м.а. және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Артур ван Дизен, ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік офисінің өкілі Ербол Спатаев, Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова тұрақты өсу мен даму параметрлері экономиканың ең негізгі көрсеткіштері екенін атап өтті. – 2050 жылы әлем халқының саны 9 миллиардқа жететінін ескерсек, қазіргі өсу мен өркендеуге ұмтылуымызбен қатар, болашақ ұрпаққа өмір сүруге қолайлы дүние қалдыруды да ойластыруымыз керек. Біз адам өмірінің қажеттіліктері мен табиғи ресурстардың тұрақтылығы арасында теңгерім жасап, болашаққа сәйкес келетін жоспарлауды жасауымыз керек.

Яхмет Ясауи университеті тұрақты болашақты құрудағы рөліміз бен жауапкершілігімізді түсіне отырып, тұрақты дамуды жуырда ғана қабылданған жаңа 2026 жылға дейінге Стратегиялық даму бағдарламамызда басты басымдығымыз ретінде анықтадық. Осының дәлелі ретінде Тұрақты-даму ғылыми-зерттеу орталығын ашып отырмыз, – деді ректор. Айта кетейік, Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) – бұл кедейлік пен кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы тұруға,жер шарын қорғауға және барлық адамдар үшін бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз етуге бағытталған әлемде қабылданған мақсаттар.

2030 жылға дейін 17 негізгі бағыттар таңдалды, олардың жүзеге асырылуы елді өмірдің барлық негізгі салаларының тұрақты дамуына және осы әлемдегі әрбір адамға қатысты жаһандық мәселелерді шешуге жетелейді. Оны 2015 жылы БҰҰ-мен қабылдаған. Ал «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының» мақсаты –  жоғарыда аталған Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі шаралар және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жаңа ізденістер-зерттеулер жүргізу, сонымен бірге олардың нәтижелерін қолданысқа енгізу.

Жанар Темірбекова орталық университеттің ғана емес, аймақтың және республиканың ғылыми әлеуетін арттыруға және бәсекеге қабілетті болуына үлес қосады деген сенімін білдірді. Университетіміз қабырғасында Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының ашылуына орай, халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері, саяси тұлғалар құттықтау сөзін арнады. – Бүгін біз тұрақты даму орталығының ашылуына ғана емес, сонымен қатар басқа мекемелер үшін керемет үлгі болатын және тұрақты даму саласындағы зерттеулер мен білімнің әлеуетін дамытуға ықпал ететін институционалдық трансформацияға куә болып отырмыз, – деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Ол ТДМ іске асыру – бұл үкімет, үкіметтік емес сектор, бизнес және ғылыми орта сияқты барлық мүдделі тараптардың қатысуын талап ететін инклюзивті процесс екенін айта отырып, оны іске асыруда университеттердің рөлі зор екенін атап өтті. – Университеттер тұрақты дамудың болашақ көшбасшыларын дайындауға және қалыптастыруға жауапты. ТДМ-ны оқу бағдарламаларына біріктіріп, студенттерге қажетті білім мен дағдыларды бере отырып, бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге өз үлестерін қоса алады, – деді Якуп Бериш. 

Солтүстік Македонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сали Лимани осындай айрықша шара қатысушысы атанғанына шексіз риза екенін атап өтті. – Ғылыми орталық Ахмет Ясауи университетінің тұрақты ғылыми білімінің берік негіздерін дамытуға өз үлесін қосатыны анық. Осындай танымал оқу орнының Солтүстік Македониядағы университеттермен сапалы және жемісті ынтымақтастығын бастау мен үшін мәртебе болмақ, – деді елші.

Ал Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің Төрағасы Алихан Байменов Орталықтың ашылуы арқылы халықаралық университетімізбен серіктестік қарым-қатынас одан әрі нығая түсетінін айтты. – Біз бұған дейін Ахмет Ясауи университетімен бірлескен бірнеше жобаны жасадық. Олардың бәрі де осы Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға арналды. Осыны ескере отырып, Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы жаңа құрылған орталықпен нақты жобаларды іске асыруға дайын, – деді Алихан Байменов.

Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Мерейлім Каленова орталықтың ашылуы әсіресе студенттер үшін үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек етті. – ТДМ университеттің жұмыс процессіне еніп, бұл ЖОО-ның, оның студенттерінің және жалпы Түркістан қаласы мен Түркістан облысының жалпы дамуына септігін тигізеді деп сенемін, – деді ол. Салтанатты іс-шара барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры өзара түсіністік жайлы меморандумға қол қойды.

– Менің ойымша, аталмыш құжат және бүгінгі басқосу түрлі іс-шаралар мен бірлескен жобалар шеңберіндегі ынтымақтастығымыздың тамаша бастамасы болады, – деді Мерейлім Каленова. Салтанатты ашылу рәсімінің екінші бөлімі «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ТДМ-ын аймақта ілгерілетудегі рөлі» атты дөңгелек үстелге арналды. Оны жаңадан ашылған Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шемсеттин Чиғдем жүргізді.

Басқосуда БҰҰДБ-ның Қазақстандағы өкілі Заур Ибрагимов, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің өкілі Ербол Спатаев, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасының кеңесшісі Махсут Утешев және Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Мерейлім Каленова баяндама жасап, БҰҰ ТДМ-ын жүзеге асырудағы тәжірибесімен бөлісті. Сарапшылар, әсіресе, мемлекеттік басқару, саяси сауат, сапалы білім беру, инфрақұрылым, урбанизация туралы сөз қозғады.

Дөңгелек үстелде Мерейлім Каленова күн сайын қарыштап дамып келе жатқан Түркістан қаласының да әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін ұсыныстарды әзірлеуге болатынын айтты. Шара соңында университет ректоры Жанар Темірбекова орталықтың жұмыс бағытын тағы бір рет түсіндіріп, жиынды қорытындылады.

– БҰҰ қабылдаған 17 Тұрақты даму мақсатының бәрі біздің университетімізге қатысты деуге болады. Егер біз кафедрадан бастап, университет деңгейінде осы ТДМ аясында жұмыс істейтін болсақ, өңірімізге, елімізге, жалпы қоғам мен Табиғат-Анамызға пайда әкелетініміз сөзсіз. Бүгінгі шараға қатысып отырған барлық халықаралық ұйымдар да бізді қолдайды. Бұл оқытушыларымыз үшін де, студенттеріміз үшін де үлкен мүмкіндік болмақ. Сіздерге түрлі жобаларға қатысып, гранттарды жеңіп алуға жол ашылады.Сондықтан баршаңызды орталық жұмысына белсене қатысуға шақырамын», – деді ректор. Жанар Амангелдіқызы бүгінгі шараға қатысқан қонақтарға, университет ұжымы мен студенттерге алғысын айтты.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий