Алматы облысындағы ауданда жылдың үздік мұғалімі анықталды

Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Ескелді аудандық филиалы мен Ескелді аудандық білім бөлімі бірлесіп, «Жылдың үздік мұғалімі – 2022» байқауын ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы аймақтағы қоғамдық ұйымның баспасөз қызметі.

Т. Рустембеков атындағы орта мектепте өткен шараға 24 ұстаз қатысты. Шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектұров ашып, педагогтардың қоғамдағы рөлі, жауапкершілігі мен атқаратын жұмысын тізбектеп, байқаудың мақсаты мен міндетін нақтылады. Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізін білдірді.

Шара үш кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңді қатысушылар байқау ережесіне сәйкес алдын-ала жолдады. Тағайындалған қазылар алқасы жинақталған портфолионың нәтижесін таныстырып, қысқаша пікірлерімен бөлісті. Ал, екінші кезеңде ұстаздар кезекпен жұмыс жүйесінің моделін көрсетті. Презентация арқылы білім саласында қолданылып жүрген әдістерін көрсетіп, тәжірбиелерімен бөлісті.

Соңғы кезеңде мұғалімдер дайындалған сұрақтарды таңдап, жауап берді. Байқау қорытындысында қазылар алқасының атынан аудандық оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері Назгүл Мұқажанова сөз алып, мұғалімдердің бағыты мен бағдарын айтып, ізденістерін жоғары бағалады. Нәтижесінде негізгі орта мектептер арасында: бірінші орынды Мелькомбинат негізгі орта мектебінің мұғалімі – Сақбаева Ақмарал Бағдатқызы, ІІ орынды Кошевой атындағы негізгі орта мектебінің мұғалімі Рахимова Айжан Даулетханқызы еншіледі.

Орта білім беру мектептері арасында: І орынға Алдабергенов атындағы орта мектебінің мұғалімі Степаненко Елена Ивановна, ІІ орынға Шестаков атындағы орта мектебінің мұғалімі Карипбаева Айман Сапатайқызы, ІІІ орынға Жетісу орта мектебінің мұғалімі Қожахметова Гүлім Махмұтқызы ие болды. Сонымен қатар, бірқатар педагог «Үздік портфолио», «Креативті педагог», «Үздік инновациялық тәжірибе», «Шығармашыл педагог», «Ізденімпаз ұстаз» сынды номинацияларды иеленді.

Ескелді аудандық филиалдың есепшісі Гүлнар Байсақова барша жеңімпаздарды құттықтап, кәсіподақ тарапынан І орынды иеленген Степаненко Елена Ивановнаға «Жаркент-Арасан» шипажайына жолдама табыстады. ІІ – ІІІ орынды және номинацияларды иеленген ұстаздарға сый-сияпаттар табыс етілді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий