Білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту жолдары
Мына мәселе ойлануды қажет етеді «біз мектеп үшін оқимыз ба, әлде …. өмір сүру үшін оқимыз ба?» Әрине, дұрыс жауап өмір сүру үшін оқу. Себебі, мектеп үшін оқу, механикалық қабылдау арқылы алған ол білім осы аудиторияда қалып қалады, нәтижесі журналға тіркеледі, мектептің білім сапасына әсері болуы мүмкін. Ал өмір сүру үшін оқу дегеніміз белсенді таным процесіне қатысу, ынтымақтастықта бірігіп терең ойланып білім жинау, мәселенің шешімін бірге табу арқылы достық ықыластағы ортаға бейімделу деген сөз.

Бұл әрекеттер мектепті аяқтағаннан кейінгі ересек өмірде дұрыс жол табуға, жақсы маман болуға ықпалы зор. Дәл қазіргі экономикалық нарықтық, сандық 21 ғасыр заманында табысты адам ғана өмірді мәнді өткізе алады. Қазіргі білім алушылар дәл осы заманның буыны – Z ұрпақтар. Яғни 2000 жылдан кейін туған, технологияның тілін меңгерген бүгінгінің жастары. Осы арада, жаһан ХХІ ғасырда балалар табысты болу үшін нені үйренуі керек? Оқытатын әдістер қандай болу керек? Нені үйрету керек? деген сұрақпен мәселе қояды.
Нақты тізімдері төмендегідей: күрделі проблемаларды шеше білу; сыни ойлау; креативтілік; адамдарды басқара білу; ынтымақтастықта бірлесе әрекеттесе білу; эмоционалды зият (интеллект); шешім қабылдай білу; көмек алуға/беруге бағытталу; келіссөз жүргізе білу; танымдық тұрғыдан икемді болу. Міне, осындай 21 ғасырдың білім-дағдыларына білім алушылар үйренуі керек. Қазіргі кезде оқушыларға табысты болулары үшін білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет.
Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану білім алушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. «Жалпы білім беру бағдарламасын жобалау» жобасының көшбасшысы Джо Халлг Артен «Кез-келген ұлттың білім беру бағдарламасының мазмұны оның құндылықтарын анықтайды және оның болашақ ұрпаққа деген үмітін көрсетеді», – деп атап өткен, білім алушыларға қалыптастыратын білім беру құндылықтары.
Қазақстандық патриотизм, азаматтық жауапкершілік, ашықтық, ынтымақтастық, құрмет, шығармашылық әрекет, өмір бойы білім алу. Аталған 21 ғасырдың білімдерін және құндылықтарын білім алушыларға қалыптастыру үшін «Өзін-өзі тану» пәнін жалпы кәсіби пәндермен интеграциялау мәселесі маңызды болып отыр. Алаштың ардақтысы А. Байтұрсынұлы: «Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін бойына жинаған білімді парасатты ұрпақ тәрбиелеу – біздің борышымыз деп білемін» – деп айтып кеткендей, Өзін-өзі тану пәні – рухани адамгершілік құндылықтарды дарытатын мета пән.

«Өзін-өзі тану» пәні – Ақиқат, Дұрыс әрекет, Сүйіспеншілік, Ішкі тыныштық, Қиянат жасамау деген құндылықтар арқылы адами болмысты қалыптастыруға бағытталған ілім болып табылады. Қазіргі әлемдік білім беру кеңістігінде жастардың бойында әлемнің біртұтас бейнесін қалыптастыруға, түрлі мәдениеттерді құрметтеуге тәрбиелеуге, руханилыққа, адамгершілікке қызығушылығын оятуға, әлеуметтік белсенділігін дамытуға баса назар аударылып отыр.
Білімді жаңартудың мәдени-әлеуметтік маңыздылығы жалпы адамзаттық құндылықтарға басымдылық берілетін бірегей әлемдік қауымдастық құру болып саналады. Атап айтқанда: Рухани-адамгершілік білімнің қазіргі әлемдегі басымдылығы, «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білім беру бағдарламасының тарихи негіздері, заманауи білім кеңістігін ізгілендірудің жаңа тәсілдемелері, рухани адамгершілік білім беру бағдарламасының психологиялық-педагогикалық негіздері, сабақтан тыс іс-әрекеттер арқылы, жағымды ойлау, әңгімелеу әдісін қолдану негізінде «Өзін-өзі тану» пәні оқытылады.
Сол себепті «Өзін-өзі тану пәнін басқа пәнмен интеграциялау өзекті мәселенің бірі болып қала береді. Мәселен, «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінде педагогика, психология, педагогикалық шеберлік негіздері, жаңа педагогикалық технология, педагогикалық этика негіздері, ғылыми-педагогикалық зерттеулер әдістемесі кәсіби пәндерін оқытуда өзін-өзі тану пәнімен интеграциялауға болады. Ол үш негізгі аспектіде жүзеге асырылады. Бірінші, сабақта қарастырылатын білімді өмірлік мақсаттармен байланыстыру; Екінші, білім беру процесінде тек жағымды және ізгі әдістерді қолдану.
Үшінші, ішкі білімнің маңыздылығы адамның өмірлік тәжірибесіне негіздеу. Осы аспектілермен оқуды ұйымдастыру арқылы әрбір студенттің жүрегінде жасырынған жалпы адамзаттық құндылықтарды ашуға болады. Мысалы, педагогикалық шеберлік негіздері пәнінде “Белсенді оқыту әдістері. Белсенді оқыту жаттығуларын дайындау” деген сабақ тақырыбын оқытуда өзін-өзі тану пәнін интеграциялау тәжірибесі жүргізілді. Сабақта қарастырылатын білімді өмірлік мақсаттармен қалай байланыстырады?
Білім алып отырған студенттердің жаңа буын өкілі екенін ұмытпаған жөн. Жүсіпбек Аймауытов белсенді оқыту туралы былай деген: Сабақ барысында «Баланың өзін еңбектендіріп, бірлестіріп, өз бетімен білім тапқандай қылса», «жұмыстайтын материалдар даяр түрінде емес, балалар тәжірибе қылып, зерттеп, өз бетімен шешкендей, тұрмыс жұмбақ түрінде берілсе». Бұл айтылған сөздер қазіргі уақытта басымдылыққа ие. Сабақ білім алушылар үшін емес, олардың іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады деген оқу қағидаты негізінде «Миға шабуыл» сұрақтары арқылы белсенді оқыту дегеніміз не?
Оқушылар қалай оқиды? Сіздер қалай білім жинайсыздар? Ұлы педагогтер бұл туралы не деп кеткен? Жаңартылған мазмұнды оқудың әдістері қандай? деген сұрақтар арқылы өмірлік тәжірибелерімен, алдыңғы білімдерімен байланыстырып сабақ тақырыбын және мақсатты түсінулеріне жағдай жасалып оқытылады. Ал білім беру процесінде жағымды және ізгі әдістерді қолдануда ынтымақтастық педагогиканың бірлескен әрекеттегі әдістерін қолдану тиімді.
Нақты мақсатқа қол жеткізулері үшін «Ойлан, жұптас, бөліс» әдісі қолданылады. Онда студенттер бір-біріне сенім артып, тыңдап, қолдап, негіздеме жасап, бірлесіп ойларын жинақтауға ынталанып зерттеушілік диалогке түсе алады. Нәтижесінде, тұлғааралық және қарым-қатынас дағдыларынжетілдіріп, тиімді өзара әрекеттестікте команда болып, достық құрмет, көмектесу құндылықтарын дарытып, жоғары деңгейде ойлана алады.
Сөздік қорлары артады. Жұмыс нәтижелерін жариялауда белсенді әдістерді тәжірибеде қолдану, мақсатқа сай дұрыс таңдау туралы ойланып өзіндік кәсіби мамандыққа бейімделу құзыреттіліктерін байқатады. Яғни ішкі білімнің маңыздылығы адамның өмірлік тәжірибесіне негіздеу аспектісі бойынша тәжірибе алмасып, бір-бірін жауаптарын жақсарту бойынша түзетіп достық пейілдерін байқатады. Ой түйіп, болашақ мамандығына деген сүйіспеншіліктерін арттырады.

Міне, бір сабақта студенттер біліммен қатар адами ізгі құндылықтарды жинақтап, ересек ретінде мәдениетін қалыптасырады. Қандай білім жинады? Таным процесіне қатысты, сыни ойланады, ынтымақтастық әрекетте топта жұмыс жасайды, шешім қабылдайды. Қандай рухани құндылықтар қалыптастырады? Ж.Аймауытовтың сөзі арқылы жігерленеді, достық қарым-қатынас орнайды, бір-біріне көмек қол созады. Сонымен қатар, ақиқатты ажыратады, сүйіспеншілік сезімдері оянады: білімге деген, мамандығына, достарға деген…
Мұнда тек бір сабақ туралы ғана сөз қозғалып отыр. Білім алушылардың мұндай терең мағыналы тақырыптарды меңгеру барысында бойларындағы сүйіспеншілік, дұрыс әрекет құндылықтары жарыққа шығады. Олардағы мейірімділік, қамқорлық, әділеттілік, жауапкершілік қасиеттері жетілдіріліп, оқу және танымдық дағдылары қалыптасатынына сенім білдіруге болады.
Сонымен қатар, Педагогика пәнінен «Саналы тәртіп пен қоғамға қызмет ету» тақырыбында білім алушылардың қоғамға риясыз қызмет ету, адамдарды сүю, үлкенді құрметтеу, кішіге ізеттілік таныту, қыз бала тәрбиесі, ұл бала тәрбиесіндегі мәселелер секілді тақырыптарда бірігіп жобалар жасап, қайырымдылық акциялар ұйымдастырып, дөңгелек үстелдер өткізеді. Топпен бірлескен жұмыстар өткізу барысында күтілетін нәтиже мен ойлағаннан да жоғары дәрежені көруге болады.
Бірлескен әрекетте бәрі қызу жұмыста, бір топ жоба құрастырса, біреуі сурет салды, ал біреулері сұрақтар құрастырады. Топпен бірлескен жұмыстың тиімділігі осында. Онда топтар бір-бірінің жауабын толықтырып, берілген тақырып бойынша білімдерін ортаға салады. Әрине оның бәрі түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. «Сұраққа жылдам жауап» әдісін қолданған уақытта тақырыпты терең түсіну және білім алушылардың назарын сабаққа аударып, ой-өрісін дамыту мақсатында жетекші дәрежесіндегі сұрақтарға толық жауап қайтару тапсырылады.

Мысалы, «Мадина, Аиданың жауабы дұрыс деп ойлайсың ба?», «Пакизат, Айсұлудың жауабын қалай толықтыруға болады?», «Самал, айтылған барлық жауаптарды қалай біріктіруге болады?» Бірлесе топта жұмыс жасағанда пікір таластырады, басқалардан үйренеді. Осындай өнімді жұмыстан кейін білім алушылар кері байланыс жасаған уақытта сындарлы пікірлердің куәсі болуға болады екен. Айсұлу деген студент: «Мен бүгінгі білім алаңында жауапкершілікті сезіндім. Бәсекелестікті емес қамқорлықты көрдім», Мадина: «Бүгін өнімді жұмыс барысында көпшілікке көмектесе алғаныма құаныштымын!».
Ал Самал: «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» демекші, бірігіп күш болдық, «Біріксек алынбайтын қамал жоқ екен» және тағы да басқа пікірлерді көруге болады. Осындай шығармашылық әрекеттердің нәтижесінде бірлесе жұмыс жасай алу дағдысын дамыта отырып, оқыту процесін байыта түсуге болады. Еңбектің нәтижелі болу үшін ұжым болып, бірлесіп осы іспеттес тақырыптарда семинар, шебер сыныптар жүргізіп, жұмыстың алдағы уақыттағы жоспарын құрып отыру қажет.
Сол арқылы білім алушылардың мамандықтарына деген қызығушылықтары мен балаға деген сүйіспеншіліктері артады. Жаңа мыңжылдық талабына сай, мұғалім–бақылаушы емес, бағалаушы да емес, бірлескен белсенді іс-әрекетті ұйымдастыратын шығармашылық істердің ұйытқысы. Қазір колледж оқытушыларының алдында мұғалім мамандығын игеріп жатқан білім алушылар отыр. Сабақтарда өз шығармашылық әлеуеттерін көрсетпей келген білім алушылар бойынан ашылмаған жаңа қырларын көруге болады.
Жаңа түсініктер мен жаңа дағдылар қалыптасады. Топта ынтымақтастық атмосфера туады. Топ ішінде шешілмейтін мәселе болмайтынын түсінеді. Өмір арнасында жұмыс жасайтын педагогтер тиімді түрде пікір алмасуға қажетті қасиеттерді – сабырлықты, басқаларды тыңдай білуді, өз пікіріне деген жауапкершілікті – дамытуға көп көңіл бөледі. Дәп осылай педагогтер оқу процесін сынып бөлмесі сыртында өтіп жатқан шынайы өмірге жақындата алады.
Қандай да болмасын педагогикалық қызмет нәтижесінде идеалды қоғам құруға бағытталған, осы тұрғыдан алғанда шығармашылықтың негізін меңгерген тіпті бір сыныпты биік мақсатқа апаратын қадамдар жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде студенттердің бойында рухани құндылықтар мен өмірлік дағдылары қалыптасады. Рухани білім ретінде: жалпы адамзаттық құндылықтар; қарым-қатынас жасау қабілеті; өзгелердің мәдениетіне және көзқарастарына құрметпен қарау; жауапкершілік; денсаулық, достық және айналадағыларға қамқорлық көрсету; өмір бойы оқуға дайын болу.
Ал дағдылары ретінде мыналарды атауға болады: сын тұрғысынан ойлау; білімді шығармашылық тұрғысынан қабылдау; мәселелерді шешу; ғылыми -зерттеу дағдылары; қарым-қатынас дағдылары (тілдік дағдыларды қоса); жеке және топпен жұмыс жасай алу; АКТ саласындағы дағдылары. Осындай рухани білімі мен өмірлік дағдысы қалыптасқан тұлғаны табысты ұрпақ деп толыққанды айтуымызға болады.
Бір қарағанда интеграциялау тәсілі күрделі тәжірибе іспеттес, алайда дұрыс өзін-өзі тану пәнінің құндылықтарын түсініп, сабақ мақсатын айқын қойып, тапсырма, жаттығуларды жоспарлауда әдістерді дұрыс таңдап, кері байланыс тиімді ұйымдастырылса табысты тәжірибе жасауға болады деп нық айтуға болады.
Акмарал Идирисовна ЕСЕНТАЕВА,
«Өзін-өзі тану» адамның үйлесімді
дамуы гуманитарлық колледжінің
оқытушысы, Алматы қаласы