А.Байтұрсынұлы – 150: Тарихи тұлғаның тағылымы

Ақын, ұстаз, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы және лингвист ретінде танылған тарихи Ахмет Байтұрсынұлының бір жарым ғасырлық мерейтойына байланысты біздің білім шаңырағында да  бірқатар мәдени тағылымдық іс-шаралар атқарылуда.

Биылғы балалар жылында «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясының Ахмет атамыздың шығармашылығына арналғаны да көңілге қуаныш ұялатады. 9 «б» сыныбындағы білімгерлердің қатысуымен ұйымдастырылған сыныптан тыс шарада «Ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында кітап көрмесіне қойылған ақын кітаптары мен мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар насихатталды.

Лицей кітапханасында жыл көлемінде қызмет көрсететін кітап көрмесінен ақын өлеңдері мен шығармаларын оқушыларымыз бен ұстаздарымыз заманауи талаптарға сай QR-код арқылы оқи алады. Қазақ халқының өркениетін дамытуға зор үлес қосқан еңбектері мен тауқыметке толы тағдыры жайында мол ақпарат шоғырланған Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйімен онлайн-саяхат жасалды.

Жетінші «б» сынып оқушыларымен болған онлайн саяхат құнды жәдігерлермен таныстыра отырып, оқушыларымыздың білімдерін толықтыра түсті. Сөзіміздің реті келгенде ахметтанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Сахыбекқызы Имаханбет басқарып отырған ұжымға алғыс білдіреміз.

«Қазақстанның тәуелсіздігін сақтау үшін ең алдымен білім мен мәдениетке ұмтылу керек», – деп санаған халқымыздың рухани көсемі А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы біз үшін баға жетпес қазына. Өткен жиырмасыншы ғасырда ұлт үшін күресіп, өшпес мұра қалдырған бірегей тұлғаның есімі мен ел мүддесіне арналған еңбектері ұрпақ жадында мәңгілік сақталары сөзсіз.

Құралай Қалиятқызы КАМАЛИЕВА,
Оралхан Бөкей атындағы № 44 лицейдің
кітапхана меңгерушісі, «ҚР Мәдениет
саласының үздігі», «Абай» мерейтойлық
медалінің иегері, Шығыс Қазақстан
облысының Өскемен қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий