Оқушылар қауіпсіздігі – маңызды міндет

Республика аумағындағы барлық мектепке дейінгі тәрбие орталықтары мен орта және кәсіби, жоғары білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен студент жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан соңғы жылдары айрықша көңіл бөліне бастағанын білеміз.

Себебі құбылмалы қоғамда өскелең ұрпақтың өміріне төнетін қатерлер азаяр емес. Еліміз мен шет мемлекеттерде арты қайғылы оқиғалармен аяқталған түрлі қылмыстық әрекеттер қалың көпшілікті алаңдату арқылы, бұл маңызды мәселеге байланысты заңнамаларды қатаңдататын толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттілігін бірінші кезектегі күн тәртіне шығарды.

Осыған орай қолға алынған әр түрлі деңгейдегі жауапты жұмыстарды ортақ мақсатқа сай ұтымды үйлестіру үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары және жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау құрылымдары және салалық ведомства басшыларына нақты тапсырмалар жүктегені де баршаға белгілі.

Қазіргі кезде миллион адамдық мегаполистер мен облыс және аудан орталықтарындағы полиция қызметкерлері оқушылардың мектеп ауласы мен ғимарат ішіндегі тәртібі мен қауіпсіздігін, білім ордаларының жанындағы көлік жолдарындағы жолақтар мен ескерту белгілер бойынша жаяу жүргіншілер ережесінің сақталуын тұрақты бақылауға алғаны анық.

– Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы мектеп ғимараттарының қауіпсіздік жағдайы толық жүз пайыз жақсарған. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары толығымен орнатылып, жергілікті полиция департаментінің жедел басқару орталығына интеграцияланған. Құқық қорғау құрылымының жауапты инспекторлары мектептердегі қауіпсіздікті тікелей бақылап отырады.

Одан бөлек, мектептердің кіреберістеріне адам келбетін танитын турникеттер орнатылған және арнайы мамандандырылған күзет қызметтерімен жүз пайыздық келісім шарт жасалған. Сондықтан оқушылардың қауіпсіздігі мен ғимараттардың сыртқы және ішкі күзетін қамтамасыз ету мақсатындағы ортақ іске жұмыла кіріскенін көрудеміз.

Кәсіптеріне адалдық танытқан жергілікті полицияның басшылары мен қарапайым тәртіп сақшыларына, арнайы күзет қызметтерінің жетекшілеріне өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына қолайлы орта қалыптастырғандары үшін қалалық білім басқармасы басшылығы мен барша ата-аналардың және оқушылар атынан алғыс айтып, ризашылығын жеткізгім келеді, – дейді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Сауытов.

– Қаланың жалпы аумағы Абай, әл-Фараби мен Еңбекші және Қаратау аталатын төрт үлкен ауданға бөлінген. Қалалық полиция департаментінің құрамдас бөлігі саналатын жедел басқару ортылығына қосылған көшелер мен білім беру ұйымдарының ғимараттарындағы қауіпсіздік тәулік бойы бейне бақылау камералары арқылы кірпік қақпай қадағаланып, бейне жазбалар бойынша арнайы мониторинг жүргізіледі.

Кенеттен оқыс жағдай орын алса осы заманауи техникалық құрылғылардың негізінде қылмыстың ізін суытпай ашып, кінәліні уақыт ұзатпай құрықтауға және болған оқиғаның нақты себебін білуге үлкен көмегі бар. Шаһардағы мектептердың таныс тіршілігі толық жүз пайыз бақылауға алынғалы бері тәртіп сақшыларының көмегін талап ететін тосын оқиға тіркелген емес.

Егер дабыл түймесі арқылы жедел қоңырау түссе біздің арнайы топ жедел түрде жетудің барлық мүмкіндіктерімен толық қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек барлық білім беру ұйымдарында оқушылардың күнделікті қауіпсіздігін қатаң қадағалау мен қатар құқықтық тәртіптің сақталуын бақылайтын инспектор қызметкерлер бекітілген, – дейді Шымкент қалалық полиция департаментіндегі жедел басқару ортылығы бастығының орынбасары Асқар Әліпбаев.  

Құзырлы органның мамандары ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек жолға жақын орналасқан білім ошақтары аумағында жол белгілерінің орналасуы, реттеу таңбалары мен құралдардың сапасы да ерекше назарда. Тәртіп сақшылары мектеп маңайларында бірнеше ауысыммен кезекшілікке шығады. Және құқықтық негіздегі әр түрлі жедел профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары да жүргізіледі екен.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий