Тарихы мен тағылымы терең

Еліміз бойынша үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласындағы тарихы мен тағылымы терең білім ордасы ретінде №1 А.С.Пушкин атындағы мектеп-гимназияны айрықша атап айтуға болады. 1923 жылы ірге тасын қалаған алтын ұядан түлеп ұшқан мыңдаған түлектер, әр түрлі мамандық иелері ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің барлық саласын ілгері дамыту жолында абыройлы қызметтерін адал атқаруда.

Қазіргі кезде 3800 оқушы 150 сынып топтамасы бойынша білім алуда. Ең әлсіз тұсы оқушы санының көптігіне байланысты ескі ғимараттардағы сынып бөлмелерінің жетіспеушілігіне орай толығымен үш ауысымда жұмыс жүргізуге мәжбүр. Есесіне басқа мектептерге ұқсамайтын бірінші артықшылығы пән сабақтарындағы тақырыптарға жалпы адамзаттық құндылықтарды кіріктіру бағыты бойынша республика аумағындағы алғашқы топтағылардың бірі ретінде жеті жыл бұрын осы бағалы бастаманы жедел қолға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізуімен үздіктердің қатарынан көрінуде.

Білімгерлерге 280 мұғалім дәріс беруде. Олардың арасында үш Phd доктары, 88 магистрант және 3 ғылым кандидаты бар. Ең бастысы бұл мектеп-гимназияның басшылығы тарапынан мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып, ой-өрісі мен қарым-қабілетін жетілдіруге және психологиялық жағынан жан-жақты қолдауға көп көңіл бөлінетіндігі басқалар үшін үлгі. «Себебі ұстаз жан-жүрегімен қалап таңдаған мамандығы бойынша қызмет атқаратын жұмыс орнында бақытты болса, сол пән мұғалімдерінен дәріс тыңдап, тәрбие алатын оқушылардың да бақытқа кенелері хақ», – деген ізгілікті қағида қалыптастырылуда.

 

– Ұстаздардың жемісті жетістіктерін түрлі білім бәйгесіне қатысқан озат оқушыларының шығармашылық ізденістегі биік белестерінен ғана емес, білім шаңырағына кірген сәттегі көз тартарлық керемет көріністерден-ақ бірден байқауға болады. Бақытты оқу ордасында білім алып, тәрбиеленген жас ұрпақ өзін бақытты сезініп, өзіне сенімділікті қалыптастырса болашақта уақыт үдерісіне сәйкес бәсекеге қабілеті жоғары әрі жан-жақты дамыған көшбасшы тұлға ретінде шыңдалып шығары даусыз, – дейді директор Абилдаева Гүлназ.

Мамандығы бойынша қазақ тілі және әдебиеті және өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімі ретінде талай талантты шәкірттің талабын ұштаған ол педагогика ғылымдарының магистрі, Phd докторанты атағын алған парасатты педагог әрі бірінші санаттағы білікті басшы ретінде отандық білім саласын дамытуға қосқан үлесі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, “ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерекелік медалімен марапатталды және “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін иеленген.

Кейіпкеріміз қаладағы білім беру ұйымдарының жетекшілері арасында былтыр алғашқылардың қатарында ұстаздар ұжымы мен мектеп оқушылары және олардың ата-аналарына арнап, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бір жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша ашық есеп беруін жариялағанын білеміз. Әрі директордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтердің  қоғамдық бақылауды күшейту мақсатындағы қоғам дертінің алдын-алуға бағытталған барлық шараларын жан-жақты қолдауы нәтижесінде түрлі себептермен кез-келген мерекелік іс-шараларға, мектеп әкімшілігіне, мұғалімдерге сыйлық алуға, мектептің жөндеу жұмыстарына, шаруашылық заттарын сатып алу және тағы басқа мақсатта ата-аналардан, ата-аналар комитеті атынан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес қала әкімдігінің бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған былтырғы бірейгей жобада бақ сынаған бұл білім ордасының жас шахматшылары қарсыластарынан озық көрініп, 20 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алғаны бар. Ауқымды шараға спорттың волейбол, футбол, баскетбол және шахмат түрлерінен қаладағы 140 мектептен барлығы 536 команда қатысып, демеушілер тарапынан бөлінген жалпы құны сексен миллион теңге құрайтын қомақты жүлдені сарапқа салған еді.

Бұл қаржыны иеленген мектеп басшыларына материалдық-техникалық базаны қайта жаңартып, спорт алаңдарын салу міндеті жүктелді. Жүз жылдық жылнамасы бар бұл білім шаңырағының кезекті ерекшелігіне келсек, осыдан төрт жыл бұрын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында отандық педагогтардың арасында екінші мәрте Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған ұлағатты ұстаз Алина Соловьева биология пәнінен дәріс береді.

Отыз жылға жуық саналы ғұмырын мұғалім мамандығына арнаған ол жалпы білім беретін мектептерге қос тілде оқулық жазудың озық үлгісін көрсеткен абройлы автор. Жасөспірімдер психологиясын жетік меңгерген тәжірибелі тәлімгердің шәкірттері 45 минуттық сабағына кешікпей келіп, түсіндірген тақырыпты ұйып тыңдайтын көрінеді. Тіпті үлгерімі көш соңындағы оқушылар да дәріске бастан-аяқ қатысатындығын білдік. Әріптестері де әр оқушының ерекшелігіне қарай білім берудің құпиясын меңгерген майталман маманның ғылыми ізденісін жоғары бағалап, ел таныған есімі мен ерен еңбегін әрдайым мақтан тұтады.

– Мұғалім мамандығы бойынша кәсіби шеберлікті арттыру терең түсіне білген адамға жоғары жауапкершік жүктейді. Себебі әрбр тақырыпты мәні зор мазмұнды әрі есте қалатындай қызықты ақпараттармен толықтыра түсіндіру үшін көп ізденуге тура келеді. Мен көбіне ашық дерек көздерін, жоғары оқу орындарына арналған әдебиеттерді қолданамын. Кейде жұмыстың көптігінен мектепте қонуға тура келген күндер болғанын жасырмаймын.

Бүгінгі таңда түрлі курстарда жоғары оқу орнына дайындау сабақтарын да жүргіземін. Таңның атқанынан күннің батқанына дейін бар ойым білгеніммен бөлісу, біл­ме­генімді үйрену, – дейді «Білім беру ісінің үздігі», «Жыл мұғалімі», «Ерен еңбегі үшін» ме­далі сынды көптеген атақтар мен марапаттарды иеленсе де қарапайымлығымен барша әріптестеріне үлгі болған педагогика ғылымдарының кандидаты Алина Робертовна.  

– Сәуір айының 12-і күні мектебімізде  республикадағы барша педагог әріптестерге кеңінен танымал “Білімді ел – Образованная страна” апталық газетінің бас редакторы, ҚР БҒМ Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Ләззат Түркістановамен жүздестік. Бұл басылым мектепке дейінгі, орта және жоғары оқу орнындағы білім бойынша, отандық ғылымдағы, азаматтық қоғамдағы, қоғамдық кеңестердегі, әскери-патриоттық тәрбиедегі, денсаулық, спорт саласындағы, тілдерді дамытудағы және тағы да басқа бағыттағы өзекті мәселелерді тұрақты және жүйелі түрде жариялап отырады.

Кездесу барысында Ләззат Мақсұтқызына білім шаңырағының мақтанышы ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың шығармашылығына қоса материалды-техникалық базамен, мектеп қауіпсіздігі үшін жасалған қондырғыларымызбен таныстырдық. Жүздесу өте маңыздылығымен ерекше әсер қалдырды. Отандық білім саласын жаңа заман талабына сай ілгері дамытуға бағытталған ортақ мақсаттағы жұмыстарымызға сәттілік тілеп, түрлі тақырыпта ой бөлістік, – дейді ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Гүлназ Сайлауқызы.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий