Дулати университетінің ғылыми әлеуеті артып келеді

Ғылымы өрге басқан елдердің қол жеткізген табысы – ғылым саласын  дамытқан мемлекеттердің экономикасы қандай деңгейге дейін көтерілетіндігінің көрінісі. Ал біздің елде оған алғышарттар жасалған ба? Иә жасалған. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Жаңа Қазақстан» моделін құрудың уақыт талабы екендігін, сол уақыт үдесінен шығып, еліміздің тұрақты даму жолына түсудің қаншалықты маңызды екендігін айтып өтті.

Жаңа Қазақстанның іргетасы берік болуы үшін бірінші кезекте еліміздегі ғылым мен білімнің сапалық деңгейі анағұрлым жоғары болғаны дұрыс. Бұл айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар білікті маман дайындауда әлеуеті жоғары бес жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселесі де – отандық ғылымды дамытудың тағы бір алғышарты деуге тұрарлық ілкімді іс. Қазақстанда ғылыммен айналысатын шамамен 383 түрлі ұйым бар екен.

Солардың ішінде ғылыммен айналысатын ұйымдардың басым бөлігі жоғары оқу орындары мен зерттеу инстиуттарына қарасты болып отыр. Ал, еліміздегі ғылымды дамытуға бағытталған 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаға сай ғылымды дамытуға он бір жарым миллиард қаржы бөлу қарастырылған. Бұл қаржы ғылымға деген қажеттіліктің барлығын өтей ала  ма, ол әлі де толыққанды шешілмеген.

Жыл сайын еліміздегі ғылымды дамыту үшін сан түрлі жобалар ұсынылып, конкурстар өткізіліп тұратыны белгілі. Президент ғылымды қаржыландыру 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын құруы тиіс екендігін қадап айтты. Сонымен қатар ешкімге керексіз, бәсекелестікте салмағы жоқ, мағынасыз, мәнсіз ғылымды қаржыландыруды тоқтатқанның дұрыс екендігін де ескерткен болатын.

Отандық ғылымды дамыту үшін Білім және ғылыми министрлігі тарапынан да ілкімді істердің атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Министр Асхат Аймағамбетов өз сөзінде: «Бұрын ғылыми жобаларға конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін. Егер ғалым грант ала алмаса, келесі мүмкіндік тек үш жылдан кейін ғана беріледі. Соның салдарынан көптеген білікті ғалымдар ғылым айдынынан алыстап кету мүмкіндігі жоғары болатын.

Енді конкурстар жыл сайын өткізіледі», деп ғылыммен айналысуға ниетті адамдардың мүмкіндігінің анағұрлым кеңейгендігін тілге тиек етіп отыр. Білген адамға бұл да отандық ғылымның сандық көлемінен бас тартып, сапалық деңгейге көтерілуге бағытталған игі шара дер едік. М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университеті де отандық ғылымның дамуына өз үлесін қосып отыр.

Қазіргі таңда университетте қызмет атқаратын оқытушы-профессорлардың ғылыммен айналысуына толық мүмкіндік жасалған. Жақында ғана университеттің оқытушы-профессорлары арасында жүргізілген анкеталық сұрақтың нәтижесі – соны көрсетті. Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы заман ағымына сай өзгерістерге қарай қадам жасап отыр. Оқу орнындағы қоғамның дамуына, өңірдің өркендеуіне қызмет ететін жаңа білім бағдарламалары – оқу орнындағы 908 профессор-оқытушының еңбегі.

Ал осы құрамның 38-і ғылым докторы, 286 ғылым кандидаты және 60 PhD докторы, 473 магистр екенін ескерсек, оқу бағдарламаларының мәні мен мазмұны қаншалықты салмақты екенін саралай беруге болады. Жалпы, ғылымның қоғамдағы рөлі қандай екенін бағамдау үшін экономикадағы – интенсивті және экстенсивті жүйенің айырмашылығын саралаудың өзі жеткілікті. Көп шығын жұмсап, аз өнім алу – қай салаға да тиіміз.

Ал жаңа технологияларды енгізіп, ғылыми негізі бар жаңа әдістерді қолдану өнімділікті арттырады. Осы әдіс-тәсілдерді ұсынатындар кім? Әрине, зерттеу-сараптау жұмыстарының нәтижесіне сүйеніп, тың жобаны әзірлейтін өнертапқыштар, ғалымдар, зерттеушілер. Бір сөзбен айтқанда, ғылым барлық салаға серпіліс әкеледі. Экономиканың әр саласын біріктіріретін, яғни интеграциялайтын күш те – осы. Сондықтан, ғылымы дамымаған ел, өркениет көшінде көш соңында қалады деп нақты айтуға болады.

Міне, осы себепті университетте қабылданған 15 ғылыми-зерттеу бағдарламасының құрамдас бөлігінде қамтылған бірқатар тақырыптарда облыстың экономикалық даму ерекшеліктері ескерілген. Соған байланысты көрсетілген тақырыптық жоспарға сәйкес 104 ғылыми-зерттеу бағытында жұмыс жүргізіледі. Оның екеуі – іргелі, 92-сі – қолданбалы, тағы 10-ы – тәжірибе-құрылымдық зерттеу тақырыптары болуының өзі – көп нәрсені аңғартады.

Осы тақырыптар нәтижесін беріп, жобалар қабылданса, оның өңір экономикасын арттыруға көп көмегі тиері анық. Былтыр ғылыми-зерттеу жұмыстары 2 институт, 5 факультетте, 51 кафедрада, 2 ғылыми зерттеу институтында, 1 ҒОӨО және 11 ғылыми орталықтарда жүргізілді. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жалпы қаржыландыру есептік жылда 127,6 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстарғанда 3 есе көп.

Тағы бір айта кететіні, 12 ғылыми-зерттеу жобасы, оның 3-еуі халықаралық, 6-ауы бюджеттік, 3-еуі шаруашылық келісім-шарт негізінде жүзеге асырылды. Бөлінген қаражатқа талдау жасасақ, бір штаттық оқытушыға шаққанда қаржыландыру көлемі 140,5 мың теңгені құрағанын көруге болады. Осының өзі – ғылымды дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп отырғандығының көрінісі. Зерттеу жұмыстарын жүргізуде игерілген қаржының ең жоғарғы көлемі Ұстаз институтына тиесілі.

Атап айтсақ, соңғы жыл ішінде ғалымдардың зерттеулері үшін 63 миллион теңге жұмсалған. Ал университет ғалымдары ұсынған халықаралық жобалардан түскен түсім  44 миллион теңгені құрайды. Зерттеушілеріміздің ғылыми белсенділігі де жоғарылап келеді. Мәселен, былтыр республикалық конкурстарға, гранттарға, шәкіртақыға 115 өтінім жіберілген. Атап айтсам, өткен жылы «Ә.С. Ахметов атындағы Наноинженерлік зерттеу әдістері» ғылыми-зерттеу зертханасынан ҒЗЖ нәтижелерін коммерцияландыру» офисіне коммерцияландыруға өтінімдер берілді.

Қазіргі уақытта осы өтінімдерге байланысты тиісті мекеме басшыларымен хат алмасулар, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келісім-шарт жасасуға ниетті мекемелер көп. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігінің «Жалпыұлттық ғылыми басымдықтар негізінде бекіткен жер қойнауын пайдаланушылар бөлетін пайдалы қазбаларды өндіру шығындарының 1 пайызы мөлшерінде қаражатты бөлу жөніндегі» Жол картасының 14-тармағына сәйкес жұмыстар да жүргізілді.

Белгіленген тәртіп пен талаптарға сәйкес былтыр «Ком-Мұнай» ЖШС кадрларды даярлау бағыттарының тізбесі бойынша 28 миллион теңге төледі. Былтыр университет ғалымдарының 21 монографиясы жарық көрді. Зерттеушілердің 1407 ғылыми мақаласы жарияланды. 262 жарияланым шетелдік басылымдарда басылғанын атап айту керек. Тағы бір атап өтетіні, есептік жылда патенттік-лицензиялық жұмыс аясында өнертапқыштық саласында берілген өтініштер негізінен жеңіл, тамақ, химия өнеркәсібі, гидротехника, энергетика, құрылыс салалары үшін өнімділігі жоғары машиналарды және технологияларды құруға бағытталды.

Өнертабыстарды рәсімдеуге жалпы 37 өтініш беріліп, Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелді. Олар 10 пайдалы модельге және 22 авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер берді. Жастарды ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында студенттердің жобалау-конструкторлық бюросы жұмыс істейді. Негізінен бұл бағыттағы жұмыс «Мектеп үйірмелері – Ғылыми үйірме – Студент зерттеуші – Жас ғалымдар кеңесі» моделі бойынша OPEN яғни АШЫҚ форматта өтеді.

Студенттерге арналған 55 үйірмеге жастардың 13 пайызға жуығы тартылған. Осындай нақты жұмыстардың арқасында 2021 жылы 229 студент халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық және университетішілік олимпиадаларға қатысып, 119-ы жүлдегер атанды. Соның ішінде 31 жамбылдық жас зерттеуші өз білімдерін халықаралық деңгейде дәлелдеп шықты. Ғылыми жаңалықтардың уақытылы айналымға енгізілмеуіне кей жағдайларда ақпараттық вакум кедергі келтіреді.

Жасалған жұмыстарды жарияламаудың, қаржыландыру конкурстарына өтінім жібермеу немесе өтінімдерді дұрыс рәсімдемеудің салдары – тың жобалардың уақыт өте келе өзектілігін жоғалтып алуына әкеліп соғуда. Ал оны шешудің жолы –орындалған жұмыстардың нәтижелері бойынша авторлық құқық және патенттер алу. WoS, Scopus базаларындағы рейтингі жоғары басылымдарға және КОКСОН тізіміне енген  журналдарға мақала жариялау.

Сондай-ақ қаржыландыру конкурстарына өтінімдерді дұрыс рәсімдеуге көмектесу. Осы жайттарды саралай келе, біз өз тарапымыздан жарияланым жасауға, құжаттар рәсімдеуге қолдау көрсетуді қолға алдық. Хорезмиден қалған мысалдың өлшеміне салсақ, елімізде  іргелі ғылымдар мен қолданбалы ғылымдар мықты дамымайынша, шетелден әкелген жаңа технологиялар мен күн сайын өтіп жатқан жиналыс, кеңестердің де пайдасы болмайтынына көз жеткізетін уақыт жетті.

Бір ғана ақиқат бар. Білім мен ғылым дамымайынша, бәрі бекер. Ғылымға керекті қолдауларды ұйымдастыру соншалықты үлкен тәуекелді қажет етпейді. Себебі, ғылым мен білімге құйған қаржы он тіпті жүз еселеп кері қайтатыны сөзсіз.

Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің Б
асқарма төрағасы – ректор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий