Ғылымды дамытпай өркендеу мен өрлеуге жол ашылмайды

Кез келген өркениетті мемлекет үшін дамудың тірегі, идеологияның негізі, экономиканың өзегі – ғылым. Себебі мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік ахуалы, тұрақты әрі қауіпсіз дамуы ұлттық ғылымның әлеуетіне тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттің қолдауымен еліміздегі алдыңғы қатарлы ғылыми мектептер, тармақталған ғылыми ұйымдар желісі сақталып қалды, прогрессивті “Ғылым туралы” заң қабылданды, қазақстандық ғалымдар біршама табыстарға қол жеткізді.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі адамзаттың жағдайы ғалымдардың қолында екенін айта келе, отандық ғылымның әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, универтситетте 908 профессор-оқытушы еңбек етсе, соның 38-і ғылым докторы, 286 ғылым кандидаты және 60 PhD докторы, 473 магистр дәрежесіне ие екендігі соның айғағы.

Сонымен қатар оқу ордасындағы 2 институт, 5 факультетте, 51 кафедрада, 2 ғылыми зерттеу институтында, 1 ҒОӨО және 11 ғылыми орталықтарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ғылым қаржыландыру жайы да жыл сайын артып келеді. Мәселен, есептік жылда қаржыландыруға 127,6 миллион теңге жұмсалды. Тағы бір айта кететіні, 12 ғылыми-зерттеу жобасы, оның 3-еуі халықаралық, 6-ауы бюджеттік, 3-еуі шаруашылық келісім-шарт негізінде жүзеге асырылды. Бұдан бөлек өткен жылы оқу орнында 5 ірі ғылыми іс-шара ұйымдастырылып, жоғары дәреже өтті.

Осы орайда оның екеуі халықаралық ғылыми конференциялар екенін ерекше атап өткен жөн.  Дәстүрлі «Үркімбаев оқуларынан» басқа Дулати университетінде аралас форматта Шадринск мемлекеттік педагогикалық, Карабюк университеттері (Түркия) Білім сарапшыларының Қазақ Лигасымен бірлесіп, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Педагогикалық білім беру: әлемдік руханият, заманауи трендтер және инновациялық тәжірибе» атты ІІ халықаралық педагогикалық оқулары жас зерттеушілерге серпіліс беріп, ғылымға деген қызығушылықтарын арттырды.  Жалпы жастарды ғылымға баулу мақсатында Дулати университетінде түрлі үйірмелер, студенттердің жобалау-конструкторлық бюросы  жұмыс істейді.

Негізінен бұл бағыттағы жұмыс «Мектеп үйірмелері – Ғылыми үйірме – Студент зерттеуші – Жас ғалымдар кеңесі» моделі бойынша жүргізіледі. Тағы бір атап өтерлігі, Былтыр университет ғалымдарының 21 монографиясы оқырманған жол тартса, зерттеушілердің 1407 ғылыми мақаласы жарияланып, 262 жарияланым шетелдік басылымдарда жарық көрді. Ғылымда қол жеткізген табыстарымыз баршылық. Атап айтсақ, патенттік-лицензиялық жұмыс аясында өнертапқыштық саласында берілген өтініштер негізінен жеңіл, тамақ, химия өнеркәсібі, гидротехника, энергетика, құрылыс салалары үшін өнімділігі жоғары машиналарды және технологияларды құруға бағытталды.

Сонымен қоса өнертабыстарды рәсімдеуге жалпы 37 өтініш беріліп, Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркелді. Олар 10 пайдалы модельге және 22 авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер берді. Бұл университетте ғылымды дамыту бойынша қолға алынған ілкімді істердің бір парасы ғана. Алдағы уақытта да жүзеге асатын жұмыстар аз емес. Бастысы ғылымның қарқын алып келе жатқаны көңіл қуантады. Себебі ғылымды дамытпай ешқандай өркендеу мен өрлеуге жол ашылмайды.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ,
М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің студенті, Жамбыл облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий