Ғылым жаһандық жетістіктерге жол ашады

Ғылымның маңызды қызметі – қоғамның ілгерілетуші күші болу. Жаңа Қазақстан құруда ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерінің жаңғыртушы мәні зор. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық ғылым жүйесін бәсекеге қабілетті дамыту жұмыстарын  өзінің жіті назарында ұстап келеді. Үкімет қаулыларымен ел экономикасының барлық салаларын дамытуды қамтитын программалық құжаттар қабылданғаны белгілі.

Соның бірі – «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы. Аталмыш құжаттың «Ғылым» блогында отандық ғылымның көсегесін көгертететін шаралар (ғылымның кадрлық әлеуетін арттыру; ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілетін арттыру; ғылымның ел дамуына қосар үлесін арттыру; ғылымды басқаруды жетілдіру) айқындалған. Осыған байланысты, ҚР Білім және ғылым министрлігі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің бастамасымен Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын  дайындады.

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда 2 есеге өсті. Ғылымды қаржыландыруды ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу бағытында атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар отандық ғылымды дамытуға үлкен серпіліс әкелуде. Өткен жылы енгізілген іргелі ғылыми зерттеулерді іске асыратын ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландыру, базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбекақысын ендіру, ғылыми жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландыру мерзімін 5 жылға ұзарту, Ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне аппеляция институтын іске қосу сынды жаңашылдықтар ғылыми қауымдастықтың жүрегіне жол тауып, көпшіліктің  шығармашылық пен ізденіске деген құлшынысын арттырды.

Егер бұрын гранттық қаржыландыру конкурсы 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2020 жылы 5, 2021 жылы 6 конкурс өткізілді. Бұл өз кезегінде университет ғылыми жобаларын қаржыландыру деңгейінің елеулі  өсуіне әкелді. Мысалы, ҚР БҒМ Ғылым Комитетінің  гранттық қаржыландыруы негізінде 2021 жылы 11 жоба орындалды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20%-ға  артық. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелердің бірқатарына тоқталсақ: өңірдің авифаунасы зерттелді; экологиялық таза және энергия үнемдейтін микротолқынды сәулелену жағдайында карбон қышқылы эфирлерінің синтезі алынды.

Lilos F1 қызанақ буданын өсірудің инновациялық технологиясын қолдану бойынша Арал өңірінің фермерлік жылыжай шаруашылықтарына енгізуге ұсыным берілді; мектеп оқушыларына арналған «HomeCasуе» мобильді қосымшасы жасалды. Сонымен қатар, шетелдік кітапханалар мен мұрағаттар қорынан М.Шоқайдың қолжазбалары мен мақалалары жинақталды, тікелей түпнұсқасы негізге алынып, осы күнге дейін аударылмаған мақалалары алғаш рет қазақ тіліне аударылды.

Египет Араб Республикасындағы Дарул-Кутуб кітапханасының қолжазбалар қорынан ғылымда осы күнге дейін айтылмаған «Китаб муқаддима» қолжазбасының мысырлық нұсқасы табылып, сандық көшірмесі жасалды; «Иршәдул-мулук» ескерткішінің түпнұсқасымен жұмыс жасалып, кодикологиялық, палеографиялық, теолингвистикалық талдау жасау арқылы қолжазбаға қатысты жаңа деректер анықталды.

Гранттық зерттеулер нәтижесі бойынша қазірдің өзінде WoS және Scopus деректік базаларындағы журналдарда 5 мақала, еліміздің ең беделді ғылыми басылымдарында 29 мақала, 1 монография, 3 патент жарияланды. Биыл жас ғалымдар жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсына 17 жоба ұсынылып, қатаң іріктеуден өткен біздің 6 жас ғалымның жобасы бүгінде Ұлттық ғылыми кеңестің қарауында. 2022-2024 жылдарға арналған  гранттық қаржыландыру конкурсына университет ғалымдары дайындаған 40-тан астам жоба ұсынылмақ.

Одан бөлек облыстық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жыл сайын  археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Пандемия әкелген келеңсіздіктерге қарамастан, Германияның DFG гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлескен «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны қорытындыладық.

Нәтижесінде екі археологымыз жыл аяғында Тюбинген университетінде докторлық диссертацияларын қорғамақ. Еуроодақтың гранттық «Көкжиек-2020» зерттеулер және инновациялар бағдарламасы бойынша «Инновациялық судаерігіш фитоматериалдар – Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін ингибиторлар» атты  алыс және жақын шетелдердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының ғалымдарымен бірлескен төртжылдық жоба жалғасуда.

Ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша университет ғалымдарының WoS және Scopus деректік базаларындағы журналдарда 100-ден аса мақала жарияланды. Осы базаларда 110-нан астам оқытушының Хирш индексі айқындалған. Монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары, өнертабыстарға алынған патенттер саны да жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 8 оқытушымыз PһD докторлық диссертацияларын  қорғады.

Аймақ экономикасының өзекті проблемаларына арналған жастардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету, жігерлендіру басты мақсаттарымыздың бірі болғандықтан былтыр университеттің жас ғалымдарына арнайы 4 грант (10 млн теңге) тағайындадық.  Ағымдағы жылы  осы гранттар игерілген соң, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің жаңа конкурсын жарияламақпыз. Білім алушыларды ғылыми ізденістерге тарту ісі қызметіміздің басым бағыты.

Бұл тұрғыда Жас ғалымдар кеңесі, Студенттік ғылыми қоғам, кафедраларда 36 студенттік ғылыми үйірме студенттерді ғылыми шығармашылыққа баулиды. Студенттер ғылыми жұмыстарына арналған түрлі деңгейдегі конкурстар нәтижелері бойынша жалпы 85 студент жүлделі орын иеленді: халықаралық конференциялар бойынша – 19 студент,  республикалық конференциялар бойынша – 12 студент. 2021 жылы студенттер 63 мақала жариялады. ҚР ЖОО арасында 2021 жылы өткізілген республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсының нәтижесі бойынша 5 білім алушы жүлделі орындарға ие болды (3 білім алушы – І дәрежелі дипломмен, 2 білім алушы – II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды).

ҚР ЖОО арасында өткізілген ХІІІ республикалық студенттік пәндік олимпиадалар қорытындысы бойынша 14 білім беру бағдарламасы бойынша 33 білім алушы жүлделі орындарға ие болды. Ғалымдарымыз облысымыздың мектеп оқушыларын ғылымға баулуда елеулі жұмыстар атқаруда. Университеттің 100-ге жуық оқытушы-профессоры мектеп оқушыларына табысты ғылыми жетекшілік жасауда. Соңғы бірер жылда 125 мектеп оқушысының халықаралық, республикалық ғылыми жұмыстар конкурсы мен олимпиадалардың жүлдегері атануы, айтылғанның жарқын дәлелі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Хореография академиясында 17-19 наурыз аралығында өткен республикалық пәндік олимпиада мен жас хореографтардың IV байқауында «Қорқыт орда жастары» командасы ІІІ орын иеленді. Университеттің электронды кітапханасы МегаПро бағдарламасы арқылы 24/7 режимінде жұмыс жасайды, оқырмандар оны қашықтықтан пайдалану мүмкіндігіне ие. Кітапхананы OPEN SPACE форматында модернизациялау жұмысы жоспарлы жүргізіліп жатыр.

Жыл сайын білім беру бағдарламасына сәйкес пәндерді оқу құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында отандық баспалармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, кітапхана қоры керекті әдебиеттермен толықтырылуда. Бірнеше жыл жүргізілген жоспарлы жұмыстар нәтижесінде «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Хабаршысы» журналының «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» бағыты ғылыми еңбектің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді.

ҚР БҒМ ЖОО-ның қызметін отандық ғылыми-зерттеу институттарымен интеграциялауды іске асыруды 2022 жылдың басты бағыттарының бірі ретінде қарастыруда. Біз бұл жұмысты дереу қолға алып бүгіннің өзінде 21  отандық ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатудамыз. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: бірлескен диссертациялық кеңестер құру; нысаналы-бағдарламалық және гранттық қаржыландыру конкурстарына бірлескен жобалар ұсыну; ҒЗИ қызметкерлерін оқу процесіне, дипломдық және диссертациялық жұмыстарға жетекшілікке тарту; университеттің докторанттары мен жас ғалымдарын ҒЗИ базасында тағылымдамадан өткізу.       

Университеттің бизнес өкілдерімен ынтымақтастығын дамыту күн тәртібінде өткір тұр. Бұл тұрғыда ірі бизнес өкілдерімен ынтымақтастық бойынша жол картасы дайындалып, соған сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде өңірдегі ірі компаниялардың өндірістік проблемаларын шешуге бағытталған ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстары ерекше маңызға ие. Осындай жобаларымызға  «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ҚОР» Мұнай компаниясы» АҚ қаржы бөлсе, «ҚуатАмлонМұнай» БК» ЖШС, «Торғай Петролеум» АҚ компаниялары қызығушылық  танытуда.

Күні кеше «Торғай Петролеум» АҚ компаниясының геология және даму жөніндегі директоры  А. Ермаков  бастаған  білікті  мамандармен кездесуге бір топ университеттің жетекші ғалымдарын бастап бардым. Ғалымдар (А.Сейтмұратов, Н.Аппазов, С.Үдербаев, Н.Сүлейменов, Н.Ермұқанова) ұңғыманы игеру кезінде бұрғылау ерітіндісіндегі толтырғыштың гранулометриялық құрамын оңтайландыру, судың тұтқырлығы мен мұнайда еріген заттардың концентрациясы арасындағы байланысты анықтау бойынша ізденістерін ілгерілетуде.

Қызылорда облысы кен орны топырағына радионуклидтердің техногендік әсерін төмендету, перспективті тыңайтқыш-биочарды ластанған топырақтың сапасын жақсарту үшін қолдану және тағы да басқа тақырыптағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері бар. Екі жаққа пайдасы көп кездесу барысында компания өкілдері ұсынылған жобалардың өзектілігіне тоқталып, қазіргі таңда өндірісте басқа да қордаланған мәселелер бар екенін ортаға салды. Өз тарапымыздан оларды шешу  жолдарын қысқа уақытта ұсынатын болып уағадаластық.

Жаңашыл ғалымдарымыз әзірлеген «Күріш сабанынан целлюлоза алу технологиясын оңтайландыру», «Антисептикалық өнімдер өндіру» және «Бақша дақылдарынан эксперименттік үлгілерді алу» жобалары   коммерцияландырды. 2021 жылдың аяғында “Физика-химиялық талдау әдістері” инженерлік бейіндегі зертхананың зерттеу жұмыстары   ауқымын кеңейту үшін арнайы Автоматты анализатор сатып алынды. Анализаторда күріш өндірісінің қалдықтарынан алынған белсендірілген көмір түйіршіктерінің кеуектілігін талдау және нақты бетін өлшеу жұмыстары орындалуда.

Алынған нәтижелердің коммерциялық әлеуеті зор. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық қалдықтары негізінде тыңайтқыш-биочар өндіру технологиясын коммерцияландыруға аймақтағы компаниялар мүдделілік танытуда. «Ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау» зертханасын құру да жоспарымызда бар. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикасы, селекциясы, тұқым шаруашылығы саласында, оның ішінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің кадр контингентінің біліктілігін арттыру шеңберінде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар, аталған зертхана өсімдік шаруашылығы өнімінің сапасына тәуелсіз ауыл шаруашылығы сараптамасы ретінде облыстың тауар өндірушілеріне өнім сапасы сертификатын алуға және Арал өңірінің экспорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік бермек. Тағы бір жақсы жаңалығымыз – АҚШ Елшілігі қаржыландыратын  «Қазақстан университеттерінде экология мен қоршаған орта ғылымдары бойынша тіректі оқу бағдарламаларын ілгерілету» жобасының орындаушысы болуымыз.

Жобаның үйлестірушісі АҚШ-тың Мичиган университеті. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан ЖОО-ның экология және қоршаған орта саласында білім беру бағдарламаларының мазмұнын жақсарту әрі сараптамалық танымды дамыту, оқытушылардың сабақ беру дағдыларын жетілдіру. Грант иеленуші ретінде университетіміз алдағы маусым айында отандық 5 университетпен АҚШ, Нигерия,  Моңғолия ЖОО-ның жас ғалымдарын біріктіретін жұмыс алаңшасына айналмақ.

Білім, ғылым, технология ұштастыру бағытында Корея Республикасының Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірігіп, жеті жылға арналған «Жасанды интеллект пен информатиканың жаңа мектебін және бизнес-инкубатор орталығын құру-Creating a new School of AI and Informatics and a business incubating center» атты  халықаралық жоба дайындадық. Жоба Корея Республикасы Білім министрлігі мақұлдап (07.03.2022ж.), өз үкіметіне жолдаған. Жүзеге асыруды келер жылдың қаңтар айында бастамақпыз.

Ел Президентінің Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында әлемнің ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымды тағылымдамадан өткізу міндеті қойылғаны белгілі. Біздің университеттің 7 ғалымы қаңтар айында үш кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден өтіп, АҚШ, Германия, РФ, Белоруссия елдерінде бір жылдық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Осылардың ішінен 5 ғалымымыз бүгінде шетелдік ғылыми орталықтарда кәсіби құзыреттілігін   дамытуда.

Ғылым саласындағы басты стратегиямыз-ғалымдардың ғылыми және кадрлық әлеуетін нығайту, ғылыми инфрақұрылымды дамыту, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру болып отыр. Ғылым саласы бойынша бойынша университетте атқарылу үстіндегі шаралар легі осындай. Ғылымды дамыту ісіне лайықты үлесін қосып келе жатқан ғалымдар университет қабырғасында аз емес. 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында олардың бірқатарын атап өтуді орынды санаймын.

ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.А. Бисеновтің басшылығымен жергілікті кондициялық емес шикізат пен техногендік қалдықтар негізінде  құрылыс материалдарының тиімді түрлерін әзірлеу саласындағы ғылыми мектеп өз саласында  жетекшілердің бірі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы жетекшілік ететін Сыр өңірі жыршыларының әдеби мұрасын зерттеу жөніндегі ғылыми ұжым  ұлт руханиятына өзіндік үлесін қосуда.

Психологиялық-педагогикалық бағыттағы жоғары білікті кадрларды кәсіби даярлау саласындағы ғылыми мектеп ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы  Ш.М. Майгелдиеваның жетекшілігімен қалыптасуда. ҚР ҰИА академигі, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Н.О. Аппазовтың басшылығымен органикалық синтез, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы мен өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы ғылыми ұжымның болашағы зор.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А. Шомантаевтың жетекшілігімен ауыл және орман шаруашылығында ағынды суларды пайдалану саласындағы ғылыми бағыт дамытылуда. Ғылым докторлары С.И. Қошқаров, С.Ы.Өмірзақов, И.А.Таутенов, Л.А. Тохетовалар жетекшілік ететін су, егіншілік және өсімдік шаруашылығы саласындағы ғылыми бағыттар өңірде жетекші рөлге ие. Өз ісіне шынайы берілген және ғылымды дамытуға үлкен үлес қосқан ғалымдар бізге  мақтаныш. Еліміздің барлық ғалымдарына Жаңа Қазақстан құру жолында тың идеялар мен жасампаз жаңалықтар тілеймін!

Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий