АҚШ-тың сегіз университетінің грантын келестік оқушы жеңіп алды

Түркістан облысындағы Келес ауданындағы Біртілек ауылдық округінде орналасқан №9 Көлтоған жалпы орта мектебінің 11- сынып оқушысы Жанерке Зейлбекова Америка Құрама Штаттарының 8 университетінен грант ұтып алды. Жалпы Жанерке бірнеше жылдан бері ағылшын тіліне қызығушылығы артып, меңгеруге кіріскен, – деп хабарлайды осы аймақтағы адами әлеуетті дамыту орталығының баспасөз қызметі.

– Қазіргі уақытта көп тіл білу біз үшін үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан 9-сыныптан ағылшын тілін терең меңгеріп, Назарбаев университетіне түсуге тыңғылықты дайындала бастадым.   Кейіннен онлайн түрде оқу курстарынан өтіп, шет елдегі конкурстарға қатысып жүрдім. Нәтижесінде АҚШ мемлекетінің 8 университетінен шақырту келді. Қуанышымда шек жоқ,-дейді дарынды шәкірт. Жанерке қазір бауырларына да ағылшын тілін үйретуде.

Талапты оқушыға Бостон, Нью-Йорк, Чикаго, Манхеттанда орналасқан жоғары оқу орындарынан шақырту келген. Жалпы 8 университеттің грант мөлшері 790,000 АҚШ долларын құрайды. Бұған дейін медицина мамандықтарының бірін таңдаймын деген жас түлек қазір ІТ саласын таңдап отыр. Цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқандығымызды ескеріп, мамандығын ІТ саласымен байланыстырғысы келетіндігін айтады.

Ол Түркия мемлекетінің жоғары оқу орындарына да құжаттарын тапсырған. Алдағы уақытта жақсы нәтиже келеді деген үмітте. Ауыл мектебінде оқитын оқушының жетістігі аймақтағы білім сапасының жоғары екендігін көрсетеді. Қазіргі таңда Келес ауданында 400-ге жуық ағылшын тілінің мұғалімі бар. Кәсіптік бағдар жұмыстары белсенді жүргізіліп тұрады.

Білімді де білікті ұстаздар шәкірттеріне мамандық таңдауда, тіл үйретуде үздіксіз кеңес береді. Аудан оқушыларының потенциалы өте жоғары. Келестіктер Жанерке сияқты талантты шәкірттерін мақтаныш етеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий