Үшінші мәрте үздік

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау шарасына аймақтың бас ұстазы Ақзира Қасымова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Сакен Серікбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі- академиялық мәселелер жөніндегі проректор Дана Абдрашева мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы жетекшісі Ляззат Бақтыбаева қатысты, – деп хабарлайды Қызылорда облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Қорытынды нәтижесінде биылғы оқу жылында көрсеткен үздік нәтижелері үшін Қазалы ауданының Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейі үшінші жыл қатарынан «Ең үздік ауыл мектебі – 2022» атанды. Батырбек Тәңірбергенов басшылық жасайтын бұл білім ордасынан республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 11 оқушы қатысып, жеті білімгер жүлделі орындармен және 1 шәкірт алғыс хатпен марапатталған болатын.

Қара үзген төрт үздік республикалық кезеңнің жолдамасын иеленді. «Қазақстанның үздік 100 мектебінің» қатарына енген бұл ұйымшыл ұстаздар ұжымы облыстағы үздік орта білім ұйымы ретінде қол жеткізген 17 000 000 теңгені құрайтын қаржылай сыйлыққа оқушылар мен ата-аналар үшін заманауи техникаларды сатып алған еді.

– Жаһандық желіге қосылған «Ақпараттық киоскіден» кез келген ата-ана мен оқушылар мектеп туралы барлық мәліметті көре алады. Сонымен бірге бірнеше пәндерді тереңдете оқытуға арналған «Roqed» және «BilimBook» интерактивті панельдер мен дыбыс жазбаларды заманауи талап деңгейінде әрлеуге арналған құрылғыларға қол жеткізген болатынбыз, – дейді дарабоз директор.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий