Рухани және адамгершілік – тәрбиенің бастауы

Тәрбиесіз адам адамгершілік жағынан надан, дүмше”, – дейді Сухомлинский. Ұстаз болу бала кезімнен арманым еді. Осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандыққа келуім кездейсоқ емес. Әрбір баланың болашақтағы арманы – бір мамандық иесі болу. Менің де бала күнгі арманым мұғалім болу еді. Мектеп табалдырығында жүргенде ұстаздарға еліктеп өстім. Ұстаздарымның келбеті менің ұстаздық жолымда да көрініс тапты. Өз-өзін ұстауы, мәдениетті сөйлеуі, адамгершілік қасиеті, сабақ түсіндіргендегі көріністері менің осы мамандықты таңдауыма себеп болды. 

Ақырын  жүріп  анық бас,
Еңбегін  кетпес  далаға.
Ұстаздық  еткен   жалықпас,
Үйретуден   балаға! Абай Құнанбаевтың өлең жолдары керемет, дәл  айтылған ғой. Балалардың бойында жас кезінен бастап ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірімділікті,  адалдықты және басқа да асыл қасиеттерді дамытатын біздер, ұстаздар. Мұғалімнің ең негізгі міндетінің бірі балаларға адамгершілік құндылықтардың маңыздылығына ден қоюға үйрету деп білемін.

Рухани-адамгершілік туралы айтқанда біз тәрбие салаларын толық қамтимыз. Себебі олар бір-бірімен тығыз байланысты. Тұлғаның өмірге, еңбекке көзқарасын, дүниетанымын қалыптастыруда оқытуды тәрбиелеуді өмірмен байланыстыруда рухани-адамгершілік яғни адалдық, кішіпейілдік, ниеттілік, жомарттылық, жауапкершілік сияқты тағы да басқа ізгі қасиеттерді дамытады. Қазіргі заманғы адамгершілік тәрбиесі жекелеген бағыттарға емес, адамгершілік құндылықтарға негізделеді. Адам – ең әуелі адамгершілігімен, парасатының биіктігімен көрікті екенін білеміз.

Мәдениеті жоғары адам ғана айналасындағылармен қарапайым  қарым-қатынас құра алады. Адамгершілік тәрбиесі оқушыларды адамгершілік ұғымы, принциптері, мінез-құлық нормалары жайындағы біліммен жанданып отырады. Оқушылар оларды оқып үйренумен шектелмей, оқу, тәрбие, еңбек процесінде іске асырғанда адамгершілік олардың сеніміне айналады. Адамгершілік қатынастар моральдық нормалармен өлшенеді. Рухани-адамгершілік тәрбие барысында әрдайым өз мұраттарын басты нысана етіп ұстау қажет.

Себебі, баланың көзқарасы оның күнделікті іс-әрекетімен сәйкес келмесе, олар ойлауға шебер, бірақ іс-әрекетке, қарым-қатынасқа жоқ адамдар болып шығады. Адамгершілік тәрбиесінің теориялық мәселелері Әл-Фараби, Ыбырай, Абай еңбектерінде кеңінен қолданыс тапқан. Әл-Фараби “Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан өз бағытын өзі жасауы керек. Ол не нәрсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған-тергенін орынсыз шашпай, кез келген адамға сырын ашпай, өзінің мақсат мүдделері жөнінде достарымен ғана бөлісіп отыруы керек.

Осылайша, өмір сүрген адамның ғана ар-ожданы таза болады. Абайдың қара сөздерін алатын болсақ, әр сөзінен үлкен мән, құндылық табамыз. Осы орайда, оқушым республикалық «Абайтану» олимпиадасының жүлделі орын иегері Несібеліні ерекше атап өткім келеді. Несібелінің шығарманы өн бойынан өткізіп, бар ықыласымен оқып, оның құндылығын жете түсінгенін көргенде кеудемді ерекше сезім биледі.

Оқушыларға шығармаларын таныстыра отырып, өз өміріне қалай, нені алуға болатынын талқылаудың маңыздылығы, рухани білімнің жан азығы екенін түсіндіре білу керек. Он жетінші қара сөзінде барлығын ақыл, қайрат, жүрек тартысында жүрекке бағындыру керек екенін айтып кеткен. Ішкі үніңді тыңда деуінің өзі де осы жүректі тыңда деген екен ғой. Сол оқушыларым үлкен өмірге қадам басып, бір-бір мамандық иесі болса да, рухани-адамгершілікке бағытталған тәрбиемен сусындағандарын, сол білімдері қазіргі өміріне пайдасы тиіп жатқанын естігенде кеудемді қуаныш тербеп, миссиямның дұрыс орындалғанына қуанамын.

Халқымыздың «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақалы бар. Балаға тәрбиені өзінің шамасына, жараталысына қарай беру керек. Жас бала – жас шыбық. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеу өте қиын. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы. Сондықтан бала жүрегіне адамгершілік қасиетті қалыптастыру ата-ана мен ұстаздардың міндеті.

Гульдиасем Орынбайқызы ОРЫНБАЕВА, 
«Өзін-өзі тану» гимназиясының қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий