Түркістан облысының полицейлері оқушылар үшін қызықты экскурсия ұйымдастырды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауы аясында және ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бастамасымен «Мен және менің полицейім» акциясы бойынша Түркістан облысының полицейлері облыс орталығының оқушылары үшін қызықты экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды осы шараны ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі.

Оқушыларды облыстың бас полицейі – Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қарсы алып, полиция қызметі туралы айтып берді. Бірінші кезекте балаларға жедел басқару орталығы көрсетілді, онда көшелердің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі.
Генерал-майор М.Қабденов оқушыларға полицейлер нақты уақыт режимінде көшелер мен жолдардағы жағдайды бейнекамералардың көмегімен қалай бақылап отырғанын, жедел міндеттерді шешу үшін полиция нарядтарын қалай басқаратынын және қылмыстарды “ізін суытпай” ашатынын айтты.
