Ақмола облысы: Ұлт ақындарының шығармашылығына арналған байқау
Жалпы білім беру оқу орындары оқушыларының арасында онлайн форматта «Мағжан оқулары» және «І.Жансүгіров оқулары» республикалық байқауларының облыстық кезеңі өтті. Ұйымдастырушы облыстық «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы», – деп хабарлайды осы аймақтағы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Байқаудың мақсаты – Мағжан Жұмабаев пен Ілияс Жансүгіровтың мұрасын жас ұрпаққа насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. «Мағжан оқулары» байқауына өңіріміздің 11 ауданынан, 2 қаласынан, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарынан, Көкшетау, Щучинск қалаларындағы Білім-инновация лицей-интернаттарынан 56 оқушы қатысты.
«Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауында 7 ауданнан, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарынан 22 оқушы бағын сынады. «Мағжан оқулары» «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім», «Жасынан оқу оқып, өнер куған…», «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған», «Мағжан поэзиясы – метафоралық бейнеде», «Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім…» номинациялары бойынша өтті.
«Ілияс Жансүгіров оқулары» «Ілияс – эпик ақын», «Сұлу сөздің сүлейі», «Ағынды менің –Ақсуым» номинацияларын қамтыды. Облыстық байқаулардың жеңімпаздары түрлі дәрежелі дипломдармен марапатталды. Республикалық кезеңге жолдама алған жеңімпаздарға сәттілік тілейміз!
Загрузка...