Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ
Қазіргі кездегі елімізде шешімі табылмай тұрған мәселенің күрделісі – сыбайлас жемқорлық. Бұл дертке қарсы күрес қолға алынып, қарқынды жүргізілуде. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл туралы» Заңының (18. 11. 2015 ж) қабылдануы сөзімізге дәлел. Дей тұрғанмен, заңды белшесінен басып ,кеселге ұшыраған адамдар саны азаймай тұрғаны, әлі де болса «көз қысты, бармақ басты» әрекеттің салдары ары таза қоғам мүшелерін қынжылтатыны рас.

Ел болып өркендеу үшін қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау қажеттілігін басты назарда ұстауды қатаң тапсырған ел Президенті «Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет» – деді. «Платон менің досым, бірақ шындық қымбат», – деп ежелгі ғұламаның айтқан сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еске түсіруі тегін емес. Өйткені шындық жүрген жерде қол ұшынан жалғасқан сыбайластық пен жемқорлыққа орын да жоқ екені рас.
Біздер, ұстаздар жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы оның алдын алу деп білеміз, сондықтан мемлекет мүддесін жеке пайдасынан артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген тәрбиелі ұрпақ өсіру – басты борышымыз. Болашағымыз, жастар сыбайлас жемқорлықтан аулақ болу үшін мектеп қабырғасынан бастап олардың бойына ар мен ұят, абырой, жауапкершілік, әділеттілік сияқты адамгершілік қасиеттерді барынша сіңіруге ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына жол ашады. Олар сыбайлас жемқорлықтың елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт екенін ұғынуы тиіс. Осы мақсатта біздің білім ордасында да осы тоқтаусыз дабыл қағатын әрекетпен қарсы жұмыс жүргізуде арнайы жоспарлар құрылған. «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» бағыты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы тақырыптар бойынша тұрақты түрде жүйелі жүргізілген іс – шаралар баланың санасына ой салары сөзсіз. Мектеп қабырғасында өтіп жатқан қарқынды жұмыстар – қоғам тазалығының бір бөлшегі дер білемін. Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға отыз жылдан аса уақыт өтті. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресу арқылы тамырына балта шабу баршамыздың азаматтық борышымыз деп білу керек.
Назия Алиханқызы АБИЛДАБЕКОВА,
№ 63 орта мектептің директоры, Шымкент қаласы
Загрузка...