Педагогикалық зерттеу: кешенді жұмыс оқу сауаттылығын дамытуға ықпалдаса ма?

Пьесадағы авторлық ремаркалар қандай ақпаратты түсінуге көмектеседі? Томирис неліктен  Спаргапис пен Балқаш батырдың қаза болғанын ешкімнің білмегенін қалайды?  Осы тектес сұрақтарға жауап беруде оқушылардың сыни ойлау, креативтілік дағдыларының жетіспейтіндігі анық байқалды. Ш.Құсайыновтың «Томирис» драмасынан берілген үзіндіге құрастырылған сұрақтарға жауап беру үшін пәндік білімді терең білу қажеттілігі бар ма деген сұрақ туындайтыны анық.

Осы тұста жоғары деңгейлі кез келген сұраққа жауап беру құзыреттілігін қалыптастыратын оқу сауаттылығының маңыздылығы жоғары. Ал, оқу сауаттылығы деген не? «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның әдістемелік нұсқаулығында оқу сауаттылығы коммуникативтік дағдының маңызды бір түрі ретінде оқу дағдысына диагностика жасау үшін «Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау» бағдарламасы бойынша (PISA) енгізілген термин ретінде қарастырылады.

Л.Рождественская «оқу» мен «функционалды оқу» түсініктеріне талдау жасап, келесі анықтаманы ұсынады: «Функционалды оқу дегеніміз – белгілі бір мәселені шешу немесе белгілі бір тапсырманы орындау үшін ақпаратты іздеу мақсатында оқу». 2018 жылғы PISA қорытындысы бойынша НЗМ білім алушыларының 27,1%-ы ғана күрделі деңгей тапсырмаларын орындай алғандығы талданады. Бұл көрсеткішті 2021-2022 оқу жылының басында НЗМ ДББҰ «Педагогикалық өлшеулер орталығы» филиалы қазақ тілі мен әдебиеті (Т1) пәні бойынша білімдері мен дағдыларындағы олқылықтарды анықтау бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері де растайды.

Оқу сауаттылығы бойынша олқы тұстарды жетілдіру мақсатында біздің білім ордасында жүйелі түрде кешенді іс-шаралар жоспарымен түрлі бағытта жұмыстар атқарылуда. Оқу сауаттылығы, алдымен, сабақ процесінде жүзеге асады. Пән бойынша NIS-Programme білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттары оқу сауаттылығына бақылау жүргізетін PISA емтиханының 6 деңгейлік тапсырмаларына толықтай жауап бере алады. Сол себепті, оқу бағдарламасының тиісті деңгейде жүргізілуінің маңызы зор.

Оқу сауаттылығы мәселесі он зерттеу тобының іс-әрекеттегі зерттеуін осы бағытта жүргізуіне түрткі болды. 2020-2021 оқу жылында 7-8 сынып оқушыларына ұйымдастырылған «Оқы! Ойлан! Оз!» жобасы оқушылардың PISA тапсырмаларының форматымен танысуына мүмкіндік берді. Өйткені сабақтарда мұндай форматтағы тапсырмалар жиі кездеспейді. Оқу сауаттылығын жетілдіруге бағытталған 7 апталық жұмыс оқушылардың ІЖБ кезіндегі нәтижелеріне оң ықпалын тигізді.

Мектепте ұйымдастырылған кешенді жұмыстар оқу сауаттылығын тек оқу процесіне қажетті дағды ретіндегі тар аяда емес, өмірлік мәселелерді шешудегі оқушылардың тиімді шешімді қабылдай алу дағдысы ретінде қарастыру қажеттілігін айқындады.

Айдар Хамидуллаұлы СҰЛТАНОВ,
Орал қаласындағы ФМБ НЗМ директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі,
Жансәуле Артуровна МАКСУТОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий