“Бір ел, бір кітап”: Жаңа жобаның жақсылығы
«Кітап білім бұлағы» деп дана халқымыз айтып өткендей, ең бай әрі құнды дүниелеріміздің бірі ол – кітап. Кітап оқу – адам баласының сауатын ашып ғана қоймай, рухани байытып, ерекше әсер қалдырады. Кез келген тілде жазылған кітаптың берері мол. Кітап оқи отырып тіл байлығымызды дамытамыз, есте сақтау қабілетті арттырамыз, жаңа көзқарас пайда болып, танымдық дүниелер де көбейе түседі.

Сондықтан ең басты байлық – кітапқа деген құрмет әркез үстем болуы тиіс. Осы мақсатта біздің білім ордасының кітапханасында «Бір ел, бір кітап» акциясы ұйымдастырылды. Бұл жаңа жобаның жастарымыз үшін жақсылығы жетерлік. Басты мақсат: жасөсіпірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани жігерлендіру. Әртүрлі жанрдағы кітаптарды таныстыра отырып, оқушылармен бірге талдау. Өзара пікір талас жүргізіп, ой өрістерін дамыту. Бұл жобаның ұстаздар мен оқушылар үшін берері көп.
Сондықтан мектеп кітапханасы республикалық ауқымды акцияның аясында, оқушылардың жаппай кітап оқуға шақырды. Кезекті шара 5«ә» сынып оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылып, қазақтың көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» повесіне арналды. Қазақтың қабырғалй қаламгерін балалар әдебиетінің бәйтерегі десек артық емес. Себебі көргенін көркем баяндап, кейіпкеріне жан бітіре суреттеу жазушының үлкен қасиеті еді. Соның арқасында балалар мен жасөспірімдерге арнап 20-дан астам әңгіме, повесттер ұсынған екен.
«Жекпе-жек» повесі оқушылардың қызығушылығын оятып, белсенділіктерін арттыра түсті. Басқосу барысында жазушының өмірі туралы бейне материал көрсетіліп, шығармашылығы талқыланды. Шығарма желісіне сай оқушылар пікір талас жүргізіп, ойларымен бөлісті. Түрлі логикалық ойындар ұйымдастырылып, карточкалармен жұмыстар жүргізілді. Кеш соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісіп, кітапханамыздағы жазушының шығармаларын оқуға алып кетті. Ерекше сезім қалдыра білген жобаның мақсаты да осы еді.
Балаларға жазушылар мен оның шығармаларын қызықты етіп таныстыру арқылы, оның кітап оқуға деген белсенділігін ояту. Тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыт аралығында ұлттық әдебиетіміз бен терең де тағдырлы тарихымыздағы талай тау тұлғалардың есімі қайта жаңғырып, ақтаңдақтардың ащы ақиқаты айтылды. Олқылықтардың орны толырылғалы бері құнды ажетті кітаптарды іздеп оқитын ойлы оқырмандардың саны артып келеді. Қазақ жазушыларының шығармалары сөре беттеріне қойылып, мақтанып, марқайдық. Ең негізгісі кітапқа деген сүйіспеншілікті жоғалтпай, төл туындыларымызды дәріптей білейік. Себебі сауатты ұрпақ – ертеңгі жарқын болашақ.
Гүлшира Бақтиярқызы ЖҮНІСБЕКОВА,
№178 мамандандырылған лицейдің
кітапхана меңгерушісі, Алматы қаласы