Білімді елдің болашағы – мектепте

Бүгінде білім беру үдерісінде балабақша – орта мектеп – жоғары мектеп жүйесі жүйелі түрде сатылай тығыз байланыста дамуы қажет деген мәселе айтылып жүргелі қашан. Білім деңгейі озық елдердің барлығы осы жүйені қатаң ұстанады. Бұл мәселе дұрыс жолға қойылмай, білім беру ісінде нәтижелі сабақтастық болмасы да анық. Осы орайда жоғары оқу орындарының оқытушылары мектеп оқушыларының жоба жұмыстарына жетекшілік етіп, бағыт-бағдар беруде бірлесе жұмыс істеп, әріптестік қарым-қатынас жасауға тырысады.

Сондай байланыстың негізінде жуырда бір ісшараның куәсі болдық. Алматы қаласындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімімен аталатын №140 гимназияда «Басқару менеджменті: Педагогикалық әдеп қағидаларын ұстана отырып жұмыс жүргізудің нәтижелілігі» атты тақырыпта респубикалық семинар ұйымдастырылды. Қандай өзгеріс болсын адам алдымен өзінен бастауы керек. Ізгі қоғамға жетудің алғышарты – әдептен басталатынын ескерсек, оны ең алдымен өзіңнен бастауға тиіссің. Жаңа Қазақстан құру жолында да ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктелері сөзсіз.

Жиынның мақсаты да – басшы әдебі мен кәсіби құзыретті мұғалімге тән ерекшеліктерді жан-жақты игерген жаңа форматтағы ұстаз келбетін таныту болғандықтан, оған еліміздің барлық өңірлерінен келген мектеп басшылары, олардың орынбасарлары мен ұстаздар қауымы қатысты. Шара барысында бүгінгі білім беру парадигмасындағы өзгерістерден қалыспауға тырысқан ұжымның біраз нәтижеге жеткеніне көз жеткіздік. «Әрине, бұл бір күннің шаруасы емес.

Жылдар бойғы қажыр-қайраттың, өз ісіне берілген ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Басшының ары да, жаны да таза болуы тиіс», – деген ұстаздар ұжымының жетекшісі Тілеубай Сәния Өскенбайқызының сөзінен көп нәрсені аңғардық. Әрбір шәкіртін туған баласындай мәпелеп, әрбір қызметкеріне тұлға ретінде құрметпен қарайтындығы, әдеп қағидаларын ең алдымен өз бойына сіңірген қарапайымдылығы сезіліп тұрды. Толық ұстаз келбетін қалыптастыру жолындағы үлгі боларлық ісіне дән риза болдық.

Мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Темурбаева Сафура Сәлімбайқызы авторлық бағдарлама ретінде 45 минутқа қажетті 45 қасиеттің сырын бағамдатып, жаңа форматтағы мұғалім портретін танытуда нағыз мұғалім формуласын көрсетіп берді. Сондай-ақ тәжірибе алаңында Д.Сағынғалиев, С.Сапарова, Л.Сыздықова, К.Сәрсембаева, Г.Демжанова, Қ.Түстікбаева, Г.Иманбаева, Ш.Әлімбек сынды үздік ұстаздар шеберліктерін, шешендіктерін танытты. Қысқасы, қатысушыларға ұстаздардың шығармашылық әлеуеті арқылы мұғалім еңбегінің моделі жасап ұсынылды.

Және осы үлгінің басқа да білім ошақтарына таратылуына қатысушылар тарапынан ұсыныс та жасалды. Бұл білім шаңырағы туралы мына жайтты да айта кеткіміз кеп отыр. Елімізде PISA Халықаралық сарапшылардың зерттеулерінен кейін кітап оқымайтын ұрпақ қалыптасып келе жатыр деп дабыл қағылғанына да көп бола қойған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде кітап оқу сауаттылығына қатысты.

– PISA зерттеулерінің қорытындысы бойынша, еліміздегі 16 жас пен 55 жасқа дейінгі азаматтардың оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке қарай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл – бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе, – деген пайымды пікірін жеткізген болатын. Маңызды мәселе көтерілгеннен кейін біз осы мектептегі жоғары сынып оқушыларының арасында сауалнама жүргіздік. Оқушылардың кітап оқу деңгейінің көрсеткіші анықталды.

Жасөспірімдердің кітап оқу, жалпы тіл мәдениеті деңгейінің  қандай екенін саралау мақсатындағы сауалнама нәтижесі жаман болған жоқ. Шәкірттердің кітап оқуына, танымын кеңейтуге мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, білім мен тәрбиені ұштастыра безендірілген қабырғалардағы бай ақпараттық, танымдық дереккөздер, Абай залы, Мұқағали мұражайы, кітапханадағы төрт мыңнан астам кітап қоры септігін тигізгені анық деуге болады.

Сөйтіп дәстүрлі оқытуда жемісін берген, оқушы қиялын дамытудың бірден бір жолы – көркем әдебиет оқу болса, білім мекемесінің бұл істің де қиюын тапқандығын байқадық. Биыл білім беру мекемесі ашылғанына отыз жыл толған мерейтойын және атын иеленіп отырған ақынның құрметіне орайластырылған рухани ізгі шараның ұйымшылдықпен жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айрықша атап айтқан абзал. Сонымен, сайдың тасындай іріктелген мамандар, жоғары білімін алысымен ұшқан ұяларына қайта оралып ұстаздық етіп жүрген түлектер, көздері жанып тұрған білімге, өнерге құштар шәкірттерді көріп тәнті болып қайттық.

Қазір жылдам өзгерістерге толы тың технологиялар заманы. Уақыт үдерісіне сай ұдайы алға ұмтылып, ізденіс пен бірлікті ту етіп ұстаған ұлағатты ұстаздар ұжымының биік мақсатты көздеген іргелі істеріне толағай табыс тіледік!

Алтынай Оразбекқызы ТЫМБОЛОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий