Жемқорлыққа жол жоқ

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен мегаполистегі білім басқармасының ортақ мақсаттағы әріптестігі шеңберінде cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша арнайы басқосу ұйымдастырылып, мемлекеттік маңызы бар мәселені жергілікті аймақта оңтайлы реттеуге байланысты жүргізілген жұмыстарға қоса алдағы жоспарлар жайы талқыланды, – деп хабарлайды осы шараны үйлестірушілердің баспасөз қызметі.

Отырысқа білім саласының бастауыш кәсіподақ мүшелері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қала бойынша департамент өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Жиында білім беру саласында кездесетін  жемқорлық факторлары жайында сөз болып, құқық бұзушылықтың салдарынан орын алған жағдайларды жою жолдары ұсынылды.

Жиі кездесетін келеңсіздіктер – қаржыны орынды пайдаланбау, оқу сағатының дұрыс бөлінбеуі, қызметкерлерді қағаз күйінде жұмысқа қабылдау. Мемлекеттік сатып алуда да кемшіліктер бар. Әлеуметтік топтағы оқушыларды тегін тамақтандыру, бөбектерді мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру да өзекті мәселелердің қатарында.

Қалада ең көп қызметкері бар кәсіподақ ұйымы білім саласында. Құрамға қабылданған мүшелерінің саны 20 мыңнан асады. Пандемия кезінде кәсіподақтың жарнасын мектептерге салынған әкімшілік айып пұлдарына жұмсағаны анықталды. Кәсіподақ мүшелерінен жиналған заңды ақшаны басқа мақсатта пайдалануға ешкімнің құқығы жоқтығы ресми түрде арнайы бекітілген құжаттарда нақты жазылған, – деді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, қалалық қоғамдық кеңес жанынан құрылған cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Бауыржан Әлтеев.

Жиналғандар алдында қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баяндама жасап, жергілікті білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл жасау бағытында атқарылған шаралармен қатар алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстардың барысына тоқталды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий