Ертіс – Баян өңірінің қаламгерлері павлодарлық зияткерлермен жүздесті

Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жергілікті ақындармен кездесу кеші болып өтті. «Замандастар жырлары» жобасының аясында ұйымдастырылған әдеби шараның мақсаты – қазақ тілінің қолданысын кеңейту, жергілікті ақындардың өмірі мен шығармашылығымен танысу, зерттеу, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен әдебиет өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Кеш қонақтары,  Ертіс-Баян өңірінің ақындары – ақын, публицист, Павлодар облысының билер алқасының төрағасы, «Өмір өрнектері», «Шыңға шыққан шынар», «Бұйырған бақыт баянды» әдеби кітаптарының авторы Қайырбек Бисембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Арман Қани және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабділәшім болды.

Әдеби кеш  ақындардың өлеңдерінен дайындалған әдеби-музыкалық монтаждан басталды. Оқушылар ақындардың туған жер туралы өлеңдерін тебірене оқыды. Әрі қарай «Көрерменнен сұрақ» айдары бойынша оқушылар ақындарға сұрақтарын қойып, қызықты да мағыналы жауаптар алды.

– Оқушылардың мәнді, мағыналы сұрақтарды қоя білуі, алдын-ала ізденуі – шығармашылық иелерінің беделін арттырып жіберді. Әдеби кеш жоғары деңгейде өтті. Соны көріп, қуанып отырмыз. Керемет кештің  төрінде отыру – үлкен мақтаныш. Шығармашыл ақындардың сөзіне құлақ қойып, көз тастап отырған жастарға ой сала алсақ, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Оқушылар өз өмірлеріне қажетті әсерлерін ала алса, осы кештің ұйымдастырушылары мақсатына жетті, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабділәшім.

Халықаралық кітап күніне арналған шарада ақындар өздеріне ұнаған сұрақтың иелеріне қолтаңбаларын қалдырып, кітаптарын тарту етті. Ақын, публицист Қайырбек Бисембаевтың айтуынша, оқушылардың заманауи технологиялармен қатар, кітаптан қол үзбеу керектігін алға тартты. Себебі, кітап деген киелі ұғым. Қайырбек Жақияүлы өзінің батасын беріп, сәттілік тіледі.⠀

– Бүгінге кеште өрбіген салиқалы,  мағыналы әңгіме менің мектептегі кезімді есіме түсірді. Жастардың ақын аталарының өсиет, ұлағат естіп, оны бойына сіңіруі – үлкен тәрбие береді. Сондықтан, балаларға айтарым кітап оқу арқылы ой-өрісіңді дамытып, көкіректеріңді кеңейте беріңдер. Бүгінгі дәуір технология, гаджеттердің дамып тұрған кезеңі. Жаңа ғасырдың жетістігі көп болғанымен, білімді өскелең ұрпақты рухани әлсіретпеу керек, – деді ақын Қайырбек Бисембаев.

Оқушылар қонақтарға алғыс ретінде күй тартып, кештің көркін қыздыра түсті. Келесі кезекте «Сыр сандық» айдары бойынша оқушылар ақындардың шығармашылығы бойынша берілген қызықты сұрақтарға жауап берді. Кеш соңында ақындар өздерінің өлеңдерін оқып, кешке қатысушыларға тілектерін айтты.

Мектеп директоры Жумабаев Ринат Нұрланұлы ақындарға рахметін айтып, оқушылардың өз қолымен дайындаған естелік сыйлықтарын табыс етті. Оқушылар мен мұғалімдер ақындармен естелік суретке түсіп, алдағы уақытта шығармашылық байланысты үзбей, мектебімізге жиі келіп тұруға шақырды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий