Қызылордалық зияткерлер аймақтағы ақын – жазушылармен кездесті

«Ұлы дала ақындары» және «Замандастар жырлары» жобалары аясында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Даналық бейсенбі» алаңында Сыр өңірінің ақын-жазушыларымен кездесу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Кездесуге қазақ балалар әдебиетінің өкілдері, поэзия әлемінде өзіндік орны бар қаламгерлер Рахат Наурызбаева, Қуат Адис, Тілеген Бекарыстанов, Толқын Қабылша, Ержеңіс Әбдиев және Мақсат Дауылбай қатысып, зияткер оқушылармен өмірлік тәжірибелерінен өнегелі әңгіме өрбітті. Шығармашылық жолын қалай бастағанын, алғашқы еңбектері мен жетістіктері туралы ой бөлісті.

Тағылымы мол шарада тыңдаушылар келген қонақтарға өз сауалдарын жолдап, қиындықты жеңу және нәтижеге жету үшін мақсат қою бағытында сұрақтарына жауап алды. Қазақ әдебиеті күні аясында сыр саңлақтары Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын жобаларымен танысты. Кітапханада оқушылармен және ата-аналармен жүргізілген іс-шараларда қатысушылар оқыған шығармалары мен кітаптарына талдау жасап, ой бөлісті.

Бірінші топ Рахат Наурызбаеваның «Достық» әңгімесі бойынша құндылықтар кітапшасын әзірлеп, онда қамқорлық, мейірімділік, өзара түсіністік, сыйластық, сүйіспеншілік сияқты маңызды отбасылық құндылықтарды аша түсті. Екінші топ мүшелері ұсынылған өлең шумақтарын сәйкестендіріп, тұтас шығарма құрастырып, авторын анықтаса, үшінші үстелде оқушылар әдеби тосап дайындады. Берілген қиындылардан шығарма жинап, авторлары мен тақырыбын тапты.

«Дөңгелек айналымында» қатысушылар жұмбақтарды шешіп, ақын-жазушылардың еңбектері бойынша білімдерін ортаға салды. – Қазір ақпараттық технологиялар дамыған заманда жас ұрпақты кітап оқуға бұру маңызды. Бүгін іргелі білім ордасында өткен шарадан үлкен әсер алдым. Оқушыларды кітап оқуға баулу үшін көптеген заманауи әдіс-тәсілдер қолданылатынын көрдім. Сонымен қатар ата-аналар да кітап оқуға жұмылдырылып бірлескен жұмыстарды көріп, тәнті болдық. Қазақ әдебиетіне деген көзқарастары ерекше екенін байқадық. Алдағы уақытта осындай шаралар өз жалғасын таба берсін, — деп өз әсерімен бөлісті «Дәрумендер дауасы» кітабының авторы Қуат Адис.

Аталмыш жазушылардың шығармалары бойынша ұйымдастырылған иллюстрациялар көрмесі мен Bloom ball шарлары қонақтарды ерекше әсерге бөледі. Барлық әдебиет өкілдеріне «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның мерейтойлық кітаптары табыс етілді. Өз кезегінде жергілікті ақын-жазушылар мектеп кітапханасына туындыларын тарту етті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий