Президентпен кездескен үздік теннисші қыз

Мемлекет басшысы Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар нысандармен жаңа үстел тенисі орталығын аралап көргені мәлім. Сол жерде ҚР ҰҚК Шекара академиясының офицері, біздің әріптесіміз 5-арнайы кафедраның аға оқытушысы майор Әділжан Әділгереевтің қызы Айназ Әділгереева ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты наурыз айының 22-і Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, үстел тенисінен чемпион болатандығы жөнінде уәде етті.

Содан соң Президент болашақ чемпионның алдағы дайындығына сәттілік тілеп, Айназдың теннис ракеткасына қолтаңбасын қойды. Сонымен қатар,онымен теннис ойнап, шеберлік сағатын танытты. Айта кету керек, қазір елде 200 мың қазақстандық үстел тенисімен шұғылданады деген статистика бар. Бұл аз ба, көп пе, бірақ соңғы уақытта теннис трендке айналды.

Айтпақшы, дәл осы Алматыда оқып жүргенде Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл спорт түрінен спорт шеберлігіне үміткер атанған болатын. Айназ Әділгереева 2010 жылы спортшылар арасында үстел тенисінен жеке және жұп ойындары бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы, аралас жұп бойынша қола жүлдегері және топтық сайыстың да қола жүлдегері атанған екен.

2008 жылы спортшылар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жұп сайысының күміс жүлдесін алған. Ол №22 мектеп-гимназиясының 6 сыныбының үздік оқушысы. 2021 жылдың спорттағы қорытындысы бойынша кішкентай кейіпкеріміз Қазақстан Республикасының жасөспірімдер құрамасының сапында жаттығып келеді.

Үздік теннисші бізбен әңгімелесу барысында, ең алдымен осы уақыттағы спорттағы жеткен жетістіктері үшін бапкерлері Айман Сатқымбайқызына, Дмитрий Анатольевичке, Елена Владимировнаға, Алексей Анатольевичке, Асылан ағай мен Медина және Аружан апайларына шексіз алғыс білдіретіндігін айрықша атап айтқан еді. Сонымен қатар алға қойған мақсатына жету жолында ұдайы қолдау көрсетіп, жан-жақты демеген ата-әжелері мен әке-шешелеріне қоса ағайын туым нағашылары және достарына үлкен рахметін жеткізді.  

Теннис ойнауды тоғыз жасынан бастаған ол спортқа кеш келгеніне қынжылады. Әйтсе де, айналдырған бір-екі жылдың ішінде үздіксіз жаттығудың арқасында өзі қатарлас құрбыларын қуып жетіп, ел чемпионы атанғаны белгілі. Сол кезде спортпен шұғылдану үшін ең алдымен жігерлі ұмтылыс пен тынымсыз еңбек қажеттілігін терең түйсінген еді.

Спортты жанына серік еткен жас тенисші, сабақтан тыс уақытта спорттан бөлек Қобыланды және Алпамыс батыр жырларын және халқымыздың ертегілерімен салт-дәстүрге байланысты әдеби кітаптарын оқуды дәстүрге айналдырған. Перзенттерінің бойына ұлтжандылықты дарытуда сыйлы әріптесіміз Әділжан Бауыржанұлының қосқан үлесі мол.

Оның айтуынша, халық ауыз әдебиеті бойынша қалың көпшілікке кеңінен тараған таңдауылы туындыларды оқып, қазақтың салт-дәстүрін жетік білген баланың дүниетанымы кеңейіп, алмайтын қамалы жоқ көрінеді. Бұл отбасында біз әңгімелеп отырған чемпион қыздан басқа Лилия, Үміт, Хауа деген сұлу қыздар бойжетіп келеді. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді демекші, кім біледі бұл бұрымдылардың да алдарындағы үлкен әкпесі сияқты жеңімпаз үздіктердің қатарынан көрінбеуіне.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді ғой. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта арнайы Жарлықпен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын. ҚР ҰҚК Шекара академиясында ұйымдастырылып ең таңдаулы әскери қызметшілердің отбасылары осы дүбірлі додада бақтарын сынап, түрлі өнерлерін ортаға салғаны бар.

Жүлделі жарыстың қорытынды кезеңінде әріптесіміздің отбасы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып әділқазылар алқасының шешімімен гран-приді ұтып алған еді. Өз кезегінде шекарашы офицер де қарап жүрмей «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының 15 жылдығына орай, жалпы ұстаздар арасындағы үстел теннисінен ұйымдастырылған республикалық  турнирде, ерлер арасында бірінші орынға қол жеткізіп, арнайы диплом және «Үздік спортшы» төсбелгісімен марапатталды.

Иә, ұғымтал ұл, қылықты қыз, чемпион спортшыны тәрбиелеп отырған Әділгереевтер әулетінің алар асу әлі алда. Олай болса, әріптесімізге алтын асықтай перзенттеріңнің қызығын көр демекпіз!

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының
баспасөз хатшысы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий