Медициналық орта буын мамандарын дайындаудың маңызы

“Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет”, – деген екен шығыстың жарық жұлдызы атанған қазақтың ғалымы Шоқан Уәлиханов. Қазіргі уақытта колледж – заманауи еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандар даярлайтын көп салалы оқу орны болып табылады. Медициналық-техникалық колледж медицина саласының орта буын мамандарын, яғни стоматология саласында дантистер мен тіс техниктерін, медициналық оптиктер, фармация, медициналық техниканы орнату, жөндеу және техникалық қызмет көрсету саласының мамандарын даярлайды.

Бүгінгі таңда колледжімізде 800-ге жуық студент білім алады, оқу үрдісін жоғары дәрежелі білікті ұстаздар мен мамандар жүргізеді. Түлектеріміз денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлестерін қосып, еліміздің түкпір- түкпірінде халыққа қызмет көрсетуде. Колледжде жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқытудың тиімділігін арттыру, оқытушылардың педагогикалық шеберлігін шыңдау, заман талабына сай кәсіби құзыретті мамандарды даярлау жүйесін жетілдіруге аса зор мән беріле отырып, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Колледждің жылдық жоспары бойынша түрлі шаралар, байқаулар, семинарлар ұйымдастырылып отырады.

Денсаулық сақтау жүйесінде орта буын қызметкерлерінің науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтіндігі әркімге де белгілі. Медициналық білім беруді ұйымдастырудың ең бір ерекшелігі – бұл жұмысты тек қағаз-қаламмен іске асыра алмайсыз. Студентті маман етіп шығару үшін материалдық-техникалық база мен арнайы құрал-жабдықтар қажет. Бұл білім беру теориясын практикалық жұмыспен ұштастыра жүргізуді қамтамасыз етеді.

Мамандардың білім сапасы мен кәсіптік шеберліктерін көтерудің бірден-бір шарты кәсіптік тәжірибені дұрыс ұйымдастыру мен өткізу болып табылады. Кәсіптік тәжірибені дұрыс ұйымдастыруда әлеуметтік серіктестің маңызы зор. Колледж ұжымы әлеуметтік-серіктес мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отырады. Жергілікті медициналық ұйымдар клиникаларымен келісім шарттар жасалып, оқу жылы барысында студенттер оқу-өндірістік және кәсіптік тәжірибелерден өтіп отырады.

Колледжде заман талабына сай кәсіби құзыретті маман даярлау талаптарын ескере отырып, дуальды оқыту жүйесі де енгізілген. Бүгінгі таңда медицина саласының орта буын мамандарының рөлі, қызметі мен оны ұйымдастыру формалары денсаулық сақтау саласы алдында тұрған жаңа міндеттерге сәйкес жаңартылып отырады. Осының бәрі колледждің педагогикалық ұжымынан оқу-бағдарламалық құжаттарды қайта қарауды, кабинеттер мен лабораторияларды заманауи медициналық жабдықтармен, жаттығу құрылғыларымен, манекендермен қамтамасыз етуді талап етеді.

Ал, бұл үрдіс әрине, колледждің педагогикалық ұжымының алдына – оқыту-тәрбиелеу ісін ақпараттандыруды, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізуді де талап етеді. Осы орайда, ағымдағы жылдың қаңтар айында Білім басқармасының Білім беруді жаңғырту орталығымен бірлесе отырып, «Медициналық білім беруде заманауи педагогикалық технологиялар» тақырыбында қалалық семинар өткіздік. Семинардың негізгі мақсаты оқытушыларымыздың өз әріптестерімен тәжірибе алмасуы болып табылды.

Семинарда көтерілген негізгі мәселелер педагогикалық технологиялар мен педагогикалық әдістер өзге медициналық ұйымдардағы педагогтермен ортаға салынып, талқыланды және өз мәресіне жетті деуге болады. Себебі, аталған семинар қарапайым болғанымен, аса өзекті мәселелер өз шешімін тапты деп айта аламыз. Колледжде медицина студенттерін қоғамның толық және лайықты мүшесі ретінде дайындауда өмірлік құндылықтар мен дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз.

Студенттердің ғылыми қабілеттерін ұштауға үлкен көңіл бөлініп, жыл сайын ғылым, өнер, мәдениет және өлкетану тақырыптарында зерттеу жобалары мен байқаулар өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, студенттеріміздің бойында патриоттық тәрбиені арттыруға белсенді жұмыстар атқарылуда. Облыстық өлкетану әдебиеті мен қала мұражайларында өткізілетін экскурсия-сабақтар студенттердің туған өлкелерін, еліміздің бас қаласы астанамызды жақыннан тануларына, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін оятуға өз септігін тигізеді.

Жастардың патриоттық белсенділіктерін дамытуда Тәуелсіздік күні, Мемлекеттік рәміздер деген құндылықтарға құрметпен және қастерлеп қарауға арналған шаралар, конкурстар мен шығармашылық жұмыстарды ұйымдастырудың маңызы зор. Халық Тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі. Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендік өнерді студент бойына сіңіре отырып, ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру мақсатындағы шаралар кең түрде өткізіледі.

Қазағымыздың салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында өткізілетін «Наурыз-Думан» дәстүрлі мерекеміз де аталып өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екендігі атап өтілген болатын. Осы орайда, колледжде негізгі міндеттеріміздің бірі жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулығын сақтау.

Осы бағытта «Денсаулық күні» шарасына байланысты футбол, волейбол, баскетбол сияқты жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады. Медициналық техникалық колледжінің медицина саласының орта буын қызметкерлерін даярлау ісіне қосуда атаулы үлесі бар екендігіне сеніміміз мол. 

Айгуль КЕНБАЕВА,
медициналық – техникалық колледждің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий