Ясауи университетінің отыз жылдығына арналған 30 жоба таныстырылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған 30 жобаның таныстырылымы өтті. Іс-шара журналистика мектептері студенттерінің пәндік олимпиадасы аясында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, 30 жобаның серіктес мекемелері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының өкілдері, қала тұрғындары, университет ұжымы мен студенттер қатысты.

Жиынның алғашқы сөз тізгіні университет ректоры Жанар Темірбековаға берілді. Ректор оқу орнымыздың қуанышына ортақтасып келген әрбір жанға шексіз ризашылығын білдірді. Одан әрі 30 жобаның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды.

– Университеттің негізгі миссиялары – білім беру және ғылым-инновацияны дамыту. Бірақ тағы бір маңызды миссия бар – қоғамға пайдалы болу. Бүгін сіздерге таныстырғалы отырған 30 жоба осы идея негізінде пайда болған. Сан саланы қамтитын бұл жобалардың мақсаты: университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетті арттыру және облыс пен қала халқының кәсіби біліктілігін арттыру, – деді ректор.

Бұдан әрі сахнаға ректор өкілі Женгиз Томар мен вице-ректорлар кезек-кезек шығып, әр жобаны жеке таныстырды. Олар жоба туралы идея қайдан шыққаны, қанша қаражат кеткені, қандай серіктестермен жұмыс жасалғаны туралы толық әрі ашық ақпарат берді. 

Маңызды отыз жаңа жоба құрамында  «Ана жұрттан ата жұртқа –  денсаулық көпірі», «Ана жұрттан ата жұртқа – білім көпірі: 100 оқулық», «Ана жұрттан ата жұртқа – «Алтын білезік» кәсіби білім курстары» және Теология факультетін ашу, «Ясауи көктемгі мектебі» жобасы, «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы», университеттің 300 студентінің Түркия Республикаcына жазғы мектепке жіберілуі, 100 студенттің Түркияда туризм саласы бойынша тағылымдамадан өтуі сынды және тағы басқа да маңызды жобалар бар. Қазіргі таңда бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий