Ыбырай Алтынсарин шығармаларын жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде оқыту

Бүгінгі білім алып отырған шәкірт – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан олардың бойына ұлттық құндылықтар негізінде: қазақи болмыс, ұлттық код, рухани байлық, қазақи таным, салт-сананы сіңірту аса маңызды.  Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, өзім дәріс беретін колледж студенттеріне «Ыбырай Алтынсарин шығармаларын» оқыта отырып, олардың ертеңгі өміріне ықпал ететіндей мағыналы сабақ өтуді мақсат етіп қойдым.

Білім алушылармен бірге Ыбырай Алтынсарин шығармаларынан  балалардың бойына адамгершілік пен еңбекқорлықты, білім алуға деген ынта мен қызығушылықты, досқа адалдық, ата-анаға құрмет, кішіге ізет, қоршаған қоғамға жақсылығыңмен көмектесуді насихаттайтын шағын әңгімелер топтамасын талдауды жөн көрдім. Бұл, балалар әдебиетінде қаралатын, қабылдауға өте жеңіл әңгімелер болғанымен, оның астарына үңіле отырып, баланы тәрбиелеуге бағдар етіп алатын тұстарын кеңінен талдадық.

Сабақ дөңгелек үстелдегі ашық пікір алысу мен тәжірибе бөлісу ретінде өтілді. «Бұл шығармалар жасөспірімдерге не бере алады?, Қандай танымдық, ұлттық құндылығы бар?» деген нақты сұрақ аясында жауаптар іздедік. Білім алушылар әрбір шағын әңгімеге ойлана отырып, мән беріп, оны ертеңгі күні өзі қызмет еткенінде алдындағы оқушыға «қалай оқыту керек?» деген сауалына да жауап ала алды. Жалпы, Ыбырай шығармалары, адамның бойында кездесетін қасиеттерге тоқталып, тұлғалық дамуға бағдар беріп, жақсылыққа үндеп, оқырманға оқумен табылатын бақыт мәңгілік тұрақтайтынын астарлайды.

Мысалы, Ыбырай Алтынсариннің «Үнді» деп аталатын әңгімесін талдағанда студенттердің барлығы бір ауыздан үнді кісінің логикалық ойлау қабілеті керемет дамығандығы мен байқампаздығы үлгі бола алады деген қорытынды жасады. Және сол қасиеттер адамның өмірде қателеспеуіне, тез шешім қабылдап, мәселені дұрыс шешуге белгілі бір деңгейде әсер ете алатынына көз жеткізді. Сонда бұл шығарманы білім алушылар талдағанда, әрбір істің ақ-қарасын ақылдылықпен сараптағанда ғана дұрыс шешім шығады деген қорытынды ой түйіп, келешек өздерінің шәкірттеріне логикалық тұжырымды да қолдану маңыздылығын түсіндіре алатындай талдау сабағы болды.

Сондай-ақ «Тәкаппарлық» деп аталатын шығармасын қарастырдық. Біздің қазақи таным мен салт-санада кішіпейілділік, үлкенге құрмет, қандай жағдай болмасын өз мәдениетіңнен айырылмауды берік ұстанады. Ыбырай шығармасы да сол негізде. Басты еңкейтуден қорықпау керек, ол адамның ұлылығын көрсетеді. Осы тектес, «Бидайдың бастары» деген әңгімесін де сараптап көрдік. Берер тәлімі – бір. Ішкі мәдениеті жоғары, білімі кемелденген, оң-солына жоғары деңгейде қарай алатын, саналы адам ешқашан басын жоғары көтермейді, жаман қылыққа бет бұрмайды.

«Ол сол даралығымен, қарапайымдылықпен өмір сүреді» деп тұжырымдадық. Соңында студенттерім, бұл екі әңгіменің түйіні, қазақ мақалы: «Ұлық болсаң кішік бол» деген мақалмен астасып жатыр деген пікір айтты. Және ол бұл шығарманың тобықтай түйіні де еді. Сондай ақ, «Білгеннің пайдасы» және «Асан мен Үсен» әңгімесін бірге қарастырдық. Бұл екі шығарма жасөспірімдерге қандай өнер болмасын, мүмкіндік болса шеберлікті үйренген дұрыс деген ой тастады. Және бір-біріне сұрақ қою арқылы, әкесінен, белгілі бір өнер үйретушілерден үйренген қандай өнерлері бар екенін ортаға салды.

Ұлттық салт-дәстүрімізге сай келетін ұлттық кодымызды нақтылай көрсететін, пайдалы дүниелермен айналысып жүрген студенттерге ерекше тоқталып, басқа тыңдаушы топтың да қызығушылығы артып, келешекте өнер үйренуге деген ынтасы оянды. Одан кейін осы екі шығарманы өздерін мұғалім ретінде сезініп, оқушыға үйретерде қандай тәсіл өтімді екенін сарапқа салдық. Ашық пікір мен бір-біріне берілген астарлы сұрақтары арқылы білімді қабылдау үдерісі күшейе түсті.

Қорыта айтқанда, бойларында қазақтың қаны бар жастарды, ойларына қазақтың құндылығын сіңірту, біз бен сізге артылған міндет. Себебі, бүгінгі студент – ертеңгі маман. Сондықтан, олардың ойларымен санасып, сұрақтарына бірге жауап іздеп, әрбір жағдаятты бірлесе отырып талқылып, сол арқылы  өзінің мамандығына деген қызығушылығын арттырып, әрбір дүниенің астарына үңіліп көру керек деген тұжырым жасадым.

Бірге талқылау, пікір алысу, ойын жеткізу, тәжірибемен бөлісу – бұл, осы сабақтың үлкен жемісі болды. Студенттер тек бүгінмен ғана емес, келешегіне де көз жүгіртіп, өздерінің де шәкірт алдындағы жауаптылығын сезініп, ұлттық болмыс пен танымдық сипаттың негізгі мәнін толық ашты. Ермек үшін жазылмаған шығарманы, ертеңі үшін азық қылған саналы студеттеріммен бірге талқылау мақсат болды және ол өз нәтижесін бере алды.    

Айжұлдыз Сүлейменқызы БАТЫРХАНОВА,
«Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы
гуманитарлық колледжінің гуманитарлық
пәндер оқытушысы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий