Отан қорғау – нағыз ердің ісі

Қазіргі таңда жастарды әскери қызметке даярлаумен шұғылданатын мекемелер мен жауапты тұлғалар, болашақ сарбаздарды Қазақстан Республикасының әскери бөлімдерінде табысты қызмет етуге даярлауға аса жауапкершілікпен қарауда. Еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету  – бүкілхалықтық іс  және ол үшін жастардың бойында өз еліне деген патриоттық сезім, Отанына деген сүйіспеншілік, еліміздің қауіпсіздігі мен қарқынды дамуына деген жауапкершілікті сезіну секілді қасиеттерді қалыптастыра білу жауапты да маңызды іс-шаралардың бірі болмақ.

Болашақ сарбаздарды еліміздің Қарулы Күштерінде өздерінің азаматтық борышын өтеуге дайындауда мектеп ұжымының атқаратын рөлі ұшан теңіз. Бұл тұрғыда  саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнаған білікті маман, запастағы подполковник Құсайынов Сатывалдының жауапты қызметін тілге тиек етсек артық болмас. Шәкіртсіз ұстаз тұл демекші, шәкірттері биік белестерді  бағындырып, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, ұстаз үшін одан артық қандай бақыт керек.

Осы мақсатта тынбай еңбек етіп, өзіне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқарып жүрген Сатывалды Тоқтарбайұлы қызмет барысында талай шәкірт тәрбиеледі. Солардың бірі – ҚР ҰҚК Шекара академиясы, 3-оқу дивизионының курсанты Задери Дэвид Романович. Алматы қаласындағы №5 мектепте сабақ беріп жүрген білікті маман, сол жерде жүріп 10-сынып оқушысы Дэвид Задериді бірнеше рет әскери-патриоттық клубтарға және әскери жоғары оқу орындарында ұйымдастырған шараларға апарып, оның әскери салаға деген қызығушылығын арттырған.

Кейіннен мектепті ойдағыдай аяқтаған Дэвид Романович көп ойланбастан ҚР ҰҚК Шекара академиясына оқуға тапсырған. Бүгінде, оқушысын мақтан тұтқан мектеп ұжымы, шекарашы курсанттың суретін құрмет тақтасына іліпті. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай ол бүгінде Бостандық ауданына қарасты Ерменсай ықшам ауданында NGS Жаңа Ұрпақ мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі болып абыройлы қызмет етіп жүр.

Білікті де кәсіби маман осы білім ордасының 10-сынып оқушыларын Шекара академиясының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Шара барысында оқушылар академияның арнайы тактикалық факультетіне қарасты жалпы әскери пәндер және атыс дайындығы кафедраларын аралады. Онда тәжірибелі шекарашы, білікті офицерлер оқушыларға дәріс оқып, кафедраның шығу тарихына қатысты деректі фильм көрсетті.

Әсіресе, атыс дайындығы кафедрасында оқушылар белсенділік танытты. Мұнда шекарашы офицерлер АК-74 автоматы мен Макаров тапаншасын белгіленген нормативтер бойынша шашып, қайта жинады. Ең қызығы, жаңағы бұзып жинаған кәнігі автомат пен тапаншаның электронды нұсқасынан нысана көздеген оқушылар өздерінің мергендіктерін сынап, нысанаға дәл тигізуге тырысты. Содан кейін 3-оқу дивизионына кіріп, курсанттардың казармасын аралап көрді.

Сол сәтте курсант Задери Дэвид Романович оқушылар арасындағы ұстазын көріп, оны бас сала құшақтап, қуаныштан көзіне жас алды. Өз кезегінде шәкіртін оқушыларға мақтана таныстырған ұлағатты ұстаз мемлекетіміздің қауіпсіздігін қырағылықпен күзететін жауапты қызметіне сәттілік тіледі. Оның айтуынша, жалпы білім беру мекемелеріндегі «Алғашқы әскери дайындық» пәні мен патриоттық тәрбие жұмыстарының маңызы жыл сайын артып келеді.

Жастарды әскери қызметке даярлауда алғашқы әскери дайындықтың бөлімдері негізгі рөл атқарады. Осы пәнді оқыту барысында, оқушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдылары шыңдалып, әскери-патриоттық жарыстарға қатысу арқылы әскери қызметке деген қызығушылығы арта түседі. Оның үстіне, әскери жоғары оқу орындарына жиі-жиі  барып, тығыз қарым-қатынас орнатқанның арқасында алдағы өмірін әскери саламен байланыстырғысы келетін оқушылардың қатары жылдан-жылға артып келеді екен.

Мың рет естігенше, бір рет көрген артық демекші, осындай шаралар барысында жастар мен жасөспірімдердің әскери өмірге деген қызығушылығы оянатыны анық. Сондықтан болуы керек, Сатывалды Тоқтарбайұлы оқушыларды тәжірибелік сабақтарға араластырғанды үрдіске айналдырған. Осындай игі іс-шаралардың арқасында шекарашы мамандығын таңдап, ұлтына адал қызмет ететін перзенттердің көбейетіні даусыз.

Иә, расында, желкілдеп өсіп келе жатқан жастарсыз ел болашағын көз алдыңа елестету мүмкін емес. Әскери қатал тәртіпті, адалдықты, жолдастық сезімді осындай іс-шаралардан бойына сіңіріп өскен ұрпақ өмірлік жолында қандай да болсын қиындықтарды оңай еңсереді. Олай болса, Отан қорғау – нағыз ер азаматтың ісі! Отанға қызмет – абыройлы міндет!

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының
баспасөз хатшысы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий