Инклюзивті білім: Ерекше балаларды ерекше қолдау

Инклюзивті білім беру – барлық баланы, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеу. Яғни, оқушының білім алуындағы әртүрлі қажеттіліктері мен алуан түрлілігін есепке ала отырып, жалпы сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған білім, – деп хабарлайды Қызылорда облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Осы негізде аталмыш саланы дамыту мақсатында Жаңақорған ауданында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген Жаңақорған ауданындағы пресс-тур аясында БАҚ өкілдері М.Қаратаев атындағы №51орта мектебінің базасындағы инклюзивті ресурстық орталық қызметінің жұмысымен танысты.

2021 жылдың қазан айында ашылған инклюзивті ресурстық орталықта 4 арнайы логопед, дефектолог, олегофрен және психолог мамандары қызмет етеді. Бүгінде мектеп оқушыларына мамандар бұл тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ерекше білімді қажет ететін 26 оқушыға арнайы тәсілдерді қолдану арқылы жұмыс жүргізуде. Инклюзивті ресурстық орталық соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған.

Сондай-ақ, кабинет балалардың қоғамға тезірек бейімделуіне көмектесетін басқа да құрылғылармен жабдықталған. Онда ерекше балалар қабілеттеріне қарай түрлі еңбек дағдыларына машықтанады. Заманауи әдістердің арқасында есту мен көру, тірек-қимыл аппараты функциялары мен эмоционалдық, мінез-құлық және коммуникативтік жағынан диагноздары бар балалар қолдың ұсақ моторикасын, сөйлеу терапиясын дамытуға арналған тренажерлерді пайдалана алады.

Мұнда жеткіншектердің арт-терапиямен де айналысуға мүмкіндігі бар. Мектеп басшысы Жеңіс Ибрагимовтың айтуынша, сатып алынған жабдықтардың арқасында балалар өздерінің тәлімгерлерімен бірге танымдық процестерді, есте сақтауды, зейінді, ойлауды, қиялды, дикцияны, сөйлеуді дамыта алады. Орталық мамандары үшін семинарлар өткізіліп, тәжірибе алмасу мақсатында басқа өңірлерлегі арнайы мамандармен оқыту жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінде орталықта 26 тәрбиеленуші бар. Айта кетейік, Жаңақорған ауданы бойынша 612 ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Олардың ішінде 104 бала мектепте оқыса, 63 бала арнайы психикалық дамуы тежелген сыныпта, 155 бала үйден оқытылуда. Мектепке дейінгі білім беру мекемесіне қамтылған бала саны 67-ні құраса, әлеуметтік қызметпен қамтылғаны 78, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне тартылғаны – 30 бала. Сондай-ақ, инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытында 38 мектеп арнайы маманмен қамтылған.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий