Ұлттық ядролық орталықпен байланыс нығая түседі

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары атбасын тіреді. Өзімен бірге ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк, радиациялық қауіпсіздік және экология институтының басшысы Асан Айдархановты ерте келген орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков білім ошағымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы ақпаратқа қанықты.

Мектебіміздің қамқоршылар кеңесінің мүшесі болып табылатын Эрлан Гадлетұлы сапар аясында шәкірттеріміздің түрлі тақырыптағы ғылыми жобаларымен танысты. Меймандар ғылыми жобалар көрмесін тамашалай жүріп, жас таланттардың алғашқы аяқ алыстарына таңданыстарын жасыра алмады. Әр жоба жайлы кеңірек ақпарат алып, мұқият назар аударған ғалымдар шәкірттеріміздің зерттеу жұмыстары жайлы өздерін қызықтарған сауалдарын қойды. Сонымен қатар ақыл-кеңестерін де берді.

– Қазір кейінгі буынның ғылымға деген көзқарасы бізді қуантады. Осы жеткіншектер ертеңгі біздің ізбасарларымыз боларына сенімдімін. Осы ретте жас зерттеушілерге дұрыс бағыт-бағдар беріп отырған ұстаздарға ықыласымды білдіргім келеді. Әр күніміз жаңалыққа толы бүгінгі қоғамда ғылымның алға басқанын дұрыс деп санаймын, – дейді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков.

Бүгінде біздің оқушылар экология, физика, фармацевтика, қолданбалы математика, ауылшаруашылығы сынды бірнеше салалар бойынша зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүр. Өз зерттеу нысандарында тиісті нәтижеге жету үшін жас зерттеушілер ұлттық ядролық орталық мамандарымен бірлесе жұмыс атқаруға мүдделі.

Семей қаласындағы физика-математика
бағытындағы 
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі, Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий