Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет

«Ұстаздық кәсіп» иесін көргенде, еріксіз есіме Бауыржан Момышұлының осы нақыл сөзі түседі. Бірақ заман талабына сай, «ұлы қызметін» өз деңгейінде атқару үшін кәсіп иесінің бойында қандай қасиеттер болу керек? Әрбір ұстаз, оқытушы, мұғалім, ең алдымен, «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан» деген Абай атамыздың мағыналы сөзіне сүйене отырып, бірінші кезекте адамгершілік белгілерінің басты шарттарын назарда ұстап, іскерлігі мен дағдыларының арқасында, баламен қарым-қатынас жасауда әдепті болуы шарт.

Тәрбиелеу процесінде баланың бойындағы жақсы қасиеттерді «мен айтқандай істе» тұрғысынан емес, «мен сияқты істе» тұрғысынан дамыту керектігіне әдістемелік нұсқау хатта басымдық берілген. Педагогтің мәдениеті мен шеберлігін анықтайтын сыртқы бейнесі мен келбеті, сөйлеу мәдениеті, мимикасы үнемі балаға үлгі ретінде болуы керек. Кез-келген педагог оны өз тәжірибесінде пайдалана отырып, баланы тәрбиелеуде «ең басты қағидат» ретінде санауы тиіс.

Еңбек жолын алғаш бастаған әрбір педагог жан-жақты «Ұстаз» деген атқа лайықты болуы үшін міндетті түрде өзі таңдаған мамандығының негізгі ұғымдарын біліп, педагогикалық әдеп қағидаттарын сақтап, жауапкершілік талаптарын тереңінен түсіне білуі шарт. Педагог тиісті нормативті құқықтық актілерді білумен қатар, қарапайым адамгершілік яғни, кәсіпке, қоғамға деген қарым-қатынас, тәртіпті болу, өзіне және балаларға сеніммен қарау, эмоционалдық байсалдылық, әдептілік, ұжымдағы әріптестермен жақсы қарым-қатынас орнату, әділ болу, балалардың бәрінің бірдей екендігін мойындау, өз мінез-құлықтарына баға беру, өзін-өзі сынау, үзбей жетілдіру қағидаттарын естен шығармау керек.

Яғни «педагог» ұғымының дәрежесін биікке көтеру үшін осы бағытта жұмыс жасағаны жөн. Кез-келген ортада, жұмыста болсын адамдармен, балалармен, ата-анамен қарым-қатынас жасау кезінде әдеп қағидаттарын ұстану керек. Әдеп қағидаттары адамның сөйлеу иекемділігінен, балалардың іс-әрекетін ұйымдастыра алатынынан, өзін-өзі ұстай алуынан, баланың мінез-құлқына баға берген кезде, мақтау, мадақтау кезінде байқалып отырады. Сондықтан да әдептілік – педагогтің мінез-құлқындағы ерекшелікке айналу керек.

Өйткені, педагогикалық әдеп – мұғалімге етене кәсіптік белгі, педагогикалық шеберлігі. Педагогикалық шеберлік дегеніміз – педагогтің өз пәнін, оқыту мен тәрбиелеудің озық әдіс-тәсілдерін жетік білуі, педагогтің өмірге деген көзқарасы мен педагогикалық әдебі. Ол үшін адамда, ең алдымен жоғары кәсіптік білімі, қабілеті мен біліктілігі болу керек. Осы қасиеттердің барлығы бойында жинақталған адам «нағыз педагог» бола алады.

Педагог бойында мейірімділік, балаларға деген шынайы махаббат, эмоционалдық байсалдылық, әділдік, балаларға деген зейін, қайырымдылық, сергектік, жігер болса, ол педагог әр баланың жүрегінен орын табатыны сөзсіз. Егер педагогтің бойында тәрбиеленушіні жеке тұлға ретінде қабылдамау, әділетсіздік, өзін-өзі ұстай білмеу, балаларға немқұрайлы қарау сияқты теріс қасиеттер болса, оны бала бірден сезеді. Және ол педагогтен өзін алыс ұстайды, жоламайды. Сондықтан да педагогикалық әдептің ең қажетті тұсы осы жерде көрінеді.

Ұстаздың адамгершілік қасиеттері қоғамдық құндылыққа айналады, онсыз мұғалімнің кәсіби қасиеттері мен икемділік құндылықтары жойылады. Зияткерлік және психологиялық қасиеттермен бірге жауапкершілік, абырой, әділеттілік, шынайылылық, ар-ұят, қарапайымдылық сияқты қасиеттер  педагогикалық беделдің негізгі құрауыштары болып табылады. Жалпы, педагог пен тәрбиеленушінің жеке әлеуметтік-психологиялық өзара қарым-қатынасындағы педагогикалық әдептің алатын орны: оның ішінде, педагогтің өз мінез-құлқын, сезімдерін басқара алуы, тәрбиеленушілердің ішкі жан дүниесін  түсіне білу және оны ескере білуі, «жүзіне қарап оқи алуы», балалармен байланыс жасай алу қасиеттері ерекше.

Ол үшін педагогке педагогикалық іс-әрекетте қарым-қатынас жасаудың барлық түрлерін қолдану керек. Саралап айтар болсақ, қарым-қатынас жасау арқылы шешетін мәселеңізді айқын және нақты тұжырымдап алыңыз, оның стратегиясы мен әдіс, жолдарын ойластырып алыңыз, баланың санасы мен мінез-құлқына ықпал ететін әдістерді таңдап алыңыз, тәрбиеленушілермен қарым-қатынаста тілдесуді «тік», жоғарыдан төменге қарай емес (педагог баладан биік), керісінше, «көлденең» (педагог пен бала бірдей) дәрежесінде ұйымдастырған жөн.

Тәрбиеленушілермен қарым-қатынастағы бастаманы өз қолыңызға алыңыз, есіңізде болсын, өзіндік бастама балалармен ынтымақтастықты жасауға Сізге көмектеседі. Тілдесу кезінде өзіңізді еркін ұстаңыз, ешқандай бөгеліп қалушылық, бейберекет қозғалыс, бос күлкі болмау керек. Кейбір балаларға деген  келеңсіз ойларыңызды, қарым-қатынасыңызды көрсетпеуге тырысыңыз, баламен қарым-қатынаста мақтауды, мадақтауды, қолдау көрсетуді, мақұлдауды қолданыңыз, балаларды, ести және тыңдай алу керек, жиі-жиі күліп жүріңіз, күлкі балалармен тілдесуге, қарым-қатынас жасауға көмектеседі.

Ескере кететін тағы бір жағдай, педагогикалық техника  туралы ұғым. Педагогикалық техника – педагогтің бойындағы тәрбиеленушілерге ықпал жасайтын икемділіктер кешені болғандықтан, оның да маңызы ерекше орын алады. Дұрыс және мәнерлі сөйлеу икемділігі, жест және мимиканы, пантомимиканы қолдана білу икемділігі, өзінің психикалық жағдайын сезімдерін, көңіл-күйін басқара алу икемділігі, өзін-өзі сырттай көре алу икемділігі (әлеуметтік перцепция), барлығы, педагогке керек дүние.

Егер кез келген педагог ынта-ықылас қойып, табандылық танытатын болса, өз бетімен көп еңбектенсе, идеялық жағынан сенімді, саяси жағынан есейген азамат болса, өз пәнін жақсы білсе, оқытудың әдістемесін меңгеріп, бала психологиясын жетік білсе, педагогикалық техниканы қалыптастыра алса, педагогикалық шеберлікке жету қасиеттеріне ие бола  отырып, педагогикалық кәсіпті меңгерсе, педагогикалық әдепті бойына сіңірсе, онда талантты, шебер  ұстаз бола алады.

Алмагул НУРКАБЫЛОВА,
№ 86 «Зияткер» балабақшасының
меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий